Ар ілімін ардақтаған қойылым
Кез келген театрландырылған қойылымның, шығармашылық жұмыстың жарқырап шығуы, еткен еңбегіңе, жаныңның ауырғанына байланысты. Аталған спектакльді бастан аяқ тамашалау арқылы режисер Жұлдызбек Жұманбайдың, қойылымның театрландырылған нұсқасын әзірлеген Амангелді Бахтиновтың еңбегі толық ақталды деп сенеміз. Негізгі және қосалқы рөлдердегі актерлердің ізденісі және Шәкәрім тақырыбын жүрегімен сезінгені жұртшылықты баурап, талантына тәнті еткені айқын аңғарылды. Шәкәрімнің образы (Еркебұлан Нұғыманов) соншалық жатық, соншалық жақын, кәрі Шыңғысты мәңгілік биігінде қалдыру үшін актердің (Естай Шәріпұлы) ерекше ізденгені, Шәкәрімнің өмірлік жолдасы, сенімді серігі Әупіштің (Ғалымбет Тасболатов) сахнадағы жүрісі-тұрысы нанымды көрінді.
Қойылым кіріспесі ойшыл ақынның шыр етіп өмірге келген мезеті, ақын ағасы хакім Абай айтпақшы, көрсем-білсем деген ниетпен көп нәрсені көңілге түйіп үйренгені, болыс болып қоғамдық істерге араласуы, қожа-молдалармен тартысуы, елден шалғайға кетіп ар іліміне, шығармашылыққа тереңдеуі, бәрі-бәрі тұтастай алғанда, сегіз таспалы қамшыдай ғажап өріліп шыққан. Әр детальға, айшықты штрихтарға аса зор мән берген автордың алғырлығы, режисердің таудай талабы танылды.
Қосалқы рөлдердегі қараша халықтың сыпсыңы, ақын жанын жаралайтын суық сөздері, надан тобырдың қарасұр киімде көрінуі, Шәкәрім болыс болып шыға келгендегі жағымпаз жұршылықтың жағыну мағынасындағы әртүрлі қимыл-қозғалыспен билеп шығуы, шапан жауып жалпақтауы жаңашылдықтың дәмін татырды. Болыс сайлауындағы тастарды тықылдатып санау арқылы жеткізілген ой, дінді алға тартып өтірік жөткірініп, маңғаз көрінген шала молдалар мен қатал қарилердің бейнелері шынайы сомдалған.
Спектакльдің шарықтау шегіндегі дала данышпаны Абайдың қазасы залда отырған көрерменнің, барша қазақтың Абайдай алып тұлғасын жоғалтқандағы үлкен өкінішін, Шәкәрімнің өмір бойғы жолдасы болған Әупішпен жолы екіге бөлінгендегі кемеңгердің ауыр қайғысы, Абай ағасының қамқорында болып білім-ғылымға қол созған талапшыл жастың күйініші көрермен көңілінің кілтін тапқан секілді. НКВД түрмесінде қызылдардың қыспағынан өз-өзіне қол салған баласы Ғафурдың сахнаға бассыз шығуы, немересі Баязиттің мойнындағы қыл арқан барлығы да Шәкәрім ұрпақтарының Кеңес өкіметі тарапынан аяусыз қудалауға түскенінен хабар беріп, тарихи оқиғалармен тамырласып шыға келді.
Спектакль бойында кәрі Шыңғыс болып Шәкәріммен сырласқан кейіпкер тағы бір қырынан қарағанда кемеңгер ақынның алғыр ойы, ар-ожданы ма деген де ой келді. Санасын сайтан билеген пенде өзінің арының алдында бар күнәсін өтейтіні анық. «Менің осы ісім не?» деп бейнебір екінші адаммен сырласқандай күй кешетініміз бар.
Спектакль мәресінде тау арасында атылған мылтықтың кімдікі екені белгісіз. Үлкен жұмбақтың шешімін көрерменнің өзі іздеп табары сөзсіз. Анығы Шәкәрімді ажал оғына байлаған қандықол қарақшылар, НКВД жендеттері. Абайды сабаған, Абайға қол көтерген ноқай тобыр. Ал Шәкәрімді өлтірген озбырлықтан оқталған мешеуліктің мылтығы — надандық еді. Осы ойды қойылым авторлары ашық айтып, дәл танып, анық жеткізіп отыр. Сахна безендірудегі декорация үлгісі лайықты таңдалған. Актерлердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына зор маңыз берілген. Қойылым бойы тау, ақынның соңғы күндері өткен тарихи мекен Керегетас, тобыр болып Шәкәрімді келеке қылып тон пішкен алып мүсіннің қас-қағым сәтте Құрқұдыққа айналып шыға келуі көрермен күтпеген шымыр шешім. Шәкәрім мүрдесінің құрқұдыққа тасталған заматта көрермен жүрегін селт еткізіп, жүрек шымырлатып әсерге бөлегенін байқадық. Режиссердің шын шеберлігіне өн-бойымыз шымырлап тұрып қол соғуға мәжбүр болдық.
Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында ойшыл ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша әзірленген спектакльдің режиссері және сценографиялық нұсқасының идея авторы Ж.Жұманбайдың, қойылымның биін дайындаған К.Джиренбаеваның, музыкасын жазған Ғ.Секеевтың, костюм суретшісі Н.Ерчихинаның, «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің сахналық нұсқасын жасаған әрі театр директоры А.Бахтиновтың, одан бөлек білуге құштар, әр пьеса сайын жаңа қырынан танылып келе жатқан актерлер тобының ерен еңбегін атап айту парыз.
Қуат ҚИЫҚБАЙ
СЕМЕЙ