Ақындар мен батырлар еліндегі той дүбірі

0

Арғысы ақбас Алатаудың, бергісі Үш­қоңыр мен Май­төбе, Суық­­төбе мен Қоңыр­төбе тау­ларының қойнау-қолат­тарынан бас­тау алатын Қарға­лы, Ұзынағаш, Қарақыстақ, Қастек, Жирен­айғыр, Сам­сы, Жаманты сынды  сыршыл өзендердің арнасынан нәр алған, тарих куәгері – Қарабастаудың батысында көне қола дәуірі­нен сақтаулы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген аспан астындағы мұражай – Таңбалы тас мүсіндер, Жәні­бек пен Керей сұлтандар қол­даса қимылдап, Шу өзені мен Қозыбасы тауының алабында, бұдан 555 жыл бұрын Қазақ хандығының алғашқы керегесін жазған мекеннің төрі – Үңгіртас пен Тарғаптың ортасындағы ата-бабамыздың қасиетті жері, атойлап Аңырақайда ата жауы жоңғар­дың бетін қайтарған, даңқты Қарасайдай хас батыр, жол­барыс­тай жас қыран Шапырашты Нау­рызбай, осы жердің азаттығы үшін күрескен Қастек, Қараш, Қазыбек бек пен Қасқары, Өтеген, ер Сұран­шы,  Саурық, Бекболат, Әли, Қырғызбай сынды батырлардың ізі қалған бұл өлке – бүгінгі ұрпақ­қа зор абырой.

Жыр сүлейі Сүйінбай, жыр дүл­дүлі Жамбыл, тау суындай тасқындаған Сарыбас, «өлеңнің қа­ра жорғасы» Үмбетәлінің алдын көріп, тәлім-тәрбиесінен өнеге алған кейінгі лектің өзі бір төбе. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысында үш жарым мыңнан астам жерлестері елге қайтпай, шейіт болса, Кеңес Одағының Батыры Д.Бабажанов пен жауынгерлік «Даңқ» ордені­нің толық иегері Ә.Әлімов пен М.Рыжиков сын­ды ерле­рі ел есінде. Ауданның бейбіт өмірдегі батырлары, бүгінгі өн­ді­­­ріс, ау­ыл шаруашылығының шам­шы­­рақтары атанғандары қан­шама. 

Архив құжаттарына жүгінсек, ауданның алғашқы орта­лығы 1928 жылы Тарғап ауы­лы болғаны, көп ұзамай Қарақыстаққа көшіріліп, одан 1930 жылы Қастек ауданы Ұзын­ағашқа орныққан. 1938 жылы  Жамбыл Жабаевтың 75 жас­қа толу құрметіне орай  Жам­был ауданы болып өзге­реді.  Бүгінде 19 мың 300 шаршы ша­қырымды алып жатқан ау­данда 160 мыңнан астам адам тұрады. Барлығы 61 елді мекенде отыз­­ға жуық ұлт­тың өкілі ынты­мақ­та өмір сүру­­де. Әр жыл­­да­ры осы аудан­­ның тізгін­ін ұстап, оның бүгін­гі дә­ре­­жеге жет­­­уі­­­­­не соң­­ғы ал­пыс жыл­да өз үлес­терін қосқан Ф.Зікірінов, А.Мансұров, Б.Тұрысжанов, Б.Егінбаев, А.Сарин, Б.Мұқанов, К.Омар­ба­ев, Ж.Нүкетаев, Қ.Орымбетов, Т.Есте­н­ов, С.Баяма­нов, А.Мұса­ха­нов, Л.Тұрлашев, М.Бигел­диев, Б.Ыс­­қақов, Ж.Далабаев сынды азамат­­­тар ау­дан бас­шы­лығында бол­ып, уа­қыт ағы­мында жемісті қызмет атқарды. 

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» демекші, ғылым мен өнердің, әдебиет пен мәдениеттің шоғыр жұлдыздары қаншама десеңізші. Ғарыш шексіздігіне үш рет сапар шек­кен Талғат Мұсабаев, саз әлемі­нің қырандары Халық Қаһар­маны Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, отандық кино және театр өнерінің саңлақтары Абдол­ла Қарсақбаев, Қанымбек Қасымбеков, Кененбай Қожа­беков, Қамал Қармысов, Айтжан Айдарбеков, Қасым Жәкібаев, Таңат Жайлыбеков, Гүлфайрус Исмаилова, Зәмзәгүл Шәріпова, Бал­табай Сейітмамытовты, әзіл сөздің семсері Оспанхан Әубә­кі­ров, бел­­гілі қаламгерлер Бал­ға­бек Қыдыр­бек­ұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Сұлтанғали Садырбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мұхамед­жан Етек­баев, Әлімқұл Жам­был­ов, Әбілғазы Тоғызбаев, Мұхамет­жан Әбдірахманов, Қани­па Бұғыбаева, Гүл­сім Сейілжанова, Есен­құл Жа­қып­беков, Рафат Әбдіғұл­ов, Баймолда Мусин, Нәзі­кен Алпамысқызы, Уәли­­хан Қалижан, Орысбай Әбділдаұлы, Жұмаш Арғын­байұлы, Надежда Лушникова, Қызжібек Жарқын­б­а­ева, Жұмабай Шаштай­ұлы, Нағашыбек Қапал­­­бек­­ұлы, Жұма­гүл Солтиева, Жолдас­хан Құр­­а­­мысов, Күмісжан Байжан, Манар­бек Ізбас­­ар­ов, Нүсіпбай Әбдірахым, Ер­мек Жұма­таев, бүгінгі қасиетті қаламның иегерлері, жас­тар Мадина Омарова, Роза Сейілхан, Есболат Айдабосын, Айнұр Төлеу, Шарафат Жылқыбаева, профессор Арық­бай Ағыбаев бас­­таған заңгерлердің, Әділ Шаях­метов бас­таған генерал­дар, күміс көмей әнші­лер Ұ.Айна­құлова, Е.Қосбармақов, қобыз­­шы Б.Қосбасаров сынды ұл-қыз­дар­дың есімін тізе беруге бола­ды. Ұлттың даңқын асыр­ған спортшылар Жан­дос Көкімов, Ізбасар Ораз­бақов, Олимпиада чемпионы Жа­­қ­сы­­лық Үшкемпіров − ел мақ­та­н­ыштары. 

