Арман Тұрлыбек елордалықтарға телефон нөмірін таратты
Бұған дейін елорданың «Сарыарқа» ауданын басқарған Арман Тұрлыбек әлеуметтік желіде белсенділігімен және ашықтығымен танымал
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Астана әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек елорда тұрғындары үшін ұялы телефонының нөмірін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тұрлыбек осыдан он күн бұрын, 14 ақпанда Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Бүгін ол қала тұрғындарына жеке нөмірін таратты.
«Менің телефон нөмірім бұрынғыдай, әдеттегідей сіздерден кері байланыс күтемін. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов елорданың әрбір тұрғынының өтінішін тыңдау туралы нақты міндет қойды. Сондықтан энергетика, жылумен қамту, сумен қамту, санитарлық тазалау, автомобиль жолдары, жарықтандыру, көгалдандыру қызметіне және Астананың коммуналдық шаруашылық қызметіне қатысты сұрақтарыңыз немесе ұсыныстарыңыз болса, WhatsApp-қа жазыңыздар. Телефон кітапшаларында менің нөмірім жоқ тұрғындар үшін қайтадан жариялаймын +77019110600», — деп жазды Тұрлыбек фейсбуктегі парақшасында.
Айта кетсек, Арман Тұрлыбек аудан әкімі болған кезде де, тұрғындарды кері байланыс орнатуға шақырып, өз нөмірін жариялаған еді.
sputniknews.kz