Арменияда Пашинянның жақтастары бірнеше сот ғимаратының алдын жапты

0

Арменияда премьер-министр Никол Пашинянның жақтастары бірнеше сот ғимаратының алдын жаба бастады. Наразылар алдын жапқандар арасында 18 мамырда елдің бұрынғы президенті Роберт Кочерянды қамаудан босатқан Ереван сотының ғимараты да бар. Конституциялық сот ғимаратының алдына да бірнеше наразы келіп тұр.

Бұдан бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинян наразылық ретінде дүйсенбі күні елдегі барлық сот ғимаратын бұғаттап тастауға үндеген. Бұл туралы Армения басшысы Facebook парақшасында жазды. Пашинян бүгін, 20 мамырда «армян революциясының ең маңызды — екінші кезеңінің басталғанын» хабарлауы керек.

Премьер-министр мұндай мәлімдемені Ереван соты экс-президент Кочарянға кесілген бұлтартпау шарасын өзгеркен соң жасады. Качарян сот шешімінен кейін бостандыққа шыққан.

Арменияны 1998-2008 жылдар аралығында басқарған 64 жастағы Кочарян мен бірнеше шенеуніктің үстінен 2008 жылы жағдайға байланысты іс қозғалған. 2008 жылы 1 наурызда полиция наразыларға күш қолданып, екі күн ішінде сегіз адам және екі полиция қызметкері қаза тапқан. Экс-президентке «конституциялық құрылымды өзгертпек болды» деген айып тағылған.

2018 жылдың соңынан бастап қамауда отырған Кочарян айыптарды жоққа шығарады және «қудалаудың бәрін» елдің қазіргі премьер-министрі Никол Пашинянның өзінен саяси «кек алуы» деп санайды.

2008 жылдың 1 наурыз күні болған қайғылы оқиға Арменияда ұзақ уақыт зерттелмей келді. Тек 2018 жылғы «барқыт революциясынан» кейін билікке Никол Пашинян келген соң қайта жалғасты.

Azattyq