Арайлым Сәбитқызы, тарихшы, профессор: Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуіміз керек

0
1501

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» демей ме атам қазақ. Негізі біз, қазақ халқы – бейбітсүйгіш ел. Бұрнағы жылдардан ұлтаралық, халықаралық қатынастарда мүмкіндігінше түсіністік сақтап, кез келген мәселені келісіммен шешуге тырысамыз. Осының арқасында еліміз, тыныш, жұртымыз аман. Әрине, кешегі қаңтар оқиғасы бәрімізге ауыр тиді. Оның өзі ел ішіндегі алауыздықтың, іріткі салудың кесірінен болды. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, өткенімізден сабақ ала отырып, алға жылжуымыз керек. Бүгінде бізді әлемдік деңгейде өркениетті елдің бірі ретінде таниды, жақсы біледі. Өйткені біздің діңгегіміз  — елдегі тұрақтылық пен татулық.

Осы қасиеттерді негізге алғанымыздың бірден-бір дәлелі өткенде елімізге әлемге белгілі тұлға – Рим Папасы Франциск келіп, бірталай іс-шараларға қатысып, ойын айтты. Өз сөзінде Рим Папасы: «Сіздерде «береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан» деп, қазақты біріктіріп отырған ынтымақтастық екенін жеткізді.

Не болмаса кешегі елордада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті. Сол кезде Президент өз сөзінде әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісіп, әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыста өмір сүріп жатқанымызды, туындаған зор қауіп-қатерден шығудың жолы халықаралық қатынастардағы тұрақтылық екенін тағы қадам айтты.

Онда да біз біле бермейтін саяси, экономикалық, әскери не сауда-саттық саласы бойынша күрделі мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатқаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуларды белгілі бір мақсатқа жүгініп, ұйымдастырып отырғаны рас. Ең бастысы, мемлекеттің дамудағы, халықтың әл-ауқаты жақсаруындағы жайттар оң өзгерістерге септігін тигезсе болғаны. Осыған ел-жұрттың разы болатыны даусыз. Не десек те, елдің келешегіне қатысты жақсылықтың болатынына үміттіміз. Лайым, солай болғай!