Арал теңізінің суы 42 пайызға артты

0

Министрлік Арал теңізіне былтыр 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберілгенін хабарлады

Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезең қорытындысы бойынша теңіздегі су көлемі 42%-ға артып, 27 млрд текше метрге жетті. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын әзірлеп жатыр. Жоба негізгі 3 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды іс-шаралар қарастырылған.

Айта кету керек, Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберді. Оның ішінде суару кезеңінде рекордтық көлем – 1 млрд текше метр су барды.

Бұл Сырдария суын сауатты бөлу және оны үнемдеудің нәтижесінде мүмкін болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген еді.

«Бұл нәтижелер – соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жобаның негізгі бағыттары туралы баяндамалардан кейін, жиын «ашық микрофон» форматында жалғасты. Аудан тұрғындары жобаны іске асыруға қатысты өз пікірлерімен бөлісіп, толғандырған сұрақтарына жауап алды. Нұржан Нұржігітов қоғамдық талқылаудан кейін азаматтарды жеке қабылдады.