«Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылмайды». Адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Желіде “Есірткі тасымалдады” деген айыппен Қытайда жазасын өтеп жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбай елге оралатын болды деген ақпарат таралып жатыр. Осы ақпаратқа қатысты тілшіміз істі жүргізіп жүрген Ақжарқын Тұрлыбайдың 2014 жылдан бергі адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетовпен хабарласып, мән-жайды білді. 

Қытай тілін жақсылап меңгеріп алған: Ақжарқын Тұрлыбайдың қазіргі жағдайы қандай

Адвокаттың айтуынша, қазіргі уақытта Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылмайды. Желіде кең таралып кеткен ақпарат — жалған.

«Гуанчжоу соты өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін шығарған сәттен бастап біз апелляциялық шағым түсірдік (10 күн ішінде). Апелляция күні жабылған жоқ. Дәл қазіргі уақытта Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылмайды»,- дейді адвокат.

Сұңқар Нұрмағамбетов тек ресми дереккөздерге сенуді сұрайды.

«А.Тұрлыбайды ҚХР-дан ҚР-ға ауыстыру Қытай сотының үкімі заңды күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Осыдан кейін екі елдің өзара байланысына, қарым-қатынасына сүйене отырып, трансфер жасалады. Әрине, Ақжарқын Тұрлыбай ҚХР юрисдикциясынан ауысуға ниетті. Алайда, процедураның мерзімі әлі талқыланған жоқ.

Осы істі шешуге ҚР президентінің де ықпал етіп жатыр деген мәліметке қатысты айтарым, мемлекет басшысы А.Тұрлыбайдың отанға ауысуына мүдделі және барлық әрекеттерді жасауда. Өзіңдеріңіз білетіндей, ол кәсіби дипломат және синолог», — деді Сұңқар Нұрмағамбетов.

Еске салайық, Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты қызметтеріне ақы алмайтынын, Қытайға да өз есебінен барып келіп жүргенін айтқан болатын.

Айта кетейік, осыған дейін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қытай елімен келісімге келген жағдайда сол жақта өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға әкелінуі мүмкін екенін айтқан. 

 

stan.kz