Арман Шораев оппозиция өкілдеріне үндеу жолдады

0
2120

Белсенді және қоғам қайраткері Арман Шораев оппозиция өкілдері мен тіркелмеген партия жетекшілеріне Қазақстандағы алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға бір кандидатты таңдау ұсынысымен видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

“Аса құрметті жерлестер, отандастар! Күні кеше ғана елімізде желтоқсанда президент сайлауы өтетінін естідік. Жалпы соңғы 30 жылда биліктің атынан сайлау кезектен тыс өтетінене үйреніп қалдық. Ол сайлауда кім жеңетінін де алдын-ала біліп отыратын болдық.

Қазір бәрі өзгерді. Қаңтардан бастап ел өзгерді. Әлем өзгерді. Соны ескерсек, меніңше, осы сайлауда биліктің сценарийінен бөлек, өзіміздің күн тәртібімізді орнатуымыз керек. Біздің елде “мен” дей алатын, “сен тұр, мен атайын” деген басқа мықты азаматтар көп. Намысын нанға айырбастамайтын азаматтар бар. Елді басқара алатын азаматтар көп. Бірақ соның ішінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бір азаматты өзіміз іріктеп, сайлауға қосуымыз керек деп ойлаймын”,-деді ол.

Сондай-ақ, Арман Шораев бірнеше қоғам белсендісінің есімін атап, бас қосуға шақырды.

“Осы үндеуіміз елімізде “мен” дей алатын азаматтарға арналады. Атап айтсақ, олардың ішінде Ермұрат аға Бапи, Болат Әбілов, Рысбек аға Сәрсенбаев, Мұхтар Тайжан, Марғұлан Сейсенбай, Сергей Дуванов, Тоғжан Қожали, Дина Елгезек, тағы да мен ұмыт қалдырған қоғам белсенділері барлығымыз бір жерде жиналып, бір адамды осы сайлауға кандидат ретінде ұсынуымыз керек. Егер біздің ойымыз бір жерден шықса, сонда атаған азаматымыз президенттік сайлауда жеңіп шығады. Оған кәміл сенемін! Сондықтан құрметті ағайындар, аттары аталған адамдар жуық арада кездесіп, бір жаққа шығайық! Бір азаматты немесе азаматшаны ҚР Президент сайлауына үміткер ретінде ұсынайық. Егер бәріміз қолдасақ, сол азамат біздің елімізді жаңа жылдан бастап басқарады. Соған кәміл сенемін! Сіздер де сеніңіздер! Алға Қазақстан!”,- деді Арман Шораев.