«Әр қазақтың жағдайы болса екен деп жанын салатын»: Әріптестері Бейсен Құранбек жайлы жантебірентерлік естеліктерін бөлісті — Қазақстан жаңалықтары
Бүгін танымал тележүргізуші, журналист, «Жетісу» арнасының директоры Бейсен Құранбек көз жұмды. Бүкіл халық болып тележүргізушімен қимастықпен қоштасуда. Дос-жарандары желіде жүрек тебірентерлік жазбаларын қалдырды. Бірге жұмыс істеген әріптестері, бауырындай сыйлас болып кеткен ағалары да Stan.kz ақпарат агенттігіне Бейсен Құранбектің өте талантты, әрі кең пейілді жан болғанын айтып, қайғыларымен бөлісті.
«Осындай талма-тұста ауызға оралатын «сұм ажал» деген сөзді айтуға әу бастан бейіл емес едім. Бейсенге қатысты мұны енді қадап тұрып айтқым келеді. Қатты сырқаттанып жүргенін айналасы ғана емес, жалпақ жұрт білді. «Тәңірдің өзі халықтан бір-ақ жас үлкен» деген ұғыммен өскен біздер –жасымыз бар, жасамысымыз бар Алладан Алаштың ардакүреңінің амандығын жаппай қол жая тілеп жаттық! Көптің ақ тілеуіне құлай сендік те! Әне-міне жайраң қаға ортамызға оралар деп телеарна жаққа жәудірей көз салушы едік. Аяғы осылай шықты «жазмыштан озмыз жоқ» екен!
Бейсенді мен сонау «Спорт» газетінде істеп жүргеннен бері танимын. Жақын танып, сыйлас болдық. Ауырғанын айтпайтын, әдеттегінше жайнап жүретін. Біз жазып хабарласқанымызда «Уайымдамаңыздар. Жақында жұмысқа ораламын» деп айтты. Әкім Амандық Батталов 15 күн бұрын ғана хабарласқанын айтып жатыр. Ол кісіге де «Жақында ораламын» деген. Солай ешкімге салмағын салғысы келген жоқ, білдірмеді. Былтыр сәуір айында бір таныс әпкемізде той болды. Бейсен жүргізіп берген еді. Той біткен соң таныс әпкесіне «Басым дуылдап тұрды. Кейбір сөздерім өзіме естілмей қалды» деп айтқан екен. Асқар тау азаматтай, Жетісу жерінің панасындай, қамқорындай жарық жұлдызындай жарқ етіп кетті. Әділдіктің туын көтеретін, қара қылды қарқ жаратын. Жақсылыққа жаны құштар жан еді. Әр қазақтың жағдайы болса екен деп жанын салатын.
Қазақтың бір жыртығына жамау болам деп шырылдап жүріп жанып кетті-ау, дейді бір ойым. Жоқ-жітіктің қисыны қиын шаруасының түсінін шешемін деп жүріп қоғамның сызына тоңып кетті-ау. Алланың жазуы ғой, солай десек те, ақ жүрек журналистің жүгі ауыр мына жалғанда.
Бейсенжан теледидар жәшігінен аюдың аптығын басар жаужүрек ұлдай, екі езуін де жия алмай, қос жанары жайнай жан-жағына мейірлене қараушы еді-ау! Лебізін мизам шуақтай майса күліп бастаса да, майда сөйлеу ауылына маңайламайтын. Жүрегіне құндақтаулы асыл мұратын дәйектей, дәлелдей келе сонау зәу биіктен тіке құлаған көк қырандай темірқазық нысанасын дөп басатын-ды. Беу, сөз құдіреті-ай, десеңізші! Көзіндегі жасын көрсетпесе де көкірегіндегі зарын жасыра алмас, қиянаттың қиянаты бетке шығарса да наркескен намысының жонын бастыра алмас, мыңдаған көрермендері қазірдің өзінде іздеп жатыр. Бұдан былай тіптен олардың қарасы ұлғая бермек.
Журналистика жампозына айналып, қалың қазақтың әжетіне асар айшықты өзіндік мектеп-арнасын қалыптастырып үлгерсе – ілімнің көзін, білімнің көзін тапқан талант пен табандылық мүсіндеген ізденгіштігінен. Қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, ел-жұрт тамыршысына айнала білсе – көбімізде кемшін соғар ерекше сәулей түйсігінің молдығынан», – деп естелігімен бөлісті «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін.
«Қандай ақжарқын азамат, ешқашан еңсесі түспейтін ер еді. Естелік айтып отырамыз деп кім ойлаған. Бейсен «Спорт» газетінде, мен «Жас Алашта» жүргенде алғаш аралса бастаған едік. Көбіне жұмыстан 61-автобуспен бірге қайтатынбыз.. Екеуіміз де ҚазҰУ-де тұрамыз. Әңгіме бітпейді. Спорттан, оның ішінде футболдан бастаймыз. Содан соң сөз ауаны өнерге, сосын бір уақытта білінбей-ақ күнделікті өмірге, тіршілікке ойысады. Бейсеннің байсалды пайымдары, ойлы тұжырымдары алып-ұшқан албырт көңілді кәдімгідей саябырлатып, сабырға шақырады. Әңгіме аяқталмай қалса, «үйге жүр» дейді де, сөзімізді шай үстінде жалғастырамыз…
Ішкі мәдениеті аса жоғары азаматтың пікірталас барысындағы биязылығы, ұстамдылығы, ойларының жүйелілігі қандай еді! Тыңдай бергің келетін, сөйлесе бергің келетін. Сөз ұштығы қай мәселеге барып тірелсе де, пікірін: «Бастысы — біз өз мақсатымызға адал болуымыз керек. Мақсатсыз істе береке болмайды», — деп түйіндейтін. Арамыз бірер жас болса да, оның осыншалықты орнықты мінезіне, үлкен кісілерше пайымдай білетініне әрі таңдана, әрі қызыға қараушы едім.
Бейсен өз мақсатына адал болды. Ол өз өмірінде әділдікті ту етіп ұстай білді. Жаратушы бойына дарытқан қарым-қабілетін барынша ізгі іске жұмсап, адал еңбек етті. Әлі де көп жарқын істер атқарса, әлі де арамызда жарқырап жүре берсе… ғой, шіркін. Бірақ тағдырдың ісіне не шара? Туған-туыстарына, барша қазаққа көңіл айтамын. Досымыздың жаны жәннатта болсын», – деген естеліктерімен бөлісті белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай.
«Бейсен аға өте ақжарқын кісі болатын. Кез келген адаммен жақын араласып, әңгімелесіп кететін. Бүгін таңертең қаралы хабарды естігенде біртүрлі күйде қалдым. Бір жылап алдым. Бейсен аға кездескен әр адамына «сен батырсың, сенің қолыңнан келеді» деп отырады. Алдында кішкентай бала ма, студент тұр ма бәріне бірдей қарайтын. Содан кейін бір көрген адамның атын ұмытпайтын. Мен спорт журналисі боламын. Ол кісімен 2012 жылы «Қазақстан барысы» жобасында таныстым. Кейін менің ақтөбелік екенімді біліп, бірден балдыз қылып алды. Бейсен ағаның жұбайы Гүлмира апай менің туған жерім Байғанинге көршілес жатқан Темір ауданынан екен. Содан соң, ағаның өмірлік жары менің апам раушангүлмен бірге Ақтөбедегі шет тілдері факультетін аяқтаған. Тіпті дипломдарын атап өту үшін қыздармен бірге біздің үйге келгенін білемін. Осылайша, Бейсен ағаны жақын санап жүретінмін. «Сенің мақалаларыңды оқып тұрамын» деп айтқанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеген еді. Өте керемет кісі еді. Бейсен ағаны соңғы рет 2014 жылы Сочиде болған олипиададан кейін көрген жоқпын. Арасында хабарласқанда бірден танып жататын. Телефон нөмірімді сақтап алған екен. Қазір енді ол кісіні бүкіл қазақ жоқтап жатыр. Қасиетті айда өмірден кетті. Бейсен ағаны ешқашан ұмытпаймыз», — деп еске алды спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы.
Дайындаған Анар Дәукен
stan.kz