Әрбір адам цифрлы әлемге қадам басады

0

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы балаларға арналған тегін IT сыныптар ашу және IT мамандар даярлау ісін қолға алды. Аталған жоба аясында алдағы үш жылда елімізде жұмыс беруші ІТ компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады. Оның үстіне IT орталықтар қараша айының басында ашылған Astana Hub жаңа технологиялық алаңымен бірлесе жұмыс атқарады.
Бұл жобаны жүзеге асыру жолындағы қарқынды жұмыс барысымен танысу үшін «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының сарапшы хатшысы Адэль Нысановпен әңгімелескен едік.

Бұл партия жобасының басқа жобалардан ерекшелігі неде?
– Біріншіден, мұндай орталықтарда бүгін­де әлемдік деңгейде сұранысқа ие цифр­лау тәсілдері мен Java, Python, PHP, Swift сияқ­­ты бағдарламалау тілдері оқытылады. Онда жылына 35 мыңнан астам адам білім алады. Орталық түлектеріне бір жыл бойы қолдау көрсетіліп, олардың жұмысқа орна­ла­суы­на жағдай жасалады. «Нұр Отан» партиясы «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірле­сіп қазақстандықтардың цифрлық сауат­т­ы­лығын арттырып қана қоймай, олар­дың әлем­­дік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабі­­­летті маман болып қалыптасуына жағдай жасайды.
– Бағдарламаның негізгі бағыттары қандай?
– Комплексті идеологиялық жұмысты өткізу – партияның өзекті миссиясының бірі. IT мамандар даярлау – халықтың құқықтық, цифрлық, әлеуметтік сауатын арттыруға арналған «білім көзі». Әр ауданда осындай орталықтар базасы қалыптасқан. Бағдарлама онлайн сұрақ, вебинар, онлайн лекцияны қамтиды. Жұмыс «Ақпараттық қауіпсіздік», «Модельдеу», «Гра­фи­­калық дизайн» және басқа да бағыттар бойынша атқарылады.
Біз адамдарды тек технологиялық дағды­ларға үйретумен айналыспаймыз, керісінше халық осы технологияны білсе екен, жүзеге асырса екен дейміз. Осы бағыттардың бірі «IT куратор» жобасы сарапшылар қатарын туғызады, алдағы уақытта қоғам мен партия алдын­да тұрған мақсатқа жету жолын көрсе­те­ді. Бұл жоба патриотизм мен азаматтық белсенді көзқарассыз болмайды. Бір технологияны үйретіп қою аздық етеді, жаңа білім арқылы мемлекет пен қоғамның тапсырма­ларын шешу керек.
Біз жаңа масштабты өзгерістерге сай қазақ­­стандықтарға жайлы орта қалыптастыр­ғы­мыз келеді. Жобаның арқасында әрбір адам цифрлы әлемге өте алады, сол арқылы талап­қа сай мамандық ала алады. Мен сияқты тех­­­нология саласының маманы үшін бұл жоба цифр­ландыру саласындағы шешімі табыл­ма­ған сұрақтардың жауабын табатын шақырудай көрінді. Ілгері жылжу көп адамдарды қор­қы­та­ды. Ортамен бірге нарық та өзгереді. Өзге­ріс­тің жылдамдығы сонша, келесі 7-10 жылда кейбір дәстүрлі мамандықтар ығы­стырылады. Халықаралық сарапшылар­дың айтуынша жасанды интеллект бухгалтерлерді, аудар­ма­шы­ларды, жылжымайтын мүлік саласы мен банк қызметкерлерін жұмыссыз қалдырмақ­шы. Біз бәріне де дайын болуымыз керек. Сол үшін IT мамандарын даярлау осы төңкерістің алдын алуға көмектеседі.
– Astana Hub пен интеграция жөнінде айт­са­ңыз.
– Әлемнің жаңа технологиялық алаңында әр ауданнан келген жас балалар бастамаларын жүзеге асыра алады. Бұл – әлеуметтік баспалдақ. Біз Astana Hub басшы­лы­ғымен бірнеше кездесу өткіздік. Арамызда түсінушілік бар. Ең бастысы серіктестеріміз бұл жүйе облыстарда жүзеге асып жатқанын, материал­ды-техни­ка­лық базаның жеткілікті екенін, ұстаздық құрам­ның барлығына көз жеткізді. Өнімдерін коммер­ция­­лық деңгейге жеткізуге мүмкіндік алады.
– Қараша айының ортасында Астанада өткен­ бастапқы партия ұйымдарының республи­ка­лық форумын­да «Цифрлы партия» туралы көп айтылды.
– Бұл да өте қажет. Жобаның мақсаты – пар­тия мүшелерінің өзекті деректер базасы, партия мүшелері­нің әлеуметтік жобалары мен партиялық резервті қалыптастыру, онлайн қыз­меттер мен онлайн оқыту, өтініш беру­ші­лер­дің партияға жазған өтініштерін өздері қадағалауы және мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар­ды электрондық мониторингтеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе жасау.
Цифрлы технология Мемлекет бас­шы­сы­на, «Нұр Отан» басшылығына бағдарламалық құжат­тарды жеткізуге көмектеседі. Бұл дегеніміз – орталық пен бастауыш партия ұйымдары арасындағы сенімді байланыс көзі. Бұл – бастауыш мүшелерді онлайн оқыту, партиялық кадрлық резервтерді дайындау. «Цифрлы партия» жаңа технологияға дара жол ғана емес, шын мәнінде халыққа бағытталған коммуникация­лық қайнар көз.

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз