Араб тіліндегі түркизмдерді зерттеген қазақ әйелі
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Осы сөздің астарына үңілсек, мағынасы тым тереңде жатқандығын байқаймыз. Біріншіден, шын мәнінде, бесікті тербеткен әйелдің өз перзентіне мейірімі оянады, жауапкершілігі артады. Бесікті тербеткен әйелдің мейірімі ұрпағының дүниенің сырын ұғынуына, жаратылыстың шынайы мәнін түйсінуіне жол ашады. Ал, екінші бөліктегі әйел тербейтін «әлем» сөзінің мағынасын «бүкіл дүниенің жүзі» деп емес, әйелдің өзі туған, өскен, өнген, еңбек етіп жүрген ортасы, микроәлемі деп түсінген абзал. Егер әйел атаулы өз әлеміндегі осы миссиясын жете түсініп, жүзеге асырса, Ұлы Абай айтқандай, «ақылын да, қайратын да жүрегіне бағындыратын» саналы жұрт қалыптаспақ, іргелі адамзат қоғамы құралмақ. Олай болса, нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін, іске икемділігін бағалаудың басты критерийі мен өлшемі ретінде осы екі дүниенің (мейірімі мен жауапкершілігінің) таразы басын тең ұстап тұруын атауға болады. Екіншіден, біздің қазақ қыздарының өзге жұрттың әйелдерінен басты ерекшелігі олардың өзін «әлсіз» деп сезінбейтіні дер едік. Аналығы мен даналығы бірін-бірі толықтырып тұратын текті тұлғалардың қазақ қыздарының ішінде молынан кезігуі – аруларын ардақтап, еркін өсірген елінің, еркелеткен жұртының сенімі мен сүйіспеншілігінің белгісі. Біздің ұлттың ділі мен дінінде «жұмақ ананың аяғының астында» деген өзекті ұғымның қалыптасуы – соның дәлелі. Сондықтан да тал бесігінде тәлім мен мен тәрбиенің дәмін татқан қазақ қызы есейе келе өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, ақылман ана болады, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйелге айналады. Қабілеті мен қарымына қарай қазақ әйелі көшбасшы да бола алатынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр. Соның айқын дәлелі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Турксой кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз Ұлбала Тұрапбайқызы Алжанбаеваның ғибратты өмір жолы.
Ұлбала Тұрапбайқызының бүгінгі биікке жетуіне алғышарт қалыптастырған, іргетас қалаған үш үлкен факторға назар аударуға болады. Олар: Жаратушының берген мүмкіндігі, ата-анасының тілегі, ұстаздарының көрегенділігі.
Жаратушы адамзат баласына екі Ұлы мүмкіндікті береді екен: бірі – УАҚЫТ (біз оны Өмір деп атаймыз); екіншісі – ТІЛ. Осы екі мүмкіндікті қалай пайдалануына қарай адам өз өмірінің тұғырын өзі қалайды. Ұлбала Тұрапбайқызы Уақыттың маңыздылығын бала күнінен-ақ санасына сіңіріп өсіпті. Сондықтан ол ешқашан уақытты бос нәрсеге ысырап ету дегенді сүймейді. Қашан көрсең, ізденуден жалықпайтын жинақы қалпынан танбайды. Өйткені ол жоспарлап атқаратын істе береке болатынын біледі. Абай айтқан «ақырын жүріп, анық басудың» түп төркінінде де әрбір ісіңді дұрыс бағдарлап, жіті бағамдап барып нақты әрекет етудің сыры жатқаны сөзсіз. Сол себепті Ұлбала бала күнінде бар уақытын білім алуға жұмсаса, кейінгі ұстаздық қызметінде болашақ мамандарды қалыптастыруға, оларға сапалы білім беруге, отбасында саналы ұрпақ тәрбиелеп, тағылым беруге, өнеге дарытуға арнап келеді. Сондықтан оның уақыт жоспары тек қызметтегі істің тиянақтылығын емес, отбасындағы берекенің де де тетігіне айналған.
