«Ақын-жазушыдан ешкім шықпады». Желтоқсан ызғарында солған үміт

0

1986 жылы желтоқсанда Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің Дінмұхамед Қонаевты Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған, Қазақстан халқына бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындауы жастардың наразылығын тудырды. Қазақстанның жаңа тарихына Желтоқсан оқиғасы деген атаумен енген жастардың бейбіт қозғалысын совет үкіметі қатыгездікпен басып-жаншығаннан кейін жаппай жазалау мен қуғын-сүргін қалай жүргенін Азаттыққа сол оқиғаның куәгерлері айтып берді.

«ҚЫЗДАРДЫ ТАЯҚПЕН ҰРЫП, ИТКЕ ТАЛАТТЫ»

Анаргүл Садықова (Қалиақбарова), Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасының жұмысшысы

1986 жылы 19 жастағы Анаргүл Садықова Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасында жұмыс істейтін. Желтоқсанның 17-і күні сағат 23:00-те жұмыстан шыққан әріптестерімен бірге жатақханаға оралып, демалуға ыңғайланып жатқанда бірінші қабаттағы фойеге шақырып жатыр дегенді естіп, өзге қыздармен бірге барған.

Анаргүл Қалиақбарова (Садықова), 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Алматы, 11 желтоқсан 2019 жыл.

Анаргүл Қалиақбарова (Садықова), 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Алматы, 11 желтоқсан 2019 жыл.

— Біздің фабрикада Диханбаева деген тігінші жұмыс істейтін. Нақты қай кеңестің екені есімде жоқ, әйтеуір депутат болатын. Сол кісі бізге Дінмұхамед Қонаевтың Қазақ ССР-і басшылығынан алынып, орнына бұрын Ресейдің бір облысын басқарған Геннадий Колбин деген адамның тағайындалғанын, бүгін Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы – ред.) жастар шығып, республика басшысын халықпен келіспей алып тастағанына наразылық білдіріп, мұның себебін Қонаевтың өз аузынан естуді талап етіп жиналғанын айтты. «Бейбіт шеруге шыққан жастарды жазалап жатыр, үкіметтен оларды қудаламауды сұрайық» деді ол. Фойеге жиналған 60-70 шақты адам таңертең ерте алаңға баратын болып тарастық, — деп еске алады Анаргүл 33 жыл бұрын болған оқиғаны.

Алматы тігін фабрикасының жұмысшысы Анаргүл Садықова. Сурет 1986 жылы жазда түсірілген. Отбасы архивіндегі фото.

Алматы тігін фабрикасының жұмысшысы Анаргүл Садықова. Сурет 1986 жылы жазда түсірілген. Отбасы архивіндегі фото.

Анаргүл күндіз жұмыста жүргенде болған жаңалықты естіп, бөлмесіне бірден қайтпай, фойеде өзге қыздармен сөйлесіп біраз уақыт тұрып қалғанын айтады

— Арада жарты сағаттай уақыт өткенде 4-5 милиция қызметкері келіп, Диханбаеваны алып кетті. Мұны көрген өзге қыздар «ол кісінің не кінәсі бар, біз енді жастармен бірге Диханбаеваға да араша түсуіміз керек» деп ұйғардық, — дейді ол.

Алматы тігін фабрикасының жұмысшысы Анар Садықова (оң жақта тұр) әріптесімен бірге жұмыс орнында. Сурет 1986 жылы күзде түсірілген.

Алматы тігін фабрикасының жұмысшысы Анар Садықова (оң жақта тұр) әріптесімен бірге жұмыс орнында. Сурет 1986 жылы күзде түсірілген.

Анаргүлдің сөзінше, желтоқсанның 18-і күні шамамен 65-70 жұмысшы қыз таңертеңгі сағат 6-дан кете қазіргі Төле би мен Байзақов көшелері қиылысы тұсындағы жатақханадан Брежнев алаңына қарай жаяу шыққан.

— Шевченкодан өтіп, Құрманғазы көшесіне жете бергенімізде алдымызды кес-кестей тоқтаған «Икарус» автобусынан ит жетектеп, резеңке таяқ ұстаған солдаттар секіріп түсіп, бізге тарпа бас салды. Айғайлап, шулаған бізді автобусқа күштеп сала бастады, қарсыласқандарды резеңке таяқпен ұрып кіргізді. Бірер қыз қашып кетпек болып еді итті жібере салды. Менің қасымда Өскеменнің қызы бар еді, соның қолын ит оңдырмай талап тастады, оған кейін көмек те көрсеткен жоқ. Бізді «Целинный» кинотеатры қасындағы милиция басқармасына апарып, подвалға түсіріп, қамады, — дейді Анаргүл.

Оның айтуынша, қыздарды түске дейін ешқайда шығармай әлгі жерде ұстаған.

— Төбесі тор екен, содан жоғарыдан төніп қараған милиция қызметкерлері бізді мазақтап күліп, «Сендерге не жоқ? Тыныш жайыңа жүрмейсіңдер ме? Ашсыңдар ма, мә, алыңдар!» деп келеке ғып, бізге кәмпит, тағы басқа ұсақ-түйекті лақтырды. Арамыздағы үлкен қыздар әлгілердің тастағанын жинап алып, өздеріне лақтырып, «Менің Қазақстаным» әнін шырқады, — дейді Анаргүл.

Оның сөзінше, қамауда отырғандарды тек түстен кейін ғана тергеуге шақыра бастаған.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Алматы тігін фабрикасының 19 жастағы жұмысшысы Анаргүл Садықованы Алматы қаласы милиция басқармасындағы тергеудің хаттамасы. Алматы, 18 желтоқсан 1986 жыл.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Алматы тігін фабрикасының 19 жастағы жұмысшысы Анаргүл Садықованы Алматы қаласы милиция басқармасындағы тергеудің хаттамасы. Алматы, 18 желтоқсан 1986 жыл.

— Кейбіреуді тергеуге алып кетіп, кейін қайта әкеп қамап жатты. Бір кезде мені шақырды. Дәлізбен келе жатып жерде сұлық түсіп жатқан қыз бен жігітті көрдім, тағы бір жігіт қабырғаға арқасын сүйеп, көзін жұмып отыр екен. Үшеуінің де үсті-басы қан. Қыздың бір қолы еденге жайылып жатыр. Бір кезде формадағы біреулер өтіп бара жатып оның қолын теуіп жіберді. Сол кезде ана жігіт «Бұларың не?» деп еді, әлгілер бас салып оны ұра жөнелді. Бұл сұмдықты көріп шошып кеттім. Мені бір бөлмеге кіргізді, үстел басында егде адам отыр екен. Сұрағына жауап беріп, алаңға не үшін бармақ болғанымды айта бастаған едім, әлгі адам «Балам, бұл айтқаның өзіне ғана емес, туған-туысыңа да зияны тиеді» деді ақырын ғана. Сөйтті де менен оны-мұны сұраған боп отырып, өзі қағазға бір нәрсені жаза бастады. Бір кезде қағазды алдыма жылжытты да, таза парақ беріп осыны көшір деп ишара қылды. Мен көшіріп жазып, қол қойып бердім, сосын ол мені сыртқы есікке дейін өзі ертіп апарып, шығарып жіберді, — дейді Анаргүл.

Анаргүл Садықованы Алматы қаласы милиция басқармасындағы тергеудің хаттамасы. Алматы, 18 желтоқсан 1986 жыл.

Анаргүл Садықованы Алматы қаласы милиция басқармасындағы тергеудің хаттамасы. Алматы, 18 желтоқсан 1986 жыл.

Арада отыз жылдан астам уақыт өткенде Анаргүл Садықова Алматы мемлекеттік архивінен 1986 жылы желтоқсанның 18-і күні милиция капитаны С. Базарбаевқа берген жауабының хаттамасын алған. Онда Анаргүл Садықовадан жауап алу сағат 16:05-те басталып, 17:10-да аяқталғаны көрсетілген.

Анаргүл тергеушіге «бүгін сағат 6:30-да жатақханадан шығып, құрбыларыммен бірге алаңға қызықтауға бара жатқанда Шевченко мен Құрманғазы көшесінде (бұл екі көше қиылыспайды – ред.) автобустан түскен бір топ милиция қызметкерлері мен патрульдер қуалап, ұрып, итеріп автобусқа салып Совет аудандық милиция бөлімшесіне әкелді. Біз бірге жатқан қыздармен тек қана көруге бара жатқан едік» деп жауап берген. Бұған қоса ол ауылда тұратын әкесінің зейнеткер, анасы үй шаруасындағы адам екенін, «келешекте ешқандай шеруге шықпауға уәде беретінін» айтқан.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Алматы тігін фабрикасының 19 жастағы жұмысшысы Анаргүл Садықова құрбысымен бірге жатақхана бөлмесінде. Алматы, 4 сәуір 1987 жыл.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Алматы тігін фабрикасының 19 жастағы жұмысшысы Анаргүл Садықова құрбысымен бірге жатақхана бөлмесінде. Алматы, 4 сәуір 1987 жыл.

Милиция босатып қоя бергенімен, Анаргүл Садықованы алда басқа жаза күтіп тұрған еді.

— Цех бастығы «үкіметке қарсы шыққандарың дұрыс болмады» деп бізді сөкті. Екі аптаға жетпей комсомол қатарынан, жатақханадан шығарып жіберді. Жас кезім ғой, комсомолдан шығарғанда қатты жылағаным есімде. Бұрын жалақыға үстеме, сыйлық ақша қосып, қолыма 110-120 сом мөлшерінде айлық алып жүргенмін, енді соны қиып тастаған соң 47-48 сом ғана алатын болдым. Жарты жылдай туыстарымның үйін паналап жүрдім. Сегіз айдан кейін өтініш жазып, жатақханаға қайта орналасуға рұқсат алдым, бірақ еңбекақым сол күйі дұрыс болған жоқ. 1988 жылы күзде ауылыма оралдым, — дейді Анаргүл.

Ауылда тұрмысқа шығып, төрт перзент сүйген Анаргүл Қалиақбарова (ерінің тегіне ауысқан) қазір Алматыда тұрады. Ол қаладағы байланыс қызметін көрсететін компанияда оператор болып жұмыс істейді.

— Содан бері отыз үш жыл өтіпті ғой. Қазір ойлап отырсам, совет заманындағы идеологияның әсері ме, шындық, әділет үшін барсақ өтініш-талабымызға құлақ асар, бізді тыңдайтын шығар деген сенім болған екен. Алайда олай болмай, қаншама жазықсыз жан жапа шеккенін білеміз ғой. Ол кездегі жастардың патриоттық сезімі қазіргіден басқаша, шынайы болған сияқты. Кейде маған жастардың сол ерлігі әлі күнге лайықты бағаланбай келе жатқандай көрінеді, — дейді Анаргүл Қалиақбарова.

«ЖАСТАРҒА ТҮСІНДІРУДЕН ОРНЫНА КҮШКЕ ЖҮГІНУДІ ЖӨН КӨРДІ»

Жүрсін Тастекеев, Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті

1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде Жүрсін Тастекеевтің жасы 21-де болатын. 1985 жылдың соңында әскери борышын өтеп келген жас жігіт әуелі университеттің дайындық курсын бітіріп, онан соң физика факультетіне оқуға түсіп, білім алып жүрген. Желтоқсан оқиғасына қатысқаннан кейін оқудан шығарылған.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Жүрсін Тастекеев "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің алдында тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2019 жыл.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Жүрсін Тастекеев «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің алдында тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2019 жыл.

