«Арселордың» адвокаты: Әкім Қасымбек шахтадағы қайғылы жағдай жөнінде қалай есеп берді

0

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ленин шахтасындағы трагедиядан кейін журналистер алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесі мен топ-менеджерлерінің баспасөз өкілдерімен бетпе-бет отырып, мәселені түсіндіруге жүректері дауаламаған секілді. Қысқа ғана ақпарат беріп отыр. Ulysmedia.kz порталы баспасөз мәслихатында негізгі соққыны өзіне алған министр мен әкімнің сөзіне мән бере отырып, олардың шахташылардың пайдасына сөйлеп отырмағанына назар аударды. Жиында халықтың мүддесін қорғайтын шенеуніктер емес, Лакшми Митталдың адвокаттары сөйлеп отырғандай әсер қалдырды.

Бейсенбіге қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Ленин шахтасында кезекті апат болып, бес кенші көз жұмды. Шетелдік қожайынның иелігіндегі шахтадағы өлім осымен жыл басынан бері екінші рет тіркеліп отыр. Жазда ғана пеш құлап, компания зауытында 4 адам қаза тапқан болатын. Ал бір жыл бұрын, 2021 жылдың қарашасында Абай шахтасында метанның салдарынан тағы 6 кенші жан тапсырған. Кейбір деректерге қарағанда, ««АрселорМиттал Теміртау» өндірісінде кейінгі 16 жылда ондаған адам өмірімен қоштасқан.

ТЖ министрі Юрий Ильин бір ғана Ленин шахтасында 70 адам қаза тапқаны туралы деректі келтіреді.

Жалпы «Арселорда» апат қаупі ешкімге баяғыдан құпия емес. Компанияда жыл да тіркелетін әртүрлі төтенше жағдайдың салдары кісі өлімімен аяқталып жатады. Алпауыт компанияның өндірісінде қолданылатын ескі құрал-жабдықтар адам өлімінен бөлек, аймақтың ауасын ластап жатыр. Теміртауда жауған қара қар қазір ешкімді таңғалдырмайтын болған.

Неге бәрі үнсіз?

Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистің сұрағы шамамен осындай болды. Ол өз сұрағында өңір тұрғындары өндірісті жаңғырту жұмыстарының тиімділігі көрінбейтінін де атап өтті. Ал министр мен әкімнің жауабы «мұндай салада кісі өлімін алдын алу мүмкін еместігін айта келе компанияға қандай да бір шағым білдіру дұрыс емес» дегенге саяды.

«Адамдар көрмей ме? Шахташының мамандығы мен олар жұмыс істейтін жағдай ылғи қауіпті екенін түсінуіміз керек. Бұл тереңдегі, жабық кеңістіктегі, зиянды заттар шашылатын жұмыс. Бұл мамандық әрдайым тәуекелмен байланысты болады. Мұндай трагедиялар біздің елде ғана емес, басқаларда да болып жатады», — деп жауап берді Ильин.

Ол сонымен қатар «Арселордың» өндірісінде қаза тапқандар саны мен елдегі жол-көлік оқиғаларынан көз жұмған адамдардың санын салыстырып көруді ұсынды.

«Елдегі жол-көлік оқиғаларының статистикасын келтіріп көрейікші. Неге оны елемейміз? Неліктен жол үстінде ондаған, жүздеген адам көлік апатынан қайтыс болады. Ал біз ол жайлы неге жақ ашпаймыз? Ендеше, көлік шығаратын компаниялардың үстінен де шағымданайық», — деп беталды эмоцияға берілді министр.

Әкім Жеңіс Қасымбек министрді жақтап отыр.

«Совет кезінде Қарағанды шахтасында мұндай жағдайлар тіпті жиі болатын. Ол кезде адам шығыны да көп еді. Жаңа технологиялардың міндеті – осындай қайғылы жайттардың қайталану ықтималдығын азайту. Алайда шахташылардың жұмысы қауіптілігі өте жоғары мамандық. Сол себепті мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды деп 100% кепілдік беру мүмкін емес», — деді Жеңіс Қасымбек.

Ал өндірісті ереже бұзылды ма? Бұзылды. Алайда әкімнің айтуынша, «бұзылған ережелер шахта жұмысын тыйым салатындай деңгейде болмаған».

Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихаты барысында компания өндірісін жаңарту жөнінде бір рет қана «әлбетте, инвестициялар керек» деген сөзді айтты. «Компания ол жұмысты атқарып жатыр, бірақ тездету керек» дейді ол.

Жалпы шенеуніктердің сөзі өзгеріп қалғанын байқауға болады. Абай шахтасында бір жыл бұрын қайғылы оқиға тіркелген кезде Ильин жағдайды басқаша бағалаған. Ол тұста батылырақ сөйлеген министр компания ережелерді бұзғанын, «жұмыс орнындағы қауіпті барынша азайтатын жаңа технологиялар мен заманға сай құралдар жоқтығын», «құралдар мен технологиялық жабдықтар уақытында жаңартылмағанын» айтқан.

2022 жылдың 3 қарашасында сөйлеген министрдің кейбір сөздерін келтірсек:

ТЖ болған шахтада ережелер бұзылды ма?

«Маусымда тексеру жүргізілген. Шахта жұмысын тоқтатуға ықпал ететін ережебұзушылықтың жартысы тексеру барысында жойылды (…) Адамдар жұмысын жоғалтпас үшін шахта жұмысын толыққанды тоқтату туралы айтуға келмейді.

«Арселордың» ескі құрылғылары жайлы?

«АрселорМиттал» меншігінің тарихында алғаш рет компания мен үкімет арасында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы келісімге қол қойылды. Биылдан бастап жаңа техникалар сатып алынды. Қаржыландырудың жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайды. (…) Техникалық қадағалау жағы қоятын талаптарды кезең-кезеңімен орындап келеді. Бірақ ол кезең-кезеңімен жүретін шаруа.

Бұрын белгілі болған ережебұзушылықтар жойылды ма?

«Абай» кеніші бойынша бұрын берілген ұйғарым бойынша – 42 ережебұзушылық болған. Олардың басым бөлігі түзетілді, анықталған ережебұзушылықтар, орындау мерзімі бар, жыл соңына дейін орындалады.

Баспасөз мәслихатында «Арселор» өкілдері неге келмеді?

«Біріншіден, «АрселорМиттал» бұл жерде жоқ. Олардың өкілдері қазір қаза шыққан отбасыларға көңіл айтып жатыр. Бұл да ауыр миссия.

Ендеше, сіздер кім жақтасыздар, үкіметтегі мырзалар? «Арселордың» иесіне өндірісті жөнге келтіріп, қазақстандықтарға аяушылық танытуға кім кедергі? Отбасына бір үзім нан апару үшін «өлім өндірісінде» әлі қанша адам зардап шегуі керек? Жағдайды түзету үшін әлі қанша шахташы қаза табуы тиіс?