«Әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс». Сәкен Майғазиев өзі басқаратын мекемеден «МузАрт» концертіне 30 млн бөлген

0

Отандық журналист Мият Кәшібай Сәкен Майғазиев жетекшілік ететін мекемеде мүдделер қақтығысы болып жатқаны туралы жазды. Айтуынша, әнші «МузАрт» тобының концертін өткізу үшін Шымкент қалалық мәдениет үйінің бюджетінен ақша бөлген.

«Мені таңғалдырған тағы бір жайт. Наурыз мерекесіне орай Шымкетте МузАрт тобының да концерті өтіпті. Бюджет қаржысына. «Мейлі, өте берсін. Салық төлеуші халық. Ал МузАрт тобы — халықтың сүйіктісі» дейтін шығарсыздар. Мәселе ода емес. Ол концертті өткізуге тапсырыс беруші мекеме — Шымкент қалалық мәдениет үйін МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев басқаратыны белгілі. МузАрт концерті үшін жасалған 30 миллиондық келісім шартқа да Майғазиевтың өзі қол қойған. Порталда тұр.

Елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бар. Соның 15-бабында мүдделер қақтығысы жайлы айтылған. Ал мен бұл жоғарыдағы келісім шарттан мүдделер қақтығысын байқап отырмын. Сәкен Майғазиев өзі ән айтатын топтың концертін өткізу үшін өзі басқаратын мекемеден ақша бөліп отыр. Өзі сол концертте өнер көрсеткені тағы бар. Заңгерлер не дейді екен бұл туралы, мүдделер қақтығысы байқала ма?P.S. Сәкен Майғазиев — біраз жылдан бері халыққа танымал әнші. Біраз адамның алдында беделі де бар шығар бәлкім.

Ол кісіде кетен еш есем жоқ. Керісінше, МузАрт тобының көп әнін сүйіп тыңдаймын. Майғазиевтың байлығын да, беделін де қызғанбаймын. Бірнеше күннен бері жазбама арқау болғаны рас. Алайда мен ол кісінің жеке басына қатысты ештеңе жазған жоқпын. Жалпы ешкімнің жеке басында шаруам жоқ. Алайда заң деген нәрсе бәрімізге ортақ еді ғой. (Өтірік айтам, Нұрсұлтан Назарбаевқа кей заңдар жүрмейді). Сондықтан да Сәкен мырза өзі қол қойған келісім шарттардағы әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс», — деп жазды ол.

Сөз соңында жеке басқа қатысты балағат сөздер жазбауды сұрады.