араққа салынған отағасы келіншегіне ұйқы бермей азаптаған
Амалы таусылған келіншек әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына хабарласуға мәжбүр болған
ПЕТРОПАВЛ, 19 тамыз – Sputnik. Петропавлда отағасы әйеліне ұйқы бермей, салдарынан келіншектің денсаулығына зиян келген, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға.
«1962 жылы туған Петропавл тұрғыны әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына хабарласып, арақтың кесірінен күйеуінің мінез-құлқы өзгеріп, қауіпті адамға айналғанын айтып берген. Жиі ұрып-соқпаса да, ер адам психологиялық қысым көрсетеді екен, мысалы, әйелге ұйқы бермей, салдарынан келіншектің денсаулығы сыр бере бастапты», — деп мәлімет берді полиция.
Тағы оқыңыз: Ер адам бұрынғы әйелін отбасымен бірге қырып салды: оқиғаның мән-жайы
Полиция әйелдерге қолдау көрсету орталығына тез арада хабарласып, әйел адамды тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған үйге орналастырған. Ер адаммен учаскелік инспектор жұмыс істейтін болады.
Құқық қорғаушылар атап өткендей, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер отбасындағы ахуалды сыртқа білдірмеуге тырысады. Сондықтан полицейлер түсіндіру жұмыстарымен айналысуды қолға алыпты. Тәртіп сақшылары 2 мыңға жуық әңгіме жүргізіп, әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы 3 мың кітапша таратқан.
sputniknews.kz