Арбаға таңылған ару қыздың аузынан шыққан ең қымбат сөз

0
206

Күнде жұмысқа баратын жолымда мүгедек жанға арналған арбаға таңылған бір бойжеткен пайда болды. Иә, пайда болды дегенім қызық естілер, алайда осы сөз осы араға жарасатын сияқты. Себебі, қанша жылдан бері бұл көшемен жүріп келемін, мынадай өңді, сыпайы қыз бала көзіме шалынған емес. Өзінің ұлты да басқа екені байқалады, әдемі жүзі, қалың қиғаш қасы, дөңгеленген қара көзі әзірбайжан, гүржі немесе шешен халқының қызы екенінен хабар салғандай. Басына орамал тартқан, киімі мұсылманша, арбада отыр демесеңіз, бойы сұңғақ, сымбатты ару мүсіні мінсіз жаралғандай…

Иә, өкініштісі — бұл сұлу қыз мүгедек. Осы қыздың алдынан өткен сайын тізесінің үстіне қойған қорапқа тиын-тебен салып кетемін. Ақшаны оң қолыммен саламын да, тез ұзап кетуге тырысам. Қыз болса әлдене деп күбірлеп қала береді. Шамасы, рақмет айтатын шығар. Кей кезде қалтамда ақша болмай қалады, қиналмай бере қоятындай. Себебі, үйімдегі бала-шағаға да бірдеңе апаруым керек қой. Ондай сәтте қыздан ұялып, оны алыстан айналып өтемін.

Бір күні «Осындай жап-жас, өзі сұлу қыздың арбаға таңылып отыруы қиын ғой. Бұл сынақ уақытша болса екен. Бәлкім тұрып, жүріп кетер. Жинаған ақшасына ем-дом алып, тәуір болар» деп ойладым. Бірақ бұл менің ойым ғана ғой, тағдыры тосқан сынақ осындай болса, амал қайсы, қайда барады, шыдайды әрі шыдап жүр емес пе, ол қыздың жүзінен сондай бір ауыр мұң көрмедім, үнемі бір қалыпты күйде, жанына жақын барып, ақша салғаныңда ол қозғалмаған қалпы, қайырылған ұзын кірпік жапқан жәудір қара көзін төмен түсіріп, гүл ернін сәл қозғап, адамға алғысын айтып қала барады. Биязы. Қылықты.

Қалтамда пұл болса, жұмысқа бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да, қалдырамын. Ол риза пішінде сәл жымиып, күбірлейді. Біртүрлі «Сіз бүгіндікке екінші мәрте тоқталдыңыз» деп ұялатындай. Бетіне тура қарамасам да, маған солай сезіледі. Жақында, жақында болғанда бірер айдың туысында, қасиетті жұма күні алдындағы қорапқа ақша сала бергенімде «Алла риза болсын» деген сондай жұмсақ үнді құлағым шалды. Ол таза қазақша сөйледі?! Гүл ернінен шыққан сөз қандай десеңізші?! «Алла риза болсын» дейді. Міне, ғажап! Міне, керемет! Міне, сөз! Бұған дейін, шамасы бір жылдан аса ол мен тиын тастаған сайын осылай «Алла риза болсын» деп келеді екен ғой! Оны қайдан білейін? Және мен оны өзге ұлттың баласы деп жүрсем, менің тілімдім біледі! Тілімді білгені өз алдына, әлемдегі ең асыл осы бір ауыз сөзі үшін қалтаңдағыны түгел қиюға болады. Осы сөзді сол мүгедек қыздың аузынан естігім келіп, ол отыратын тұсқа таяғанда іздей бастайтын әдет шығардым.

«Бұл қылығым күпірлік емес пе?» деп өз-өзімнен қысылғаным да бар. Бірақ мен саудаласып жүргенім жоқ қой, азын-аулақ ақшамды қайыр сұраушы жанға беремін, ал ол кезегінде «Сізге Алла риза болсын» дейді. Және осыған шейін қыздың менің соңымнан не дейтініне мән бермей, тез кетіп қалып жүргенімде қалтамда ақша бірде болып, бірде болмай қалатын, ал «Алла риза болсын» деген қымбат сөзді ана тілімде сол арудан естігелі бері қалтамнан ақша үнемі табыла кетеді. Иә, осы тірлігімізді ұлық иеміз көріп тұр емес пе, біз бір-бірімізден ұялсақ, «Алла риза болсын» деп алғыс білдіріп жатсақ, Жаратқан бізден ұялып, оның да, менің де яғни қайыр сұраушы мен садақа берушінің алақанын құр қалдырмай, үзбей адал ризығымен қамтамасыз етіп келеді. Осындай ұлыққа ұнауға ұмтылу — асыл!

Соңғы күндері қыз көрінбей кетті. Маған ол өз аяғымен жүріп кеткендей көрінді. «Қайда кетті екен?» деп ойлап, кәдімгідей алаңдап, күндегі орнынан таппай қойдым. «Шынымен ол емделіп, жазылып, тарихи еліне кеткен болар» деген де ой келіп-кетті. Бірақ бұл қиялым ұзаққа бармады. Ол қыз күнде емес, көшеге сирек шығатын болған екен. Күн суытты. Дұрыс қой. Үйінде болғаны жақсы. Бірақ күнкөріске теңгені қайдан алады? Байғұстың кімі бар екен қарайтын. Осындай да ойлар мазалап, жылы үй мен жұмыс арасын жалғап, біз өзімізше өмір сүріп жүрміз… Мүгедек қыз көшеге сирек шығатын болғандықтан, біз күткен асыл сөзді де сағындырып барып айтады, міне, бүгін ол отыр екен, жанынан өте беріп, ақша қалдырдым, ол мақпал үнімен «Алла риза болсын» деді. «Саған да Алла риза болсын» деймін, бірақ сөзсіз, дыбыссыз, көзқарасыммен, шын жүректен. Былай шыға бере, «Алла бізге риза ма? Ол риза болатындай не тындырыппыз? Мүгедек қызға, сондай жандарға азын-аулақ пұл тастағанымызды бұлдаймыз ба, ал жұмыста ше, жұмыста, тұрмыста қандаймыз? Алла парыз етіп, белгілеген тәртіптерді орындап жүрміз бе? Пайғамбардың соңынан ілестік пе? Осындай алуан сауал жан-жағыңнан анталап бергенде, жаныңды қоярға жер таппай, шырқырайсың. Алла әр кімге көтере алатын салмақ артады. Сол Алла жүктегенге адал болып, түзу жүрсек екен. Жақсы адам, Алла сізге риза болсын! Танымайтын, білмейтін адамнан сіз де он сегіз мың ғаламдағы ең қымбат сөзді естіңізші. Сізге адал жүрегімнен соны тілеймін.

Мұнайдар Балмолда