Ұлбала Тұрапбайқызы Жаратушының екінші Ұлы мүмкіндігін – ТІЛді өзінің тағдыр жолымен сабақтастырды: тілді оқытатын мұғалім мамандығы мен тілдің сырын зерделейтін ғылым жолын қатар ұстанды. Ана тілі мен әлемдегі ең құдіретті дін, ең қасиетті ілім – Исламның құралы болу бақыты бұйырған араб тілінің оқытушысы мамандығын алды. Ізденіс жұмысында да араб тілі мен бүкіл әлемді билеген дана бабаларынан мұра боп жеткен түркі тілін өзара сабақтастықта зерттеуді мұрат етті. Ең бірінші кезекте ғұмырын тілмен сабақтастырған АДАМНЫҢ, МАМАНның басты миссиясы – сол тілді қолдану мәдениетінің үлгісін көрсету екенін ол өзінің текті табиғатымен, ізгі ісімен дәлелдеп келеді. Ұлбаланың жүзінен иман нұры төгіліп тұратын биязы болмысы, айналасындағы адамдармен әдепті, сыпайы һәм адал қарым-қатынасы дана қазақтың «сөз қадірін білгенің – өз қадіріңді білгенің» дейтін қағидалы байламының мәнін ұғындырып, тағылымын, үлгісін танытуға жаралғандай. Сөйтіп, ол өзіне берілген Өмір-Уақытты Тіл-Киеге қызмет етуге жұмсай жүріп, мәнді етті.
Ұлбала перзент ретінде ата-ананың мейіріміне қанып өсті. Әке-шешесі бақытты өмір сыйлап, ата дәстүрімен оның тағдыр-талайына әсер еткен әдемі ат таңдапты… «Балалығың он бестегі анаңнан, даналығың алпыстағы атаңнан» деп аяулы ақынымыз Қадыр Мырза Әлі қазақтың бүкіл болмыс бітімін екі жолмен қалай дәл айқындап берген!? Шындығында табиғатпен егіз жаратылғандықтан да болар, біздің жұртымыздың сонау көз жетпес көктен де, табанында жатқан шөптен де кие іздейтін қасиеті, сакральді дүниетанымы әр тірлігінен анық байқалады. Соның бірі – өмірге келген перзентіне ат қою. Сәбиінің атына өзінің арман-тілегін де, үкілі үмітін де бірге байлайтын періште балажан көңіл мен кіршіксіз ниеттің түкпірінде Сөздің магиялық қуатын терең сезіну де жатқаны күмәнсіз. Біздің кейіпкеріміз – әуел баста ата-анасы ырымдап қойған Ұлбала деген атына заты сай жан. Өйткені ол ес білгеннен-ақ ата-анасының ұл тілегендегі ойының мәнін ұғынды, қай ортада жүрсе де, ұлға татитын қыз болу міндетін арқалады. Жаратушы осы тілегіне қарай оған азаматтың жүгін артып, ұлдан артық қызмет жасауына, ар тазалығы мен адамгершілік қасиетінің арқасында шынайы сый-құрметке бөленуіне жол ашыпты. Оған Ұлбаланың халқымыздың ұлы тұлғалары негізін қалаған, дәріс берген ең таңдаулы оқу орны – С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, Шәкірт бақытын сезінген күндері куә. Оған өзі түлеп ұшқан білім ордасына қайта оралып, дәл сол ортада өзі де өмір бойы еңбек етіп, Ұстаз бақытын бастан кешіріп жүрген ғибратты ғұмыры дәлел. Оған сонау студенттік кезеңдегі тырнақалды зерттеулерінен басталған тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде үздіксіз жалғасып келе жатқан ғылыми еңбектері мен Ғалымдық бақыты дәйек. Оған Университеттің Халықаралық қатынастар факультетінің Шығыс тілдері кафедрасын 10 жыл басқарған, Шығыстану факультетінің Әдістемелік бюросының төрайымы, Университеттің, факультеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі, Ғылым және халықаралық байланыстар ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп атқарған ұшан-теңіз Азаматтық қызметі айғақ.
Тұлпар шығар құлынды тай күнінен танитын тілекші жанға – зерделі Ұстазға жолығу – адам өміріндегі сәттіліктердің бастауы. Ұлбалаға тағдыр сондай нағыз ұстаздарды кезіктіріпті. Мектеп жасындағы балғын қыздың болашағынан үміт күтіп, үнемі көтермелеп, дем беріп, қанаттандырып отырған пән мұғалімдерінің махаббаты әлі күнге оның жүрегінде. Тіпті алғыр қыздың оқуына кедергі келтірмесін деп, құрбыларының бос әңгімесінен қызғыштай қорып, анасындай қамқорлық жасаған интернаттағы тәрбиешісі Ділда апайының ақжолтай ісін сөзбен жеткізу мүмкін бе!? Университетте оқып жүрген қаршадай қызға ғылымда түрен түспеген тың дүниені зерттеуді тапсырған ұстазы Мәрзия Мәженованың шәкіртіне деген сезімінің қандай өлшемі болмақ?! Бұл – алдындағы студенттің бойындағы алғырлықты алыстан таныр аңғарымпаздық, білімінің беріктігін дөп бағалар біліктілік, жас болса да иығына артқан жүктің салмағын сезіне алар биік жауапкершіліктің барын дәл бағамдар нағыз ұстазға тән қасиеттердің көрінісі. Ата-ананың тілегі мен ұстаздардың сенімі қанат берген қарлығаш болмысты қыз мектепте де, университетте де, аспирантурада да қатарының алды болды. Мұғалім болсам деген арманын ғылымға деген қызығушылығы асқақтата түсті. Ұлбала Алжанбаеваның осыған дейін ұлттық және шетелдік баспасөзде жарияланған ондаған ғылыми еңбектері: мақалалары, баяндамалары туралы; өзі еңбек етіп жүрген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті студенттеріне арналған оқу құралдары жайлы; Түркітану мамандығының оқу жоспарына өзі бастамашы болып енгізген «Араб графикасы», «Орта ғасырлық түркі әдеби тілі» секілді іргелі электив пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің әрқайсысының орны мен маңызы хақында да жазуға болар еді. Бірақ біз бұл мақалада іргетасы сонау студент жылдарында қаланып, кейін келе ғалымның Бас кітабына арқау болған араб тіліндегі түркизмдер жайлы еңбегіне тоқталмақпыз. Өйткені бұл – өз иесінің ғылыми жолындағы жеке жетістігі ғана емес, ұлттық ғылымдағы тың бағыттың қайнары болған құнды еңбек, ізденіс жұмысының қомақты нәтижесі.
Егер Жаратушы бір адамға бүтін бақыт сыйласа, оның сырын сол адамның өз ісінен, табиғатынан іздеген жөн. Ғылым жолын таңдаған қазақ әйелі үшін БҮТІН БАҚЫТ: жар бақыты, ана бақыты, ғалымдық бақыт. Ал, сол бақытты өзіне үйіріп, бір-бірімен үйлестіріп отыратын адам бойындағы тегеріш-қасиет – ТҰРАҚТЫЛЫҚ. Әрине, Ұлбала да әрбір қазақ әйелі секілді, ең алдымен, сүйген жарына адал болды, оның қара басын хан тұтып, ардақтау арқылы өзінің де сүйкімін арттырды. Балаларын аялап, мейірім нұрын төгіп, өзі де қадірлі ана атанды. Ал, ғылымдағы тұрақтылығы оның бір салада табан аудармай қырық жыл бойы жалғасып келе жатқан тынымсыз ізденісінің нәтижесінде өзі салған шағын сүрлеуден кең даңғыл жасай алған ғылыми саланың көшбасындағы тұлғасын қалыптастырды, беделін биіктетіп, білікті Ғалым деңгейіне көтерілді. Шындығында осы тың сала қайдан, қашан басталып еді?!
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында студент Ұлбаланың бойындағы ғылымға бейімділікті таныған профессор М.Мәженова «Араб тіліндегі түркизмдер» тақырыбын алдымен курс жұмысының, кейін диплом жұмысының тақырыбы етіп ұсынған болатын. Шын мәнінде қазақ тіліндегі араб, парсы сөздеріне қатысты зерттеулер біршама болғанмен, араб тіліндегі түркі сөздері ол уақытта әлі түрен салынбаған тың сала болатын. Диплом жұмысы Ұлбала үшін мамандық алу үшін жазылатын кезектегі көшірме жұмысы болған жоқ. Ұстазының сенімін ақтау үшін нағыз зерттеу жұмысының машақатын қаншалықты тартса, соңынан өзіндік ізденістің соншалықты шынайы нәрлі дәмін де татты. Диплом жұмысы мемлекеттік комиссия тарапынан, рецензенттер тарапынан үздік бағаланғанда, іштей марқайып, қуаттана түскені кеше ғана сияқты…
Одан кейінгі уақытта алдымен Алматы қаласындағы №145 орта мектепте, кейін университетте араб тілінен сабақ берді. Осы кезде ол араб тіліндегі түркі сөздеріне ерекше көңіл аударып жүретін. Теориялық білімді ендігі жерде тәжірибе арқылы сезінген тың идеялар байыта түсті. Оның үстіне жоғары оқу орнында қызмет ететін педагогтардың ғылыммен айналысуы – міндетті шарттың бірі. Ішкі мүддесі мен қызмет талабын үйлестіріп, ол болашақ зерттеу жұмысының жобасын әзірлеп алды. Кешегі диплом жұмысының тақырыбын кеңейтетін бағыттарды айқындады. Профессор Берікбай Сағындықұлының жетекшілігімен кандидаттық диссертация жұмысын жазуға кірісті. Әр ісіне тиянақтылықпен қарайтын жас ізденуші өзіне артылған жүктің салмағын жан-дүниесімен терең сезінді. Өйткені бұл зерттеу арқылы ол қоғамдық санада қалыптасқан қазақ тілінің сөздік қорының баюындағы араб тілінің әсерін жоққа шығармай, араб тіліндегі түркизмдердің үлес салмағын байыппен бағдарлауға, басалқалықпен бағамдауға тиіс екенін түйсінді. «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатуы» тиіс. Бұл тақырыпты дұрыс игеру үшін екі тілдің де өзіндік ерекшелігін терең тануы, оларды тоғыстырған әртүрлі кезеңдердің, сонау ҮІІ ғасырдан бастау алып жатқан терең тарихын жан-жақты зерделеуі, тілдердің қарым-қатынасына себеп болған лингвистикалық, психологиялық, әлеуметтік, этнотарихи факторларды қылдан май суырғандай мінсіз дәлдікпен дәйектеуі қажет. Сондықтан тіл біліміндегі ең бір күрделі әрі қарама-қайшылығы мол саланы зерттеу оңай емес, ал әлі соқпағы көрінбейтін соны сүрлеуді бастаудың қаншалықты мехнат екенін де жадында ұстады. Бірақ табиғатындағы табандылық, жаңашылдыққа құштарлық, бойында бала күнінен қалыптасқан өрлік пен батылдық күманды ойларды күн өткен сайын ысырып, жаңа, тың идеялардың үлесі арта түсті.
Зерттеушінің алға қойған бағдары екі тілдегі өзгерістерге себеп болатын ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді айқындаудан бастау алды. Өйткені сөз ауысу үдерісінде олардың үлес салмағы өте маңызды. Ғалым араб тіліндегі қанатты нақыл сөздерге ден қойып, араб мәдениетіндегі түркі тілінің әлеуметтік мәртебесін анықтаған пікірлерге назар аударды. «Мысалы, кезінде араб зиялыларының арасында түркі тілін білудің өзі биік мәдениеттің, зор білімпаздықтың белгісі саналған. Арабтарда «Түрікше білмегенің – Алладан қорықпағаның» деген мәтел сөздің мәнін анықтады. Тарихи санада, алдымен, арабтардың түркі халқына үстемдік еткенін, кейіннен қыпшақ мамлүктерінің, одан біраз кейін осман түріктерінің арабты билегені сақталған. Дегенмен, араб тіліне түркі тілінің көп жағдайда зорлық-зомбылық, үстемдік жолымен емес, мәдени-тарихи алмасулар негізде молырақ енгенін пайымдады. Түркінің рухани әлеміндегі асқақтық қана емес, оның материалдық дүниесіндегі аса талғампаздығы, шеберлігі нәтижесінде арабтың ел билеуші, шенеуніктерінің көңілінен шыққан ас-тағам, тұрмыстық зат атауларының да сол қалпында араб тілінің сөздік қорына ену заңдылықтарын зерделеді.
Тілдер бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, бірін-бірі байытады. Бұл үдерісті зерттеу тілдер дамуының заңдылықтарын ашуға, олардың құрылыс ерекшеліктері мен сол тілдің даму арналарын да алдын-ала айқындауға мүмкіндік береді.
Көп жылғы ізденіс нәтижесінде 2000 жылы «Араб тіліндегі түркизмдер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғалды. Диссертацияның негізінде 2001 жылы «Араб тіліндегі түркизмдер (қазақ лексикасы бойынша» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Еңбек үлкен екі тараудан тұрады. 1-тарау «Түркі және араб елдерінің тілдік қатынасы», ал, екінші тарау «Түркі элементтерінің араб тілінде игерілуі» деп аталады. Алғашқы тарауда ғалым араб тіліне түркі сөздерінің енуіне ықпал еткен тарихи-мәдени факторлардың ықпалын айқындайды. Ғалым Ұ.Алжанбаева арабтың діни және әскери үстемдігі қанша басым болса да, араб тілінде ғылыми еңбек жазған түркі ғұламаларының зерттеу жұмыстарында қолданылған түркі сөздері сала терминдері ретінде араб тілінің қорына қосылып отырғанын дәлелдеді. Жазба ескерткіштерде түрік тілінің ықпалы болғанын дәйектеп көрсетті. ХҮШ ғасырда араб тіліндегі түркі кірме сөздердің дені қызмет түрлеріне қатысты әлеуметтік және киім-кешек, тағамдар секілді тұрмыстық өмірге қатысты болды. «Сол сияқты Мысырда үстемдік құрған мемлекеттік қыпшақ-оғыз тілін үйренудің қажеттігі туды. Тарихаи мәліметтер бойынша сол кездегі арабтардың дінбасылары, қолбасшылары мен ғалымдары бұл тілді жете меңгерген. Мысырда көптеген түркі ғалымдары әртүрлі оқу орындарында дәріс берген. Атап айтқанда: Махмуд б. Фатша ас-Сараи, әл-Мадраси ас-Сараи, Мәулени Заде әл-Аджани, Махмуд б. Абдаллах Әу ат-Тина ас-Сараи әл- Қаһири. Ғалымдардың көпшілігінің аты-жөнінің ас-Сараи болып келетінінің себебі – Алтын Орда астанасы Сарай деп аталған,» — деп жазады зерттеуші өз еңбегінде. Сонымен қатар Ұ.Алжанбаева араб тіл білімінің баға жетпес, құнды сөздіктерін, соның ішінде екі, үш тілдік сөздіктерді жасаған тегі араб емес ғалымдардың арасында түркі ғалымдарының көп болғанын нақты деректермен атап көрсетеді. Мысалы, арабтанушы зерттеушілер «құрылысы бойынша ең жақсы, дәлдігі жағынан ең дұрысы, пайдалану жөнінен ең қарапайымы, қолданысы жағынан ең кең тарағаны» деп аса жоғары бағалаған «Сихах» сөздігін жасаған Имам әл-Жаухаридың, әрі лекикограф, әрі ғажап ақын Замахшаридың, өз заманындағы эрудициясының күштілігімен танымал болған әл-Қифтидің сіңірген еңбектеріне талдау жасап, баға береді. Араб пен түркі тілдерінің тоғысуына бірден-бір ықпал еткен «Китабу маджмуи тарджуман, турки уа аджами уа муғули уа фарси» («Түркі-парсы және монғол-парсы тілдерінің жалпы түсіндірме кітабы») сөздігінің әлемдік түркітану ғылымындағы рөлін көрсетеді. Зерттеуші бүгінде дүние жүзіндегі атақты кітапхана қорларында сақталған сан алуан сөздіктерге шолу жасай отырып, олардың өз зерттеуіне қатысты тұстарын терең зерделейді.
Осы бірінші тарауда ғалым араб тіліндегі түркі сөздерін тақырыптық топтарға бөліп қарастырады. Атап айтқанда: күнделікті тұтыну заттары, тағамдар, кәсіптік құралдар, жер-су атаулары, металл атаулары, туыстық атаулар, әскери терминдер, ғылыми терминдер, дене мүшелерінің атаулары және т.б. Осылардың ішіндегі ең кең таралғаны әскери лексика екенін бағамдайды. Бір ғана әскери шен атауы ретінде қалыптасқан «аға» сөзінің мағыналық қырларын жан-жақты ашады. Сол сияқты ғалым негіздеген «жолдас» сөзінің этимологиясы да өзінің тосындылығымен, логикалық жүйе ерекшелігімен қызықтырады. Зерттеуші қарастарған тағы бір ерекше тілдік құбылыстар – араб тіліндегі түркизмдердің дәлелі ретінде айтылатын ономастикамен байланысты атаулар. Олардың ішіндегі таза түркілік атаулар мен түркі және араб сөздерінің бірігіуінен, кірігуінен жасалған атауларды жіктеп бөлуі де еңбектің мәдени-танымдық құндылығын арттыра түскен.
Түркі элементтерінің араб тілінде игерілуін зерттеген екінші тарау да ғылыми негіздерінің дәйектілігімен, ой жаңашылдығымен, тосындылығымен назар аудартады. Мысалы, араб тіліне енген түркі сөздерінің консонантизм, вокализм құбылыстарындағы айырмашылықтарды егжей-тегжейлі зерттейді. Әр аймақтағы түркі тілінен енген сөздердегі фонетикалық нұсқаларды салыстырып, олардың өзгеруіне себеп болған тілдік заңдылықтарды түбегейлі ашып көрсетеді. Сондай дәледеменің бірі ретінде басқа тілден енген сөздердің өзге тілде игерілуіне ықпал ететін географиялық факторды келтіреді. «Мысалы: түркінің «сүңгі» сөзі Түркияға жақын орналасқан Иракта «сунки» деп аталса, ал жер жағдайы шалғай жатқан өзге араб өңірлерінде «синджа» деп сол тілдің ыңғайына «бейімделген» — деп өз пайымдамасын ұсынады. Бұл еңбектің ең бір ұтымды қыры – зерттеушінің араб тілінің табиғатын, оның фонетикалық, лексикалық, грамматикалық заңдылықтары мен ерекшеліктерін терең білуінде, сол білімін араб-қазақ тілдері бойынша салыстырмалы сипаттағы зерттеу жүйесінде асқан сауаттылықпен, дәлдікпен үйлестіре алуында. Сондықтан ғалым өз зерттеу жұмысында түркизмдердің араб тіліне сіңісуіндегі фонетикалық заңдылықтарды саралап, осы үрдістегі эпентеза, протеза, апокопа, эпитеза, метатеза құбылыстарының мән-мағынасын айқын көрсетіп берген. Ал түркизмдердің грамматикалық тұрғыдан игерілуіне қатысты дәйектемелер табиғаты жағынан мүлде бөлек, бірі флективті, бірі агглюнативті тілдер тобына жататын түркі және араб тілдерінің жаңа сөздерді қабылдаудағы грамматикалық жүйенің ішкі қарсылығын жеңіп кететінін өте дәлдікпен негіздеп береді. Әсіресе, сөз таптары бойынша жіктелген грамматикалық заңдылықтар оқырманның қызығушылығын тудыратындай қызықты салыстырулар арқылы берілген. Сол сияқты осы тараушада түркі сөздерінің игерілуін лекскалық семантикалық тұрғыдан төрт топқа бөліп қарастыруы ұтымды шыққан. Атап айтқанда: 1)семантикасын өзгеріссіз сақтаған түркизмдер (тамғатун-таңба, килимун-кілем); 2)мағынасы тарылған түркизмдер (орман – ботаника бағы; көпмағыналы жаға сөзі тек киімнің жағасы деген мағынада сақталған); 3)мағынасы ұлғайған түркизмдер (қазық сөзі қазық ұғымымен қатар өлтіру құралы, қару, аяқтан шалу, астыртын жасалған зұлымдық деген мағыналарды береді); 4) мағынасы өзгерген түркизмдер (металл ақша, су алатын ыдыс мағынасын білдіретін бақыр сөзі араб тілінде бакрадж шәйнек, кофейник мағынасын білдіреді). Мұндай ұтқыр да дәйекті дәлелдемелер еңбектің өн бойында тұнып тұр.
«Араб тіліндегі түркизмдер» атты ғылыми-зерттеу еңбегінің құндылығын артырып тұрған ерекше бір сипаты автордың ғалымдық әдебінің жоғарылығы мен тілдік материалдарды талдаудағы кірпияздығы деуге болады. Өзіне дейінгі ғылыми еңбектердің тақырыпқа қатысты тұстарын өз ой өрімдерімен біртұтастықта, біліктілікпен үйлестіре алуы Ұлбала Тұрапбайқызының ғылымға адалдығымен қатар танымдық-мәдени деңгейінің жоғарылығын паш етіп тұр. Ал, тілдік материалдардың сандық та, сапалық та тұрғыдан жіті зерделенуі ғалымның интеллектуалдық әлеуетінің биіктігіне толық дәлел болады. Сондықтан жылдар бойы қордаланған өрелі ойлар өз өрісін бірте-бірте кеңейтуімен де, бүгінде ұлттық ғылымның тың саласында тырнақалды жұмыс болуымен ғана емес, сол алғашқы соқпақты дұрыс қалауымен де бағалы. Сондықтан ұстаз-ғалым, жаңашыл зерттеуші, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Ұлбала Тұрапбайқызы Алжанбаеваның тұғырлы белесінде қол жеткен ерен табыстары оның жеке қуанышын ғана үстеп қойған жоқ, олар елдігіміздің белгісі саналатын ана тіліміздің мерейін асырып, мәртебесін биіктетуге үлес болып қосылды.
Жанат Дәулетбекова, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.