«Ардақтың арманы – қазақ жастарын UFC төріне шығару»

0

Бірнеше күннен бері Назаровтарға назын айтып жатқандар бар.

♦Назаровтардың назарына: «Әлемнің, әлде кішігірім тұжырымның чемпионысыздар ма?»

«Ардақ жеке клубын жарнамалап қалғысы келді, Бейбіттің бойынан жеңіске деген жігер мінез байқалмады, халықтың 90 пайызы ренжулі» деген сияқты кейіс. Кейбір әріптестердің бұл пікірімен келісе алмаймын.

Біріншіден, Ардақ Назаровқа ешқандай жарнаманың қажеті жоқ. Егер Бейбіттің бойынан жеңіске деген жігер мінез байқай алмасаңыз, онда жекпе-жекті қайтадан бір қарап шығыңыз. Халықтың 90 пайызы ренжулі екенін санап көрдіңіз бе? Әлгіндей ой айтқан кісілер жігіттердің жарыс алдындағы дайындығын көрді ме екен? Күмәнім бар. Егер көрген болса, дәл осылай демес еді.  Тасадан тас лақтырғанша «Әлем Файтерс» клубының мекенжайын білсеңіз, сонда барып ой-пікіріңізді спортшылардың бетіне айтыңыз. Және сол жерде қаншама қазақ жастарының тәлім-тәрбие алып, түзу жолда жүргенін байқайсыз.

Жалпы жекпе-жекте жүрген жігіттердің жеңісіне әбден етіміз үйреніп алған. Жеңіле қалса, жерден алып жерге саламыз. Егер тіл қышып бара жатса, басынан бақайшығына дейін үлде мен бүлдеге оранған баскетбол мен хоккейшілерді неге сынамайсыз? Егер үкімет соларға бөлінген қаржының үштен бір бөлігін ғана ережесіз жекпе-жекке аударса, спортшыларымыз тау қопаратын еді. Ардақтың арманы – қазақ жастарын UFC төріне шығару. Көк байрағымызды биіктен желбірету. Сол мақсатта тер төгіп жүр.

Естеріңізде болса, бірнеше жылдар бұрын «Әлем Файтерс» пен «Алаш Прайд» спорт клубтары көптеген жарыстар өткізіп, қарсыластарын қоғадай жапыратын. Қазір Данияр Қасқарауов пен Ардақ Назаров ағаларымыздың жарыс өткізудегі тәжірибесі артты. Әлемге белгілі тұлғалармен танысып, қоян-қолтық жұмыс жасай бастады. Ендеше қазақ жігіттерінің UFC шыңна шығатын күні алыс емес. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр демеуші» ма еді. Ендеше жігіттерді жасыта бергенше жігерін жанып, намысын қамшылайық! Titan FC турнирінде жеңіліс тапқан спортшыларға еңсе түсірмеңдер дейміз. «Ерінбей еңбек еткенге бақыт қашанда басын иеді». Сендердердің алатын асуларың әлі алда! Біз сендермен мақтанамыз! Қазақтың батыр ұлдары жасасын!

Жандос Айтбайдың фейсбук парақшасынан

«Қамшы» сілтейді