Армения «Жыл мемлекеті» атанды
Армения «Жыл мемлекеті» атағына ие болды.
2013 жылдан бастап соңғы он екі айда ілгерілей түскен үздік мемлекеттер тізімін жариялайтын The Economist журналы биыл Армения «Жыл мемлекеті» құрметті атағына лайық деп тапты. Журнал Армения халқы путиншіл басшы атанған Серж Саргосянның биліктен кетуін талап етіп, саяси жиындарға Ресейдің араласуына еш мүмкіндік бермегенін және еркіндік пен әділеттілікке ұмтылғанын жазып, биліктің қызметі мен халық толқуларынан кейін айқын демократия мен жаңаруға мүмкіндігі бар бірден-бір мемлекет деген баға берді.
Арменияның премьер-министр қызметін атқарушы, жемқорлық тақырыбында біраз уақыт бойы жазған журналист Никол Пашинян билікке келген кезден бастап 29 реформаны жүзеге асырып үлгерген. The Economist журналы Пашинянның атқарған елеулі реформаларына да тоқталып өткен. Солардың қатарында, «Гүлденген Армения» және «Дашнакцутюн» партиясы ұсынған үкімет министрлері мен губернаторларды жұмыстан босатуға нұсқау беруі; билікті асыра насихаттап, астыртын әрекеттерді жасырып қалумен айналысатын «Армения» телеарнасының басшыларын орнынан алуы; қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Манвел Григорян, оның әйелі мен ұлы Эчмиадзинге армян солдаттарына гуманитарлық көмек бергені және қаруды заңсыз сақтағаны үшін тұтқындау туралы шешім шығаруын ерекше атап өткен. Сондай-ақ Пашинян ірі супермаркеттерге бойкот жариялау арқылы жүгенсіз кеткен бағаны төмендетіп, шетелдік және отандық компаниялардың астыртын әрекеттерін әшкерелеген.
Биыл сәуірде Армения астанасы Ереван қаласында оппозиция жақтастары экс-президент Серж Саргсянның премьер-министр болып тағайындалуына байланысты қарсылық акциясын өткізген. Оппозиция өкілдері мен полиция арасында қақтығыс орын алып, салдарынан 33 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген болатын. Халық ереуілінен соң, Саргсян отставкаға кетті. Ал мамырда Никол Пашинян премьер-министр лауазымын иеленді.