Әртістерге басу айтуға барған мәдениет министрі даудың ортасында қалды
Әуезов атындағы театрдың әртістері ортақ келісімге келе алмай отыр, бір тобы директордың орнында қалуын талап етсе, екінші тарап бізге талғамы биік, өнегелі тұлға қажет дейді
НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы ұжымнан жік шықты. Бір топ өнер иесі қара шаңырақтың директоры Сәбит Әбдіхалықов қалсын десе, екінші тарап ол директор болуға лайықты емес дейді.
Берекесі қашқан ұжымға басу айтып, мәселенің мәнісін түсіндіру үшін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі келіп, даудың ортасында қалды, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
«Бірдеңе жеді ме?»: Сәбит Әбдіхалықов басқаратын театрдың әртістері шу шығарды
Мұхтар Әуезов театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов бұл ұжымға 2018 жылдың желтоқсанында келген. Бір ай бұрын өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Осыдан кейін қара шаңырақтағы ұжымнан береке кетті. Әртістердің бір тобы оның қалуын талап етіп, министрлікке хат жазған. Ал екінші бір тобы Сәбит Әбдіхалықовты бұл қызметке лайық емес, орнын босатқаны дұрыс дейді.
«Театр жаңа жылға дейін жоспарын орындады, қаншама көрермен жинады, қаншама жоспар құрды. Қазір театрда істеп жүрген жігіттердің көңіл-күйі жоқ. Театр қазір жұмыс істемей тұр. Бір айдан бері осындай күйдеміз. Бұл өнерді ойлау ма, әлде әркім өзінің жеке басын ойлау ма?», — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.
«Біздің театрға жоғары білімді, талғамы биік, өнегелі тұлға қажет. Мен сол кезде «Сәбит Әбдіхалықов мен үшін тұлға емес, біздің театрға лайық емес» деп айтқаным рас. Ол театр саласында режиссер емес, актер емес, кім екенін білмеймін», — деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп.
Театрдан шыққан дауды басуға, әрі мәселенің мәнісін жете түсіну үшін театрға мәдениет және спорт министрі арнайы келген. Ол театр директорының өзі арыз жазғанын, әрі қазір жұмысқа жарамсыз деген медициналық қағазбен орнында жоқ екенін айтты.
«Құдай қаласа өзі шығып, айтады. Желтоқсан айында есеп комитеті келіп кетті. Есеп комитетінің осы әкімшілікке, директорға өте көп сұрағы бар. Осы театрдың есебінен 1 миллион ақша айыппұл төлеген», — дейді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Дегенмен сабырға келетін әртістер емес. Олар өз арасында ортақ келісімге келе алмай отыр.
«Ондай кісінің жетекшілігінде мен жұмыс істей алмаймын. Неге десеңіз, әзіл-ысқақ әлемінің бір адамы бүкіл қара шаңырақ, қазақтың алғашқы театрын басқарып отыр. Бұл фактінің өзі сұмдық қой», — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов.
Жиналғандардың айтуынша, жаңа жылдан бастап мемлекеттік театр әртістерінің жалақысы 50 пайызға өскен. Ал сахна сыртындағы техникалық қызметкерлерге ақша қосылмапты. Одан бөлек театр маңына автотұрақ жасап берді деді.
Жоспар бойынша биыл театр күрделі жөндеуден өту керек еді. Ол үшін үкімет тарапынан қолдау да көрсетілген. Алайда театр басшысы бір жылдан бері тарихи нысанның жаңа келбетіне қатысты сметалық құжатты әлі күнге дейін өткізбеген. Мұны министр айтты. Ол ол ма, қазақ драма театрының директорының ісі алдағы уақытта май шаммен қаралатынын ескертті.
sputniknews.kz