«Ақжол» партиясы Дания Еспаеваны сайлауға кандидат ретінде ұсынды

0
113

«Ақжол» партиясы 9 маусымда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде мәжіліс депутаты Дания Еспаеваны ұсынды. 24 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен «Ақжол» съезінде партия мүшелерінің 94-і Еспаеваны қолдады. Дауыс мөлшері 50 пайыз болмағандықтан партия комиссиясы бес минут талқылау жариялады. Кейін дауыс беру қайта өтіп, Еспаеваны 170 адам қолдап, 15 адам қарсы болды.

Бұл партия атынан Дания Еспаевадан бөлек, Талғат Ералиева, Қуат Рахимбердин, Асан Қошмамбетов, Серік Ерубаев және Евгений Кинцель сайлауға түсуге ниет білдірді. «Ақжол» лидері Азат Перуашев сайлауға түспейтінін, «партия үшін парламенттік сайлау маңызды» деді.

Дания Еспаева съезд кезінде президент болып сайланса, көп балалы аналар мәселесін шешуге атсалысатынын, бизнеспен айналысатын әйелдерге жағдай жасайтынын айтты.

Дания Еспаева – Қазақстанда сайлауға кандидат ретінде ұсынылған алғашқы әйел үміткер. Ол 30 жылдай банк-қаржы саласында жұмыс істеген. Ақтөбе облыстық маслихатының екі шақырылымында депутат болған. Қазір «Ақжол» партиясы атынан мәжіліс депутаты.

Бүгін, 24 наурызда «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған кандидат Сәдібек Түгел қазақ тілінен емтихан тапсырып, өтті. Осы күні Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) сайлауға Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты кандидат ретінде ұсынды.

Ал 23 сәуірде «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидат, қазіргі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі сынағын тапсырған.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Azattyq