Арқанкергенде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының өлгеніне сенбейді

0

Татьяна Рей Владислав Челахтың ісіне қатысты барлық жаңалықты бақылап отырады.

«Арқанкерген» шекара бекетінде қаза болған сарбаз Денис Рейдің анасы Татьяна Рей Жоғарғы сотта істі қайта қарау жөніндегі Владислав Челах өтінішіне қатысты жағдайды бақылап отырған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бұл менің ұлыма қатысты. Мен әлі күнге дейін оның қайда екенін, не болғанын білмеймін, — дейді әйел. – Челахтың өтініші қаралатыны жөнінде барлық ата-анаға айтылды, бірақ менің білуімше, ешкім барған жоқ. Барлық жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырдық, бірақ мен ешқандай өзгеріс болмайтынына сенімді едім».

Арқанкергендегі қанды қырғын

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды.

Мамыр айының соңғы күндерінде Арқанкергендегі шекарашылармен байланыс кенеттен үзіледі. Екі күннен кейін – 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған.

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. Әуелі белгісіз біреулер шекарашыларға шабуыл жасады деп хабарланған еді, кейін тергеу Челах бәрін жайратып салып, осыдан кейін мәйіттерді өртеп жіберді деген қорытындыға келді.

Ең алғаш ұсталған кезде Челах та қылмысын мойындайды. Бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол оған қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін, тек өрт қойғанын мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Сарбаздардың туыстары неге Челахқа сенбейді?

Арқанкергендегі өрт көптеген дәлелдер мен қаза болғандардың мәйітін жойып қана қойған жоқ, бекетте не болғанын түсінбек болған олардың туыстарының үмітін де өшірді. ДНҚ сараптамасы арқылы барлық сарбаздың кім екенін анықтау мүмкін болмады. Қазақстандық мамандар тек 11 әскери қызметшіні ғана анықтады. Қалғандарының мәйіті әрі қарай зерттеу жүргізу үшін Германияға жіберілді. Еуропалық геномдық сараптаманың нәтижесі 2012 жылы қыркүйекте дайын болды. Оның қорытындысы бойынша шекарашы Рүстем Ақылбаев анықталды.

Денис Рей Павлодар облысы Успенка селосының тумасы, ол жеке басын анықтау мүмкін болмаған шекарашылардың бірі. Денис Рейдің отбасына «оның сүйегі жиынтық дәлелдемелер негізінде анықталды» деген қаулы тапсырылған. Оның жеке басы оқиға орнын тексеру, сарапшылардың қорытындысы мен Челахтың камераласына Рейді қалай өлтіргені туралы айтқанының негізінде анықталды деп жазылған.

Бірақ Татьяна Рей әлі күнге дейін өмір бойына түрмеген қамалған Владислав Челах оқиға туралы білетінінің бәрін айтпай отыр деп санайды.

«Арқанкергендегі оқиға ұлдарымыздың ғана емес, аналардың да өмірін алып кетті. Өйткені бұл өмір емес, дәрімен тіршілік етіп жүрміз. Миым бұл қанды қырғыннан ешқайсысы аман шықпады десе, жүрегім қашып кеткендер болды деген әңгімелерді тыңдауға мәжбүрлейді», — дейді Татьяна.

Оның айтуынша, соңғы жеті жылда Рейдің отбасына қатысты көп қауесет айтылды. Мысалы, әйел қайтыс болған ұлы үшін миллиондаған өтемақы талап етпегенін айтты, себебі оған мұндай жолмен ешқандай ақша қажет емес. Бұл Челахтың қорғаушысы Серік Сарсеновтың бастамасымен жасалған болатын. Сондай-ақ, Денистің қабірін қорлау әрекеттері болған жоқ, себебі оның моласы да жоқ. Ал туыстары күлді жерлеуден бас тартты, өйткені олар оның Денистің қалдықтары екеніне сенімді емес.

Ал Татьянаның қаза тапқан ұлының қалыңдығы Кристинамен әлі күнге дейін араласатыны рас. Павлодарда жұмыс істейтін бойжеткен Успенкаға келіп тұрады екен.

«Кристина туғаным болып кетті. Мен оған «жеті жыл өтті, тұрмыс құр» деп айтып жүрмін, ол дайын емес екенін айтады. Осы уақыт ішінде біздің естімегеніміз жоқ: мен Денистің қайда екенін біледі екенмін, Кристина оның соңынан Қытай кетті деген алып-қашпа сөздер болды», — деді ол.

Үкім күшінде қалды

2017 жылы қарашада БҰҰ комитеті Қазақстан Челахтың ісін қарау кезінде халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісін бұзды деген шешім шығарды. БҰҰ комитеті өз шешімі туралы Қазақстанның Бас прокуратурасын хабардар етті. Бас прокуратураның ұсынысы бойынша Челах Жоғарғы сотқа жүгінді.

2019 жылдың 22 қарашасында Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша кассациялық алқасы Владислав Челахтың үкімді қайта қарау, істі қосысша тергеуге жіберу және 30 миллион теңге өтемақы төлеу туралы өтінішіне қатысты қаулы шығарды. Оған сәйкес, Челахтың ісі бойынша барлық сот шешімдерін күшінде қалдырды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/