«Арамызда сатқындар бар». Шымкентте әкімдіктегі жиын кезінде шенеунікті ұстап әкетті (видео)

0

Шымкентте әкімдіктегі жиын кезінде Антикор қызметкері қала басшысы Ғабит Сыздықбековке хабарласып, басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеті күдік тудырғанын айтқан.
Orda.kz хабарлауынша, әкім бұл қызметкерді дереу сол жерден алып кетуге болатынын айтты.

«Араларыңызда мемлекетшіл, адал кісілер көп екенін білемін, көбіңіз сондайсыздар. Сіздерге сенемін, сендім де. Ешқандай ауыстыратын ойым болған жоқ, бірақ кеткен кісілерді білесіздер. Олар сөзге көнбегеннен кейін кетті, өздерінің артында былықтары бар. Сіздерге нақты «Өткенді ұмытып, жұмысты шын, адал ниетпен бастаңыздар» деп айтқан болатынмын, бірақ, өкінішке қарай, арамызда сатқындар бар», — деді Шымкент әкімі аппарат мәжілісі кезінде.

Осы кезде залға Антикор қызметкерлері кіріп, жиналыста отырған шенеуніктің біріне жақындап, қозғалған қылмыстық істі тергеу бойынша «оны алып кетуге тиісті қаулы бар»  екенін айтады.

«Әріптестер, дұрыс түсініңіздер. Менің басқа амалым қалмады. Білесіздер ғой, бес ай бойы сіздерден «Әріптестер, адал істейік, адал қызмет етейік»  деп сұрап келе жатырмын. Сіздерге жау емеспін. Қолымнан келгенді сіздерден аямаймын. Егер дұрыс жұмыс көрсетсеңіздер, мен әрдайым сіздермен бірге боламын. Ниеттеріңіз дұрыс болсын. Осыған дейін «жай әншейін әңгіме» деп ойлаған боларсыздар? Әңгіме емес, бұл – менің шын позициям. Маған берілген тапсырма. Мен одан ешқашан қайтпаймын, қаланы жөндеп, бір жағына шығаруға тырысамыз», — деді әкім.

Otyrar-дың мәліметінше, ұсталған шенеунік – тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Әкім көпшіліктің көз алдында болған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар бүкіл қызметкерге ой салар деп үміттеніп отыр.

«Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды», — деп жазды Ғабит Сыздықбеков Instagram-дағы парақшасында

Антикордың мәліметінше, келтірілген шығынның алдын ала көлемі – 120 миллион теңге.
Видео: https://www.instagram.com/reel/C2-X9nWNX96/?igsh=cDg4Ym8wcjlsN2o1

Дереккөз:Smartnews.kz