«Арамза әйел өзгелердің күйеулерінен бала босанады»: Ақтөбеде ер адам ұлының анасына жала жапты

0

Ақтөбедегі сот көпшілік алдында баласының анасын өзгенің отбасын бұзды деп айыптаған ер адамға жарты миллион теңге айыппұл салды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Іс Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Сот алдына Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің 40 жастағы жедел уәкілі келді.

Соттың мәліметінше, 12 маусым күні таңертең Ақтөбе қаласының тұрғыны жергілікті Instagram-пабликтердің бірінен жаңа клиниканың ашылуы туралы жазбаны көрген. Медициналық мекемеде науқастарды акушер-гинеколог Т. қабылдайтыны жазылған.

Бұған жауап ретінде ер адам жаңа жазба жариялады: «Құрметті Ақтөбе әйелдері! Бұл арамза әйелге бармаңыздар. Ол өз науқастарының күйеулерінен бала туады және отбасыларын бұзады. Сөзіме оның ұлы Әмір дәлел бола алады».

Сот процесінде ер адам әйелдің өзінен жүкті болып, отбасын бұзғанын айтты.

Ол гинеколог туралы жазғаны шындық екенін түсіндіріп әлек болды. Қылмыс құрамының болмауына байланысты әкімшілік іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Жәбірленуші дәрігердің бір кездері осы ер адамның баласын өмірге әкелгені және қазір оны тәрбиелеп отырғанын растады. Алайда, барлық науқастардың күйеулерінен бала туатыны туралы сөздер – беделіне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін өтірік. Дәрігер татуласуға бас тартты және құқық бұзушыны жазалауды сұрады.

Сот гинекологтың құқығын қорғап, ер адамды «Көпшілік алдында жала жабу» бабы бойынша айыпты деп таныды. Енді ер адамға 520 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Алайда ол сот шешіміне қарсы шағым түсіре алады.