Ақышев бағдарламаның қалай іске асып жатқанын айтты
Ұлттық банк төрағасы биыл жылдық инфляция 5,3% болғанын айтты
АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 41 миллиард теңгеге 3 400 өтінім мақұлданған. Бұл туралы Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2018 жылы 11 ай ішінде валюта нарығындағы теңге бағамы 11,8%-ке әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 371,56 теңгеге жетті. Биыл теңгенің әлсіреуі соңғы айларда мұнайдың әлемдік бағасының өсуіне, АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына, АҚШ Федералдық резервтік жүйе мөлшерлемесінің өсуіне және Ресей рублінің әлсіреуімен байланысты болды.
Данияр Ақышев Қазақстан ұлттық банкі нысаналы мәндерді белгілемейтінін және айырбастау бағамы үшін қандай да бір индикаторды пайдаланбайтынын айтып өтті.
«Қазіргі айырбастау бағамы саясатының бұрынғысынан айырмашылығы — осы күнге дейін Қазақстан ұлттық банкі теңге бағамын өзгерту уақыты мен мөлшерін өз қалауымен белгілеп отырды. Ал қазір бағамды экономика мен дербес қоғам айқындайды. Яғни бұл процесс саяси шешімдер мен оқиғаларға тәуелді емес», — деді ұлттық банк төрағасы.
Тағы оқыңыз: «7-20-25» бағдарламасы бойынша қалай пәтер алуға болады?
Мұнымен қатар, Ақышевтың айтуынша, қарашада Ұлттық қордың активтері 57,6 миллиард АҚШ доллары болған. Қазақстанның халықаралық резервтері 87,8 миллиард АҚШ долларына жеткен.
«Биыл 10 ай ішінде депозиттер 0,8%, яғни 17,6 триллион теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттер 2,3%, ал шетел валютасындағы депозиттер 1% өсті. Нәтижесінде 46,9% депозит доллар валютасында сақталды», — деді Ақышев.
Бұдан өзге, Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жеті банк арқылы іске асып жатқанын айтып өтті. 6 желтоқсандағы жағдай бойынша банктер 41 миллиард теңгеге 3 400 өтінімді мақұлдады.
«Қазақстан Ұлттық банкі халықпен белсенді түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бағдарламаны іске асыру барысы тұрақты түрде республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», — деп толықтырды Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы.
Баяндама соңында Данияр Ақышев 2018 жылы 27 қарашада ұлттық банк Орталық Азия елдері ішінде бірінші болып IOSCO мүшесі атанғанын айтып өтті. Ұлттық банк IOSCO-мен консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумға қол қойды.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/