Әр ананың талабының заңды-заңсыздығын қараймыз
Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев билік баспана сұраған аналардың талабының заңды-заңсыздығын қарастыратын мәлімдеді. Бұл туралы ол 3 маусымда Нұр-Сұлтанда Ақорда мен Үкімет үйінің маңына келіп наразылық білдірген аналарды қабылдаған кезде айтты.
Сағынтаевтың сөзінше, 4 маусымда Үкімет үйінде министрлер мен үкімет қызметкерлері баспана талап еткен аналармен кездесіп, мәселелерін талқылайды.
— Мәселені айғаймен емес, сабырмен шешу керек. Ол үшін әр проблеманы талқылаймыз. Ол талап заңды ма, заңсыз ба, соны қараймыз. Шешімі табылатын мәселені «табылады» дейміз, шешімі табылмайтын мәселе болса, «табылмайды» деп айтамыз. Жалған уәде болмайды, — деді Сағынтаев.
3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Наразы әйелдерге премьер-министрдің бірінші орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов шығып, сабырға шақырған. Бірақ биліктен баспана талап еткен аналар сол маңнан кетпей отырып алған. Кейін оларға Бақытжан Сағынтаев шығып, оларды Үкімет үйіне алып кіріп, шағымын тыңдаған.
2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.
Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.
Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті «халықтың жағдайын жақсарта алмады» деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.
Ақпанның 27-і күні «Нұр Отан» партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы төлей бастағандарын хабарлаған. Мамырда Нұр-Сұлтанда аналар бірнеше рет жиналып, биліктен баспана мәселесін шешуді талап еткен. Мамырдың 16-сы күні Нұр-Сұлтанда бір топ ана Астана экономикалық форумы өтіп жатқан қонақ үй алдына жиналып, жиынға қатысып жатқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шығуын талап еткен. Наразы аналар Назарбаевтан баспана мәселесін шешуге көмек сұраған. Сол кезде де наразы аналарға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов шыққан.
Мамырдың 17-сі күні Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Астана экономикалық форум кезінде «Біріншіден, мемлекет аналарға баспана берсе олар бақытты болып кете ме? Екіншіден, бұл мәселені шеше ме? Мемлекет баспанамен қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы бөлуге дайын ба? Бәлкім біз жағдай жасап, соған басымдық беруіміз керек» деген.