Арқанкергендегі қанды оқиғаның хронологиясы
Владислав Челахтың ісін қайта қарау БҰҰ комитетінің шешімімен байланысты
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Бүгін Астанадағы Жоғарғы сотта 14 шекарашы мен бір қорықшыны өлтірген Владислав Челахтың ісі қаралады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өткен аптада Жоғарғы сот Челахтың істі қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сотталушының ісін қайта қарау БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау комитетінің шешімімен байланысты.
Елді есеңгіреткен трагедия қалай болды?
Осыдан 6 жыл 8 ай бұрын, яғни 2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды.
Мамыр айының соңғы күндерінде Арқанкергендегі шекарашылармен байланыс кенеттен үзіледі. Екі күннен кейін – 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді.
Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған.
4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.
5 маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев біркүндік ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Челахтың ісі
Тергеу нұсқасы бойынша, шекара бекеті жеке құрамының қатардағы сарбазы болған Владислав Челах өз қызметтестерін атып өлтіріп, қылмысын жасыру үшін казарманы өртеп, қорықшының көзін құртқан.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Челахты 15 адамды өлтіріп, мемлекеттік құпияны жария етіп, таратқаны үшін, сондай-ақ қару ұрлап, әскери мүлікті жойып, әскерден қашқаны үшін айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ең алғаш ұсталған кезде қарағандылық жігіт бірнеше адамды бір өзі жайратып салғанын мойындады. Бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол оған қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.
2013 жылдың 21 маусымында Қазақстанның Әскери сотында Челахтың адвокаты Серік Сәрсеновтің кассациялық шағымы қаралды. Алайда айыптау үкімі өзгеріссіз қалды.
2016 жылы Сәрсенов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінді. Кейінірек БҰҰ комитетіндегілер Челахтың ісін қарау кезінде халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісі бұзылды деген шешім шығарды.
Тағы оқыңыз: Денис Тенді өлтіргендерге сот үкімі шықты
2018 жылдың 23 наурызында адвокат Серік Сәрсенов ұзаққа созылған дерттен көз жұмды.
«Қара бүркітте» немен айналысып жүр?
Қазір Владислав Челах Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында өмір бойына сотталғандар отыратын түрмеде жазасын өтеп жатыр. Аталған түрме көпшілікке «Қара бүркіт» деген атпен танымал.
Челахтың туысқандары мен жақындары оның кінәлі екеніне сенбейді. Жылына төрт рет абақтыға барып, хал-жағдайын біліп тұрады.
Бұған дейін Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында Владиславтың атасы немересінің түрмеде грек және ағылшын тілдерін меңгеріп, құқық оқып жатқанын айтқан еді. Оған қоса, йогамен айналысады екен.
Сот «Арқанкергендегі» қанды қырғынға нүкте қойғаннан кейін, Челахтың отбасы Ресейге көшіп кетті. Анасы ұлымен жиі хат жазысып тұрады.
Қазіргі «Арқанкерген»
Ел есінде қайғылы оқиғамен жатталып қалған «Арқанкерген» шекара бекеті таулы аймақта орналасқан. Алматы облысы Үшарал қаласынан 200 шақырым қашықтықта. Жыл сайын жаз кезінде бұл жерге Үшаралдан шекарашылар жасағы жіберілген екен. Себебі осы мезгілде Қытайдың шекаралас аудандарының тұрғындары таудан дәрілік шөп жинау үшін Қазақстан аумағына кіреді, ал шекарашылардың міндеті – осындай заң бұзушылықтардың алдын алу болған.
Алты жыл бұрынғы трагедиядан кейін шекара бекеті қалпына келтірілмеген. Мемлекеттік шекараның бұл учаскесі шекара авиациясы, сондай-ақ шекараны қорғаудың заманауи техникалық құрылғыларымен күзетіледі.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/