Аружан Саинды сынауға болмайтындай, ол құдай ма еді?
Әлеуметтік желіде Аружан Саинның қайырымдылық қоры дау астында қалды. Мұның себебі – оның қорында қызмет атқаратын адам 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына белсене қатысты. Алайда қазақ жастарымен бірге болған жоқ, керісінше оларды жаншып, сабағандардың қатарында болды. Осыған байланысты кәсіпкер Марат Толыбай Facebookтегі парақшасында пікір білдіріпті. Кәсіпкердің орыс тілінде жазылған пікірін қазақшаға аударып беруді жөн көрдік.
«Аружан Саинның қол астындағы қызметкері жайлы білген қазақстандықтар өре түрегелді, Саиннан ондай қызметкерді жұмыстан шығаруын талап етті. Алайда Аружан бұлай істеуге қарсы, себебі әлгі адам қор үшін әрі еліміздегі қамқорсыз балалар үшін көп жақсылық жасаған.
Бұған шамданған әлеуметтік желі белсенділері Аружан Саинның қорына қарсы күресуге көшті. Ал кейбір танымал блогерлер Аружан Саинды сынаушылардың өздерін сынап тастады. Айтуларынша, олар – тек әлеуметтік желіде батыр, шынында, Аружан Саин жасаған жақсылықтың бірін де жасай алмайды. Оны сынауға болмайды-мыс.
Егер қателескен тұсым болса, түзеп жіберіңіздер, мархабат!
Менің көзқарасым мынадай:
Аружан Саин – расында, бүгінгі заманның белді тұлғасы. Еліміздің кішкентай азаматтары мен азаматшалары үшін қолынан келгенінің бәрін жасады, солардың құқы үшін күресті. Сол себепті де ол елі үшін «Тереза Ана» атанған адам.
Бірақ, ерен еңбегі үшін адамның қателігін кешіре салу керек деген қағидаға өз басым қарсымын. Елестетіп көріңізші, компанияның бір қызметкері жұмысқа күнде кешігіп келеді, жиналыстарға қатыспайды, мезі болған бастығы ештеңе дей алмайды, себебі әлгі қызметкер компания үшін мол еңбек сіңірген. Не болмаса, «заң баршаға ортақ» деп Конституцияға қол қояды, тек бір адам үшін ол Заң жүрмейді, себебі, ол мемлекет үшін тер төккен. Мұндай жағдайлардың болуы мүмкін бе?
Меніңше, ешқандай құрмет, еңбек адам баласын тәртіптен тайдырмауы тиіс. Керісінше, ол адам қоғамға үлгі. Мәселен, Отаны үшін адал қызмет еткен Махатма Ганди ауыз толтырып айтуға тұрарлық тұлға, алайда өле — өлгенше өзі жасап алған принциптерден бас тартқан жоқ.
Мұнда да солай. Аружанның еңбегі ерен, «бірақ бұл оны сынауға болмайды» деген сөз емес қой.
Сондықтан, мен дәл қазір Аружанды сынамақпын. Оның әрекеті мүлдем дұрыс емес. Тәуелсіздік үшін күрескен жастарды тоқтатқысы келіп, қысым көрсеткенін мақтан тұтқан адаммен бірге қызмет ету былай тұрсын, қоны рғаудың өзі әбестік. Ондай қызметкерден бойды барынша аулақ ұстау керек. «Әйтпегенде, Аружанның да көзқарасы қызметкерінің көзқарасымен бірдей» деген ойлар туындайды.
Бұған қоса, Аружан Саинның қорына қарсы шығуды қолдамаймын. Балаларға көмек қашан да қажет.
Қорыта келе, мынаны айтқым келеді.
Қордың «құрметті» қызметкері 1986 жылғы әрекетіне өкініп, халықтан кешірім сұраса игі. Егер митингіге шыққан студенттерді күрекпен сабағаны үшін өз-өзін әрі қарай мақтан тұтса, халықтың қарғысына қалмай, ең болмағанда, Аружан Саинның қорынан өз еркімен кетсін. 1986 жылы бойында болмаған мейірімділік пен жігерді бүгін танытса, керемет болар еді».
Марат Толыбаев, кәсіпкер
Facebook-тегі парақшасынан алынды