Жүрсін осыдан тура 33 жыл бұрын, желтоқсанның 17-і күні өзі куә болған оқиғаны былайша еске алады:

— Сабақтан түс мезгілінде шығып, жатақханаға келген едік. Кенет сырттан айғай-шу естілді. Қарасақ, Космонавтар (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы) көшесімен әртүрлі плакат ұстаған қарақұрым адам кетіп барады екен. Қолға түскен киімді иыққа іле сала сыртқа атып шығып, біз де ілестік. Көппен бірге Бейбітшілік (қазіргі Желтоқсан) көшесімен жоғары көтерілдік. Алаңға (қазіргі Республика алаңы) жете бергенімізде милицияның белгісі бар «Волга» жеңіл көлігі алдымызға түсіп жүріп отырды. Топтың бас жағында болған едім, жүргізушінің жанында генерал формасындағы адам отырғанын көрдім. Алаңды милиция қоршап тұр екен. Бірақ жаңағы «Волгадағы» адам бұйырған соң бізді алаңға өткізді.

Жүрсіннің сөзінше, алаңға жиналған жұрт өздерін толғандырған сұраққа билік толымды жауап береді, я Дінмұхамед Қонаев елдің алдына шығып, жағдайды түсіндіреді деп күткен. Бірақ Қазақ ССР компартиясы орталық комитеті (қазір Алматы қаласы әкімдігі – ред.) ғимараты алдындағы мінберге шыққан үкімет шенеуніктері мен өзге де адамдар «Бұларың дұрыс емес, қайтыңдар, әйтпесе жаман болады» дегеннен басқа жарытып ештеңе айтпады дейді ол.

Жүрсін Тастекеев (жоғарыда сол жақтан бірінші тұр) курстастарымен бірге. Алматы, 1986 жылы түсірілген сурет.

Жүрсін Тастекеев (жоғарыда сол жақтан бірінші тұр) курстастарымен бірге. Алматы, 1986 жылы түсірілген сурет.

Жүрсін Тастекеев алаңда халық көп болғанын, жастар бірігіп ән шырқап, бейбіт шеруде тұрғанын айтады. Кейін билік оларды күштеп таратуға кіріскен.

— Кешке қарай қазіргі Желтоқсан көшесімен алаңға жүк көлігі кірді. Спорт киіміндегі бір-екі жігіт көліктің үстіне шығып алып, «мұнда арақ бар екен, мә, алыңдар» деп айғайлап жұртты шақырды. Біреулер «Жігіттер, бізді арандату үшін мұны әдейі әкелген, оған жоламаңдар!» деп, әлгі көлікке ұмтылған кей жасты тыйып тастады. Бір кезде Фурманов (қазіргі Назарбаев) көшесі жақтан өрт сөндіретін мәшинелер келіп, су шашты. Жастар оларға мұз, тас лақтырды. Қараңғы түсе бастаған кезде алдыңғы қатарда шеп құрып тұрған милиция қызметкерлері кейін шегінді де, орнына солдаттар келді. Содан кейін дауыс зорайтқышпен «Шабуылға!» деген бұйрық берілді. Сол-ақ екен, алаңдағы халықты бірнеше қатар айнала қоршап тұрған солдаттар бас-көзге қарамай төпелеп ұра жөнелді, — деп еске алады Жүрсін Тастекеев.

Ол алаңдағы наразыларды күштеп тарату түннің бір уағына дейін жалғасқанын, солдаттың резеңке таяғы өзіне де тигенін, бірақ олардың қолына түспей аман-сау құтылғанын айтады.

Фотогалерея: Алматы, 17-18 желтоқсан 1986 жыл

— Желтоқсанның 18-і күні билік алаңға арнайы техника қойып, жан-жағын қоршап, ешкімді өткізбей тұрды. Көшенің әр тұсында милиция, солдаттар мен «дружинниктер» («халық еріктілері жасағы» – ред.) жүрді. Кешке жатақханаға бірінші курс комсоргы (бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі – ред.) Құрманғазы Рахметов келді. Ол қалада пәтерде тұратын және физика пәні ағылшын тілінде оқытылатын арнаулы топта болатын. Құрманғазы «егер бұл қарсылығымыз үш күнге дейін жалғасса, БҰҰ назарға алады екен, сондықтан ертең де шығайық» деп кетті. Түнімен плакаттар жазып дайындадық. Желтоқсанның 19-ы күні түске қарай қырық шақты жігіт тағы да алаңға бармақшы болдық. Бірақ Никольский базарының қасына жеткенімізде алдымызға кесе-көлденең тұра қалған автобустан түскен солдаттар бізді қуып ала жөнелді. Кейбірімізді ұстады, өзгеміз қашып құтылдық, — дейді Жүрсін.

Жүрсін Тастекеевтің айтуынша, билік бейбіт шеруді күшпен басқаннан кейін онымен бір курста оқитын студенттерді тергеуге шақыру басталған. Бірақ Жүрсінді тергеуге шақырмауы онымен бірге оқитын кейбіреуге күдікті көрінген.

— Желтоқсанның 21-інен бастап екі топтағы студенттерді тергеуге ала бастады. Құрманғазыны қамап қойды. Бірде курстас қыз «Сені неге шақырмайды?» деп сұрады. Шақыратын шығар деп едім, тізімдегінің бәрін тергеп, сенен аттап өтіп кетті деді ол. Бұл сөзден кейін өзімді кінәлі сезіне бастадым. Бір күні сабаққа келсем, прокуратура өкілі оқытушыдан бір студенттің аты-жөнін сұрап жатыр екен. Кейін сыртқа оған ілесе шықтым да «Мені неге тергеуге шақырмайсыздар?» дедім. Фамилиямды сұрап, қолындағы тізімге қарады да «аты-жөнің жоқ екен» деді. Сосын сұрақ қоя бастады. Әскерден борышымды өтеп келіп, білім алып жатқанымды, алаңда болғанымды айттым. Семей жақтың тумасы екенімді естісімен орнынан атып тұрып «Құрманғазының жерлесі екенсің ғой, ол мұны жалғыз ұйымдастыруы мүмкін емес. Сен де жауапқа тартыласың» деп түсініктеме жаздырды. Қай күні, қай уақытта алаңда болғанымды жазып бердім. Таңертең бас прокуратураға келесің деп қағаз берді. – дейді ол.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Құрманғазы Рахметов. Нұр-Сұлтан, 28 маусым 2019 жыл.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Құрманғазы Рахметов. Нұр-Сұлтан, 28 маусым 2019 жыл.

Жүрсіннен прокуратура қызметкерімен болған әңгімені естіген курстастары оны «алаңда болғаныңды неге айттың, енді сотталатын болдың» деп сөккен. Ертеңіне бас прокуратураға барған Жүрсін өзіне шақыру қағазын берген әлгі қызметкер бір бөлмеге ертіп апарғанын айтады.

— Үстел басында жасы үлкен, полковник шеніндегі адам отыр екен. «Не істедің? Алаңға шықтың ба?» деп сұрады. Курстастарымның «енді сотталасың» деген сөзінен кейін үрейленіп қалған басым «Жоқ, алаңға барған жоқпын» дедім. Ол мені кіргізген тергеушіге «несіне әкелдің, мұнсыз да іс жетеді ғой» деп мені босатып қоя берді. Содан дәлізге шыққанымда қолын кісендеп тергеуге әкеле жатқан Құрманғазы Рахметовті көрдім. Онымен қысқа ғана тіл қатысып үлгердім. Құрманғазы іс материалдарында менің фотосуретім жүргенін айтып, «қаш» деп кеңес берді. Университетке келсем мені оқудан шығарылғандар тізіміне енгізіп қойыпты. Сөйтіп ауылыма қайттым, — дейді ол. (Құрманғазы Рахметовты сот «жаппай тәртіптсіздік ұйымдастырды» деген айыппен жеті жылға қатаң режимдегі колонияға қамау туралы үкім шығарған. Түрмеде екі жыл екі ай отырған ол 1989 жылы бостандыққа шығып, 1990 жылы ақталды.)

