Армения ЕАЭО-мен интеграциядан бас тартпайды
Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян Арменияның Еуразия экономикалық одағымен (ЕАЭО) интеграцияны жалғастыру бағытынан айнымайтынын мәлімдеді.
«Біз Еуразия экономикалық одағы аясында одан ары интеграциялануға бекініп отырмыз және бұл одақтағы төрағалық қызметімізге ерекше мән береміз» деді Пашинян Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде.
Путин кездесуде Ресей мен Арменияның қарым-қатынасын жоғары бағалады. Ол былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 30 пайызға артқанын және Ресеймен сауда-саттық Арменияның сыртқы сауда көлемінің ширегін құрайтынын айтты.
Пашинян Арменияның ежелден одақтас Ресеймен тығыз байланысын сақтауға уәде берді. Ол сонымен қатар АҚШ-пен және Еуропа Одағымен тығыз қарым-қатынас орнату ниеті барын білдірді.
Дереккөз: Азаттық