Ақжарқын Тұрлыбай отбасына хат жолдады
Төрт жылдан астам уақыт Қытай түрмесінде жатқан Ақжарқын Тұрлыбай отбасын қатты сағынғанын жазды
АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. Қытай түрмесінде жатқан қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай отбасына хат жазып жіберді. Қытай тілінен қысқартылып аударылған хатты Ақжарқынның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов журналистерге берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қымбатты, әкешім, анашым!
Сәлеметсіздер ме. Төрт жылдан бері сіздерге алғаш рет хат жазып отырмын. Сіздерді қатты сағындым! Аяулы нашым, мен үшін алаңдамаңыз, денсаулығыңызды күтуіңіз керек, өйткені біз бір отбасымыз!
Менің денсаулығым жақсы, күнделікті спортпен айналысамын. Көп нәрсе үйрендім. Кішкентай қыз өсті. Мұнда мүлдем басқа адамдар, басқа мәдениет, басқа білім деңгейі. Мен көп нәрсені түсіндім. Сіздердің фотосуреттеріңізді алып, қарап шықтым, үйде бәрі өзгеріпті, сіңлім өзгеріпті, әдемі болып кетіпті, ал інім үлкен азамат болыпты», — деп жазған Ақжарқын.
Ол әке-шешесінен үміт үзбеуін, төзімділік танытып, күте тұруын өтінген.
«Қазір өте күштімін, соңына дейін аяғымда тік тұра аламын, үміт үзбеңіздерші. Сіздер маған әрдайым қолдау жасап, үмітімді үзбеуге көмектесетіндеріңізді білемін.
Атам мен әжемнің көптеген әңгіме айтып берген кездері әлі есімде. Әр туған күнімде торт, бәліш жейтінбіз, мерекелерге сыйлық алған кезім, бәрі-бәрі есімде. Сіздерге рахмет!», — деп түйіндеген Ақжарқын Тұрлыбай.
Ақжарқын Тұрлыбайдың хаты
Еске сала кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында есірткі тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу қаласының әуежайында ұсталған болатын. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болды. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
Кейін апелляциялық инстанция соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді жойды.