Ақжарқын Тұрлыбай соңғы жаңалықтар: сот үкімі шықты

0

Ақжарқын Тұрлыбай осыдан бес жыл бұрын Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды

НҰР-СҰЛТАН, 27 желтоқсан – Sputnik. Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның ақпаратынша, бүгін Қытайдың Гуанчжоу сотында есірткі тасымалдағаны үшін айыпталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімі шықты.

«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды», – делінген хабарламада.

Үкім 10 күннен соң күшіне енеді.

Сот отырысына адвокаттар мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Тағы оқыңыз: «Қызым жазықсыз»: Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Тоқаевтан көмек сұрады

Осы жылдың қыркүйегінде Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.

Ақжарқын түрмеде немен айналысады

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз