Архимед Мұхамбетов желіде тараған видеоға түсініктеме берді
Әкім жиналыстар кезінде видеоға түсіруге тыйым салмайтынын атап өтті. Айтуынша, желіде тараған роликтің авторына шара қолданбаған
НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «диірменнің өнімділігін артық көрсетуге» қатысты видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетейік, 27 қарашада YouTube желісінде Архимед Мұхамбетовтың костюм киген адамдардың арасында тұрып сөйлеген видеосы тараған болатын. Сондағы ақпаратқа сәйкес, видео «Бест Қостанай» ЖШС-іне қарасты облыстағы ең үлкен диірменнің жанында түсірілген. Ал Архимед Мұхамбетов үкімет басшысының сапары аясында кәсіпкерлерге «тапсырма» беріп, диірменнің өнімділігін артық көрсетуге ұсыныс жасаған-мыс.
«…Бұл еліміздегі ең үлкен диірмен, өнімділігі – 1200. Солай деп айтыңдар, 600-700 дегенді ешкім айтпайды. Оны кім өлшейді? Дұрыс па?», — дейді облыс басшысы.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Архимед Мұхамбетов осы сөзіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, видео шынымен де «Бест Қостанай» ЖШС-іне қарасты ең үлкен диірменнің жанында түсірілген.
«Астықтың азаюына байланысты мен үлкен жиын өткіздім. Ірі кәсіпорындарды араладым. Сөйтіп, «Бест Қостанайға» да бардық, диірменнің өнімділігі туралы сөйлестік. Олар күніне 700 тонна өндіреміз деді. Мен «Сіздерде 1200 тонна емес пе? Неге жасырасыздар? » деп сұрадым. Осылай да осылай, тексеріс көп деді, анау-мынау. Содан мен «Сіздерді кім тексереді? Оны кім өлшейді? » деп айттым. Сол сөзімді контекстен жұлып алған ғой», — деді Мұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Қостанайда сотталған шенеуніктің камерасында болған жағдай видеоға түсіп қалды
Әкім жиналыстар кезінде видеоға түсіруге тыйым салмайтынын да жеткізді. Сол күні де ешкімге тосқауыл болмаған. Видеоға түсірген адамға да шара қолданбадым дейді.
«Ол адам арты солай болатынын білмеген. Мен диірмендерді қарашаның басында араладым. Үкімет делегациясы, шамамен, 20 күннен кейін келді. Өзім сол роликті көрдім. YouTube желісінде екі аптадан артық уақыт тұрды. Ешкім қолданған жоқ. Артынан үкімет делегациясы келеді дегеннен кейін басқаша айналдырып жіберді. Ал видеоға түсірген адам кешірім сұрады. Мен бәрін түсінемін, сотқа да жүгінген жоқпын», — деп атап көрсетті Мұхамбетов.
sputniknews.kz