Арқалықта қуатты, заманауи ет комбинаты жұмысын бастады

0

Қайта өңдеу өнеркәсібі нысанының күніне 10  тонна өнім дайындайтын қуаты бар. Толық қуатында жұмыс істегенде күніне 3 тонна бұқтырылған ет, 3 тонна шұжық өнімдері және 4 тонна сапалы ет дайындайтын болады.

«Торғай өңіріндегі бұл ет комбинатына осы жерге жақын Науырзым, Амангелді, Жангелді, Арқалық қаласының аумағы және қатар жатқан Ақмола, Қарағанды облыстарының іргелес аудандарының шаруашылықтары малын өткізетін болады. Шаруа үшін ет комбинаты жақындығымен және өңдеу ісінде заманауи технологиясымен ұтатын болады. Ендігі міндет – өңірде мал басын көбейту керек» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Заманауи ет комбинатының ашылуына бюджеттен шығын шыққан жоқ, ол жеке инвестиция тарту арқылы мүмкін болды. Комбинатты салған «Торғай Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлығы 2 миллиард теңге қаржы салды. Алдағы жылы тағы бір миллиард теңгеге мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.

«Желтоқсан айынан бастап, шаруашылықтардан, жеке сектордан мал қабылдай бастаймыз. Қазір өзіміз елу шақты мал сойып, шұжық, қалбырдағы еттің алғашқы түрін шығарып көрдік. Мамандарды үйретіп жатырмыз. Малды тірілей салмақта 400 килограмға дейін килограмын 500 теңгеден, ал 400 килограмнан асса категориясына қарай 600-650 теңгеден аламыз» деді «Торғай Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Расул Мұқанов.

Қазір ет комбинатында 60 адам жұмыс істейді, өндіріс толық қуатына жеткен кезде жұмысшылар саны 120 ға дейін көбейтіледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай