Аршавин «Қайратқа» қайта оралуы мүмкін
Андрей Аршавинге клуб академиясында бапкер қызметі ұсынылды.
«Қайрат» футбол клубы Ресей құрамасының бұрынғы капитаны Андрей Аршавинге клуб академиясындағы бапкер қызметін ұсынуға дайын. Мұндай жаңалықты қазақстандық клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев мәлімдеді.
«Егер, оған басқа ұсыныстар жасалмаса, біз оны әркез Қазақстанда күтетініміз жөнінде келістік. Оған академияда бапкер қызметін ұсынамыз», — деді Боранбаев.
Аршавин «Қайрат» командасы үшін 2016 жылдан бері ойнап келді. Алматылық клуб үшін 97 ойын өткізіп, 28 гол соқты. Желтоқсанда ресейлік футболшымен арадағы келісімшарттың мерзімі аяқталады. Бұған дейін екі тарап келісімді созбайтынын мәлімдеген болатын. Қоштасу ойынынан кейін 37 жастағы Аршавин карьерасын толық аяқтайтынын хабарлады.
Дереккөз: Baq.kz