Аты аңызға айналып, қой­науы ырысқа толған  аудан­­ның  бүгін­гі тыныс-тір­ші­лі­гі мен экономикасында қол жет­кіз­ген жетістіктері жайлы Жам­был ауданының әкімі Бағдат Әлиев қысқаша шолу жас­­­ап, есеп беріп, жерлестерін мерейтоймен құттықтады. Жамбыл ауданы аграрлы өңір сана­­­латындықтан мал мен егін шаруа­­шылығы жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі 976 мың гектар­ды құрайды. Шабындық пен масақ­ты дақылдар, картоп, көкөніс, бау-бақша өнімдері мен мал азығы және майлы дақыл­дар­дан облыста алдыңғы қатарда. Ал ірі қара, қой мен ешкі өсіруде бірінші орында.   

Ау­дан халқын құттықтауға кел­ген Алматы облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Мырза­байұлы алдымен облыс әкімі Амандық Баталовтың, Сенат депутаты Динар Нүкетаева Сенат­тың Әлеуметтік, ғылыми даму комите­тінің төрайымы Б.Әйтімованың ыстық  ықы­­ласын жеткізді. Сондай-ақ сахна­дан Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов пен Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаевтың жүрек­жарды лебіздері оқылды. Кие­лі топырақта дүниеге келіп, ауданнан шыққан, бү­гінде абырой­мен қызмет атқарып жүрген бірқатар мемлекет қайрат­керлері өз тілектерін жол­дапты. Олардың қатарында Қай­рат Мәми, Нұртай Әбіқаев, Аида Балаева, Қайрат Сатыбалды­ұлы, Аңсар Мұсаханов, Тілектес Бәрпібаев, Бейбіт Атамқұлов, Айдос Үкібай және басқалары бар. Саңлақтар санатын толықтыра түсетін, ел мақтаны – мемлекет қайраткерлері Бақыт Сұлтанов, Ғабит Байжанов, Бақыт Оспанов, Серік Байбатыров, Мейрамбек Таймерденов сынды тағы да ондаған, жүздеген есімдерді айтуға болады.

Мерекелі салтанатта ауданның тоқсан жылдығына орай арнайы шығарылған «Ағала ордам қонған жұрт…» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. 39 баспа табақ сүбелі еңбектің жалпы редакциясын белгілі ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев басқарып, редакция алқасының мүшелері, кітапты шығаруға атсалысқан жігіттер мен қыздардың сіңірген еңбектерін атап өткеніміз жөн болар. 

«Тоқсанға келген жасым бар, көпті көр­ген басым бар…» деп жырлаған Жамбыл тәтеміздің атын алған ауданымыз да абыз жасқа келіп жатыр екен, құтты болсын! Та­рих үшін тоқсан көп пе, аз ба? Бір ғана мысал, Жамбыл ауданының алақандай ғана Қас­­тек ауылынан жүзден астам ғылым кандидаты, докторы, профессорлар шыққан. Елбасы «ХХІ ғасыр ғылым, білім, технология ғасыры» болады» деп айтқанындай, жүз жылдық­ты ауданымыз ақындар, батырлар және ғалымдар ауылы деп қарсы алайық»,  деді осы ауданның түлегі, академик Төлеген Қожамқұлов.  

Қан­дай торқалы той ән-күйсіз, шашусыз өткен, аудан тұрғындары мерекелік ғылыми конференциядан соң орталық стадионда өздеріне арналған сахналық қойылым мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Келешегі кемел, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақта өмір сүріп жатқан аудан тұрғындарының әлі де ізгілікті істер мен толағай табыстарды, биіктерді бағындыра түсері хақ. Жарқын болашақта да ақындар мен батырлар елі атанған, қа­сиет­­­ті ауданнан әлі де талай дара тұлғалар шы­­ғатынына кәміл сенеміз. 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы