Арқалықта күніне 10 тонна өнім шығаратын ет комбинаты ашылды
Нарықтың келуіне байланысты қиын жылдары Арқалық қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ешқандай нысан қалмаған еді. Барлығы 60 мың шаршы метр жерді алып жатқан ет комбинатының орнында бұрын құрылыс материалдарын сақтайтын қойма болған. Инвестициялық қаржының арқасында ірі үш цехтан тұратын комбинат кешені түгелдей жаңадан салынды. Оның бірінде мал сойылады, екіншісінде шұжық өнімдері, үшіншісінде қалбырдағы бұқтырылған ет дайындалады. Жабдықтардың барлығы да Еуропадан, Украинадан, Қытайдан әкелінді. Өңдеу өнеркәсібі нысаны толық қуатында жұмыс істегенде күніне түрлі аталымдарымен 3 тонна бұқтырылған ет, 3 тонна шұжық өнімдері және 4 тонна сапалы ет дайындайтын болады.
– Бұл инвестициялық жобаның құны 3 миллиард теңгеге түсті. Оның 2 миллиард теңгесіне тұтас комбинат кешені салынды, үздік заманауи жабдықтар сатып алынды. Ал 1 миллиард теңгесіне келесі жылы 3000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынады. Оның сметалық құжаттары дайындалып жатыр, келесі жылдың басынан бастап құрылысы басталады, – деді Арқалық қаласының әкімі Элдар Күзембаев.
Ет комбинатының ашылуына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстың оңтүстік өңіріндегі соңғы кезде салынған ең ірі инвестициялық жоба екенін айтты. Инвестицияны «Торғай ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды. Оның 500 мың теңгесін «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан аз мөлшердегі үстемемен несиеге алды.
Бұрын шаруа қожалықтары, тұрғындар малын өткізу үшін бірі Астанаға, бірі Қостанайға сабылатын еді. Олардың баққан малының құнын жолдың алыстығы, көліктің шығыны «жеп» қоятын. Енді міне, осы төңіректегі Амангелді, Наурызым, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласына қарасты елді мекендердегі шаруашылықтар мен жеке сектордағы тұрғындар малын осында әкелетін болады. Оның сыртында Ақмола және Қарағанды облыстарының Арқалыққа іргелес аудандары үшін де малды Арқалыққа тасу әлдеқайда тиімді екенін шаруа жақсы біледі.
– Ендігі міндет – тек мал басын көбейту болады. Оған мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек жетеді. «Сыбаға», «Қос қолдау», «Еңбек» сияқты 5-6 бағдарлама бар. Ниет еткен, еңбек еткісі келген адамға осылардың қайсысын пайдаланса да мүмкіндік жетеді. Мал тасымалын жеңілдету үшін Торғай кентінен, Амангелді мен Наурызым аудандары арасынан және Ақмола, Қарағанды облыстарының іргелес аудандарынан дайындау орталықтары сервисін ашамыз. Малды сол жерлерге тапсыруды, тіпті кейін сойып, еттей тасуды да қамтамасыз етуге болады. Ол үшін біз қаржы көздерін тауып, қосымша жабдықтар алуымызға толық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Заманауи ет комбинатының құрылысына «Торғай ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2 миллиард теңге қаржы салғанын айттық. Ірі өндірістің инфрақұрылымына бюджеттен 83 миллион қаржы жұмсалды.
– Желтоқсан айынан бастап шаруашылықтардан, жеке сектордан мал қабылдай бастаймыз. Қазір өзіміз елу шақты мал сойып, шұжық, қалбырдағы еттің алғашқы түрін тәжірибе үшін шығарып көрдік. Алматыдан, Астанадан технологтер шақырып, мамандарды үйретіп жатырмыз. Малды тірілей салмақта 400 килограмға дейін килограмын 500 теңгеден, ал 400 килограмнан асса категориясына қарай 600-650 теңгеден аламыз, – деді «Торғай ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Расул Мұқанов. Қазір ет комбинатында 60 адам жұмыс істейді, өндіріс 2020 жылға жоспарланған толық қуатына жеткен кезде жұмысшылар саны 120-ға дейін көбейтіледі. Ал комбинат өнімінің өтуіне өндіріс басшылығы өте сенімді.
– Торғайдың дәмді еті брендіміз болып саналады. Ең бастысы, Астана қаласын және еліміздің өзге шалғайларын қамтамасыз етеміз, сонымен қатар іргемізде Ресей нарығы тұр. Ресейдің шекара іргесіндегі өндірістік қалаларының барлығына ет, ет өнімдері қажет. Демек, өнімді сыртқа шығаруда да кідірмейтін боламыз, – дейді Расул Абайұлы.
– Семірген малды дер уақытында сатпаса, оның шығын екенін айтып жатудың өзі артық. Бұрынғы Торғай облысы кезінде салынған ет комбинаты жабылған 27 жылдан бері Торғай өңірінің жұртына малды баққаннан оны сатып, пайдасын көру қиын болатын. Себебі ет комбинаттары өте шалғайда, шынын айтқанда, дағдарыста едік. Осы мәселе шешімін таппай келді. Енді міне, бір жылдың ішінде ет комбинаты пайдалануға берілді, өте қуаныштымыз, – деді «Сыма К» шаруа қожалығының құрылтайшысы, еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов.
Бұған «Торғай ЕТ» заманауи ет комбинаты Арқалық қаласының көркеюіне тірек болады» деген сенімі бар арқалықтықтар қуанышын қосыңыз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Арқалық қаласы