«Әруақтардан ұят болды»: Депутат Атыраудың жолын сынға алды

0

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Атырау-Астрахан жолы жөнделмей жатқанын, онда жүргізушілер тек көліктерін жөндеу үшін тоқтайтынын айтты.

Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа демалыс күндері Атырау облысына барып келгенін жеткізді.

«Сізге бұл жерге бару қиын болса, біз кеше ғана сол жерден келдік. Сенбі-жексенбі күндері сіз айтып отырған Атырау – Астрахан жолын өз көзімізбен көріп, аяғызбен сол жолда жүрдік. Кеше түнде сол жақтан келдік. Сіз бұл жолды 2023 жылға дейін жөндеп бітіреміз деп отырсыз. Ол – өтірік әңгіме. Жұртта қалған арба сияқты ана жерде бір каток, мына жерде бір каток тұр. Біз қайнап жатқан жұмысты көрген жоқпыз. Сіз айтып отырған 60 шақырым жұлма-жұлма жолдың бойында жүргізушілер сынған көлігін жөндеу үшін тоқтайды. Бірақ жүру үшін емес. Оны өз көзімізбен көрдік», — деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Берік Дүйсембинов атыраулықтар мұнайдың қызығын көрмей отырғанын атап өтті.

«Ол жолмен жүрсеңіз, жолдың екі жағында бір ғасырдан артық 100 жыл мұнай өндіріп отырған елді көресіз. Олар сол қазылып жатқан қара алтынның бір тамшысы да жолға түспеген. Жолдың бойымен өтіп бара жатқанда Исатайдың, батырлардың, Құрмағанзының қасынан өтесіз. Әруақтардан ұят болды. (Атырау – Астрахан жолы – автор) 250 шақырым жолды жөндеу қашан бітеді? Нақты жауап беріңізші», — деді ол.

Министр депутатты сабырлы болуға шақырып, жолды жөндеу жұмысы келесі жылы бітеді деп сендірді.

Биыл бұл жолдың 150 шақырымын, ал қалған 117 шақырымын 2023 жылы бітіреміз. Мен (министр – автор) болмады деп айтуға болмайтын шығар. Осында отырған депутаттармен онда бірнеше рет болдық. Орынбасарым ол жерге айына 1 рет барады, — деді Қайырбек Өскенбаев.