Армениядан автокөлікті 1 ақпаннан кейін әкелгендер не істеуі қажет

0
0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

1 маусымнан бастап Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу басталды. Алматыда бүгінгі күнге дейін 33 есепке қойылды

АЛМАТЫ, 5 маусым – Sputnik. Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанынан кейін әкелінген көлік иелеріне не істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген көліктер ғана тіркеледі. Одан кейін әкелінген көлік иесі мемлекеттік баж бен қалдықтарды өңдеу жұмыстарын төлеуі қажет.

Сонымен қатар ол Алматыда Армениядан әкелінген 501 көлік 300 адамның атына тіркелгенін айтты.

«Алматыға әкелінген 501 автокөліктің 300 иесі бар, кейбірі 10-12 автокөліктен алып келген. Осыған байланысты республика тұрғындары арасында да сұрақ туындап жатыр. Алайда белгіленген қаулыға сәйкес, Армения Республикасында көлікті тіркеу куәлігі кімге берілген болса, көлік сол адамның атына тіркеледі», – деді Мұратәлиев.

Оның айтуынша, 1 маусымнан бастап 33 автокөлік тіркеуден өткен.

«Алматыға әкелінген 501 көліктің 119-ның рөлі оң жағында орналасқан, 88 көлік өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында тіркеліп кеткен. Полиция қызметкерлері армян көліктерін тоқтатып, арнайы шығарылған жаднама таратып жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар көлікке қай аймақтың нөмірі берілгеніне қарамастан, Қазақстанда еркін жүре алады.

«Көлікке сары нөмір беріледі. Азамат қай аймақта тіркелсе, соған сай нөмір беріледі. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны болса, 02 нөмірі беріледі. Сары нөмір көліктің басқа азаматқа сатылмайтынын білдіреді. Алайда Қазақстан ішінде ешқандай шектеусіз, салығын, ереже бұзса, айыппұлын төлеп жүре береді», – деді ол.

Оқи отырыңыз: Армения көлік сатып алған қазақстандықтарға ескерту жасады 

«1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін Армения елінен кірген көліктер тіркеледі.1 маусымнан бастап 33 көлік тіркелді. Тіркелетін көліктің рөлі сол жағында орналасуы керек. Екіншіден, тіркеу үшін жеке куәлігі, көліктің техникалық құжаты болуы керек, көлікті арнайы қызмет көрсету қызметіне міндетті түрде алып келеді. Кассаға төленетін сома 12 мың теңгеден аспайды. Көлік алып келген адамның атына ғана тіркеледі», – деді ол.

Рөлі оң жақта орналасқан көліктер тіркелмейді.

Тіркеуге қажетті құжаттар

Армениядан әкелінген автокөлікті тіркеу үшін автокөлік иесі жеке басын куәландыратын құжатты, Салық кодексінің 615-бабына сәйкес, айлық есептік көрсеткіштің 0,25% мөлшерінде (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап айлық есептік көрсеткіш – 2 778 теңге) мемлекеттік тіркеу алымының және мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртекті, сондай-ақ Арменияның уәкілетті органы берген көлікті тіркеу туралы куәлік пен автокөліктің мемлекеттік нөмірін ұсынуы тиіс.

Егер құжат қазақ немесе орыс тілінен басқа тілде жасалған болса, аударылып, нотариуспен расталуы қажет.

Тіркеу кезіндегі міндетті төлемдерге келетін болсақ, үш төлем бар: тіркеу үшін алым – 695 теңге, техникалық паспорт үшін баж – 3 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж – 7 778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 11 946 теңге.

Уақытша тіркеуден қайда өтуге болады

Қазақстанға Армениядан әкелінген автокөліктер бес жерде уақытша тіркеледі:

  • № 1 мамандандырылған ХҚКО – Саялы шағын ауданы, Ақ қайнар көшесі, 1;
  • № 2 мамандандырылған ХҚКО – Майлин көшесі, 85;
  • № 3 мамандандырылған ХҚКО – Құлагер ықшам ауданы, Серіков көшесі, 6;
  • № 4 мамандандырылған ХҚКО – Қайрат ықшам ауданы, 181 («Жетісу» базары»);
  • № 5 мамандандырылған ХҚКО – Кемел шағын ауданы, Ақсуат көшесі, 118.

Сондай-ақ, Алматы қаласы полиция департаментінде call-орталық жұмыс істейді, онда тіркеу шарттары туралы барлық қажетті ақпаратты алуға болады: +7 (747) 080 01 56 және 298-50-71.

«Қауырт желі» сағат таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, 20 мамырда «Қазақстан азаматтарының Арменияда тіркелген жекелеген көлікті Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» үкіметтің №306 қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген рөлі сол жақта орналасқан армян көліктері уақытша тіркеуден өтеді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз