«Әр түн сайын осы» Адам төзгісіз жағдайды бастан кешіп жүрген алматылық әйелдің әңгімесі

0

АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. «Жұлқыма аяқ синдромы» (синдром беспокойных ног) – сирек кездесетін, асқынса емделмейтін неврологиялық дерт түрі. Ол адамды ұйқысыздыққа ұшыратып, естен тандырып, тіпті суицидке де апарады. Жүректің жұмысы нашарлап, адам өліп те кетуі мүмкін. Бүгінде әлем халқының 5-10 проценті осы дерттің зардабын тартып жүр. Олардың қатарында Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беруге келіскен алматылық Ләззат Бектембекова да бар.  

Алматылық келіншек сұқбат беруге елімізде назардан тыс қалған осы дерттің жайына денсаулық сақтау министрлігі көңіл бөлсе, невропотологтарды кәсіби деңгейде шындауға кіріссе деген ниетте келіскенін баса айтты.

Ләззаттың бұл ауру түрінен зардап шегіп жүргеніне 22 жыл болған. Ол «жұлқыма аяқ синдромына»  шалдыққан науқастарды отандық медицина емдей алмайды» деген тоқтамға келіпті. Себебі бұл синдром біздің елдің медицинасының аурулар тізімінде жоқ екен. Сондықтан ол 22 жыл қанша медициналық мекеменің табалдырығын тоздырса да, емделе алмаған. Тіпті, дәрігерлердің барлығы дерлік дәл осындай аурудың бар екенінен мүлде хабарсыз болып шыққан. Тек соңғы сәттегісі болмаса. Сол үшін де дұрыс диагноз қоя алмаған. Өздерінің білмейтінін білдірмес үшін екінің бірінде кездесе беретін «дистония» сияқты диагноздың ем-домын алуға кеңес беріп келіпт. Ал Ләззат қазір өзін-өзі ғаламтор арқылы емдеп жүр десе де болады. 

Тағы оқыңыз: Жүкті әйелдерге – 425 мың теңге: министр жаңа төлем туралы айтты

«Үш жыл бұрын «Хак» клиникасындағы невропотологқа қаралған едім. Сол дәрігер бұл синдромды біледі екен. 22 жылдың ішінде науқастың ауруы туралы қағазға «жұлқыма аяқ синдромы» деп жазған жалғыз дәрігер сол кісі болды. Бірақ кеш еді, өйткені менікі асқынып кеткен. Ал оған дейін ешқандай медициналық көмексіз адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келдім», — дейді ол.

Алматы тұрғыны дәрігерлердің білместігінің құрбаны болғанын ашына айтады. Соның салдарынан түрлі психотроптық дәрі қабылдап, тіпті, неше мәрте ақыл-есі кем науқастарды емдейтін ауруханаға да жатып шыққан. Өйткені жылдар бойы күніне 1-2 сағаттан артық ұйықтай алмай, жүйкесі әбден зақымданған. Тым көп дәрі қабылдаудың салдарынан, басқа ағзалары да зақымданып, ауыр халде жатып қалған кездері де болыпты.

«Немен ауыратынымды, қай дәрігерге баратынымды білмедім. Одан соң бұл уақытша нәрсе, өзі жоғалып кететін шығар деп ойладым. Алғашқы жылдары ұйықтататын дәрі де ішіп жүрдім. Бірақ еш көмегі болмады», — дейді ол.

Сирек кездесетін дертті бір ауыз сөзбен сипаттау қиын деген келіншек түннен қатты қорқып, кеш батса, иманын оқи беретін күндерді былай еске алды:

«Еш жерің ауырып-сырқамайды, бірақ басың жастыққа тигенде мазалайды. Тыныш жатуға мұрша бермейді. Аяғыңды үздіксіз қозғалта бергің келеді. Жатқызбайды. Ақыры, орныңнан атып тұрып, жүріп кетуге мәжбүр боласың. Басында сөйттім де. Шошып та қалдым. Жүріп-жүріп келген соң, ол алғашында қойды», — дейді Ләззат.

Бірақ бұл басы ғана екен. Бастапқыда дерт 4-5 күнде бір мазаласа, уақыт өте келе арасы қысқарып, күн сайын түнде қылаң беретін болып алыпты. Ләззат бұл дертке 1997 жылдан бастап 2003 жылға дейін ешқандай ем-домсыз өздігінен төзіп келген. Тіпті, ол туралы айналасындағыларға да тіс жарып айтпаған.

2000 жылы алматылық келіншек екінші баласына жүкті болады. Сол кезде, неге екені белгісіз, бұл дерт одан әрі күшейіп кеткен.

Тағы оқыңыз: «Қайыр сұрадым…» Қыз туа бергені үшін күйеуі тастап кеткен алматылық әйелдің әңгімесі

«Жүктіліктің соңғы екі айында мүлде ұйықтаған жоқпын. Ақыры есеңгіреп, әлсірей бастадым. Ісініп кеттім. Тіркеуде тұрған гинекологқа жағдайымды айтып, етегімді жасқа толтырдым. Орыс әйел еді. Ол басшылығымен ақылдасып, ақыры мені жүйке аурулары ауруханасына жіберді. Ал ондағылар «неғып келдің, мұнда жындылар жатады деп» өзіме ұрысты», — дейді ол.

Ұйқысыздыққа ұшыраған екіқабат әйел түнде даладағы баспалдаққа отырып, алдын ала дайындап қойған екі шыбықпен балтырын кезек-кезек сарт-сарт еткізіп ұратын болған. Сөйтіп отырғанда бір кезде таң атады. Сол кезде талықсып құлаған әйел үзіп-жұлып, бір сағат көз шырымын алады екен. Ақыры ол ұлын босанады. Одан кейін сәл кішкене басылғандай болғанмен, артынан ауру қайтадан үдеп кеткен. Ұйқысыздықтан әбден мезі болған әйел ақыры кредит алып, Қытайға тартқан. Ол жақтағылар инемен салатын дәрі берген.

«Содан біраз жақсы болдым. Алайда уақыт өте келе, ауруым қайта дендеді. Содан тапсырыс беріп, әлгі дәріні Қытайдан тағы алғыздым. Бірақ ол дәрі болмай шықты, сөйтіп оның баламасын сатып алдым. Бірақ, ол көмектеспеді»,- дейді Ләззат.

Денсаулығына қарамастан алматылық келіншек жұмысынан қол үзбеген. Тек шамасы біткенде, еріксіз жұмыстан кеткен. Қазір жұмыссыз, ауруының салдарынан жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.

«Соңғы істеген жұмысымда басшылық жағдайымды түсініп, жұмысқа кешігіп келуіме рұқсат берді. Оларға алғысым шексіз», — деп ризашылығын білдірді ол. 

Тағы оқыңыз: «Әйелдер де ұрады». Анна Құдиярова келіншектердің отбасында неге таяқ жейтінін түсіндірді

Табыс та, жұмыс та жоқ кезде ауруы әбден асқынған Ләззат, тіптен қиналған. Өлім туралы да ойлаған, өліп те қала жаздаған. Өзінің адам төзгісіз сол кезін келіншек былай еске алады:

«Осыдан үш жыл бұрын менің саудам бітті. Бұл бәле менің аяғымды қойып, ішкі ағзаларымды аралай бастады. Шарасыздық шаршатты, өмір сүргім келмеді, отбасымның шырқын бұзбай өліп қалсам ба деп те ойладым. «Бүйткен аяғы бар болсын!» деймін түнде. Бірақ таң ата синдром кеткенде, Алладан кешірім сұрап, қайта тіршілігімді бастаймын. Бір күні құлап, есімнен танып, өзімнің кім екенімді білмей қалдым»», — дейді ол.

Бір күні таңертең Ләззат кішкене жантая қояйын деп төсекке қисая кеткен. Өзі ұйықтадым деп ойлаған, бірақ ұйықтамаған. Есін жиғанда, алдында үш дәрігер отырған. Күйеуі кейін оған не болғанын айтып берген. Сөйтсе, сол жаттым дегеннен дәрігерлер келгенге дейінгі бір сағат аралағында «Мен кіммін, мен кіммін» деп, күйеуін әбден шошытқан екен.

«Ал ол кезде мен өзімді ұйықтап тұрдым деп ойладым. Осындай да жағдай болды. Осының бәрі ұйықтамағаннан», — дейді Ләззат.

Ал екінші ретінде инсульт жағдайында Қалқаман ауруханасынан бір-ақ шығыпты. Тілі күрмеліп, дұрыс сөйлей алмаған, аяғынан тік тұруы да қиын болған. Дәрігерлер қалай емдерін білмей, әбден абдыраған. Ақыры Ләззатқа көмектесе алмайтынын айтқан. Осылайша палатада жаман күйде жатқан кезде, келіншектің қызы келіп, тұрмысқа шыққалы жатқанын хабарлайды.

Тағы оқыңыз: Бір жасар қыз екпеден кейін көз жұмды: дәрігерлер себебін түсіндірді

«Бір жағынан қуаныш, бір жағынан қорқыныш. Осы екі сезім арпалысып, бойымды тіктеп, мені аяғымнан тік тұрғызды», — деп еске алды Ләззат.

Бүгінде өз дертіне мойынсынған келіншек бір дәрінің көмегімен 4-5 сағат ұйықтайды екен. Оның өзінде де арасында аяғы қозғала бастайды. Оянып біраз уқалап барып, қайта қисаяды. Дәріні үш жыл бұрын интернеттен көріп, сатып алған. Күнде жатар алдында бір таблетка ішіп алады. Бірақ дәрі бір жерін емдегенмен, екінші жеріне кері әсер етуде.

Тағы оқыңыз: Тегін дәрі-дәрмек: қайдан және қалай алуға болады

Ол басынан өткен азапты түндерді айта отырып, өзі секілді жандармен ақпаратымен бөлісуді жөн көріпті. Өйткені бұл ауру түрі Қазақстанда ресми түрде танылып, дәрігерлер кәсіби деңгейде айналыспайды.

«Адамдар мен секілді жиырма жыл адасып жүріп қалмасын деп жол сілтегім келеді», — дейді Ләззат.

Алматылық келіншектің айтуынша, Ресейде «жұлқыма аяқ синдромына» шалдыққандарға мүгедектік тіркетеді. Бұған қоса, шетелде мұндай науқастарды тұрақты қарап, ауруханаларға жолдама беріп отырады екен.

«Себебі ол жүйкені шаршатып, адамның қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Ауру асқынғанда, өмірі дәріге байланады. Ал түнімен ұйықтамайтын адам күндіз жұмыс істеуге қауқарсыз. Біздің отандық медицина Ресейдегі сияқты бұл ауруды аурулар тізіміне ресми түрде тіркеп, кәсіби деңгейде шұғылданса деймін», — деген тілегін білдірді ол.



sputniknews.kz