Жүрсін Тастекеев ауылында бір қыс құрылыста жұмыс істегенін, 1987 жылы жазда оқуға қайта қабылдауын сұрап берген өтінішін университет деканаты қанағаттандырудан бас тартқанын айтады. Кейін ол сауда техникумына оқуға түсіп, бітіріп шығады.

Жеке кәсіпкер Жүрсін Тастекеев қазір Алматы облысы Қаскелең қаласында тұрады.

АЛАҢҒА БАРҒАН КҮНІ 17 ЖАСҚА ЕНДІ ТОЛҒАН ЕДІ

Әлімжан Омаров, Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті

Қазіргі Түркістан облысындағы Келес ауылында туып-өскен Әлімжан Омаров Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика мектебін бітірген соң, 1986 жылы жазда Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскенде небары 16 жаста болатын.

Әлімжан алаңға алғаш рет барған желтоқсанның 17-і күні жасы 17-ге толған. Ол келесі күні де алаңға барғанын, ал желтоқсанның 19-ы күні Шевченко мен Космонавтар көшелерінің қиылысында солдаттар қуғанда қашып кеткенімен, жанындағы жігіттер ұсталып, кейін солар арқылы тергеушілер өзін де тауып алғанын айтады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Әлімжан Омаров.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Әлімжан Омаров.

— Әуелде жатақханаға келіп тергеу жүргізген кезде бізді алдап, өздеріне керекті нәрсені жазып алыпты. Кейін Құрманғазының соты басталған кезде аудармашы арқылы менің айтқанымды дәлел ретінде келтірді. Тергеушінің мені алдап қол қойдырып алғанын сол кезде бір-ақ білдім. Тергеуге берген куәліктерімнен сот үстінде бас тарттым. Маған «егер бас тартатын болсаң, өтірік сөйлегенің үшін сотталасың. Сондықтан ойлан» деді. Мен сөзімнен танбадым. Кейін үстімнен іс қозғады. Прокурор маған төрт жыл жаза сұрады. Менің адвокатым ҚазМУ-дың заң факультетін жаңа бітірген жас қыз еді, ол кәмелет жасына толмағанымды алға тартып, қорғау тәсілін соған құрды.

Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші курс студенті Әлімжан Омаров. Алматы, 1986 жыл.

Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші курс студенті Әлімжан Омаров. Алматы, 1986 жыл.

Сот жасымды ескеріп, маған алты ай қара жұмыс кесті. Оқудан шығарып жіберді. Ауылға барып жарты жыл қой бақтым. Көпшіліктің арасында жұмыс істей алмадым, себебі үнемі бақылау мен тексеруде жүрген маған өзге адамдардың «тәртіп бұзған нашақор, қылмыскер екен, сол үшін оқудан шығарып жіберіпті» деген ғайбат сөзі тым ауыр тиді. Сондықтан оңаша кетіп, жарты жыл жалғыз өзім жұмыс істедім. Онан кейін армияға шақыру келді, әскери борышымды Моңғолияда өтедім. 1991 жылы университетке өздері шақырып, оқуға қабылдады, — дейді биыл желтоқсанның 17-і күні жасы 50-ге толған Әлімжан Омаров.

«ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНАН ЕШКІМ ШЫҚПАДЫ»

Ерлан Рақымжанов, Қарғалыдағы Алматы технология техникумының оқушысы

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында тұратын Ерлан Рақымжанов 1986 жылы желтоқсанда қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қарғалы ауылында орналасқан Алматы технология техникумының бірінші курсында оқып жүрген. Ол желтоқсанның 17-і күні Алматыдағы алаңға Қарғалыдан келген.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ерлан Рақымжанов.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ерлан Рақымжанов.

— Қарғалыдан автобусқа отырып, қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы тұрған жерге дейін жеттім. Ары қарай автобусты өткізбеген соң жаяу бардым. Жол-жөнекей бет-аузы қан, қолы-басы жараланған жастар жиі жолыға бастады. Бұл жақта не боп жатыр деп аң-таң боп келемін. Алаңға келгенде төңкерілген, өртенген көліктерді көрдім. Иін тірескен халық, бір-бірінің қолынан ұстап, «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әнін қосыла шырқаған қыз-жігіттер. Анадайда әскерилер тұр, біресе олар бері итереді, біресе шерушілер оларды баспалдаққа дейін ысырып тастайды. Екі-үш сағат жүрген соң Қарғалыға қайттым. Келсем, жатақхананы қоршауға алыпты. «Қайда болдың?» деген сұрағына «Қаланың шет жағына бір жұмыспен бардым» дей салдым. Бөлмеге келген соң жігіттер жиналып кеңесіп, келесі күні алаңға баратын болып келістік, — дейді Ерлан Рақымжанов.

Желтоқсанның 18-і күні Ерлан қасындағы бірнеше серігімен қайта барған кезде алаңға ешкімді өткізбей, қоршап тастағанын көрген.

Ерлан Рахымжанов, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі түскен суреті.

Ерлан Рахымжанов, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі түскен суреті.

— Алаңға қазіргі Назарбаев көшесі жағынан айналып бардық. Біздің алдымыздағы нөпір артқа қарай лықсыды. Оған қарамай алға қарай жүріп келеміз. Бір уақытта адамдар шалынып жығылып, бірінің үстіне бірі құлап, үйіліп қалды. Сөйтсем, арғы жақтан резеңке таяқпен, солдат күрегімен ұрып, итпен қуалап келеді екен. Кері бұрылып қашып, Абай ескерткішінің жанына жиналдық. Сол жерден Жазушылар одағына дейін жаяу бардық. Ғимараттың есік-терезесі түгел жабық тұрды. Анда-санда қыз-келіншек терезеден сығалап қана қарайды. Бір сағаттай сол жерде тұрдық. Ақын-жазушыдан ешкім шықпағасын қайтадан алаңға бармақшы болдық. Қазіргі Қабанбай мен Абылайхан көшелерінің қиылысына жеткен кезде қасымдағы ақтөбелік Идаятов, қапалдық Бақыт Найзабеков, Жаркенттен Сабыр Жанысов және мені бірге ұстады. Төртеумізді сол маңдағы КГБ-ның (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) кеңсесіне апарды. Подвалға түсіріп, тыржалаңаш шешіндіріп, өне-бойымыздан екпенің, иненің ізін іздеді. Кейін Совет ауданы ішкі істер бөліміне апарып тергеді. Сонда саусақ ізін алып, суретке түсірді. Кейін «оқу орындарыңа барыңдар, сол жерде Қаскелең ауданы КГБ тергеушілері күтіп отыр» деп қоя берді. Расымен күтіп отыр екен, бізді бірден сұрақтың астына алып, таң атқанша тергеді. Оқудан шығармақшы болды, біздің техникумның директоры Бойко деген адам еді, жиналыста «Бұлардың барлығын жауапкершілігіме алайын, өзім қадағалаймын» деп бізді алып қалды. Сөйтіп сол кісінің арқасында оқуымызда қалдық, бірақ бір жарым жылдай бақылауда болдық, тергеуге шақырып тұрды. Әкем коммунист, мектеп директоры болып істейтін, мені тергеуге алғаннан кейін оны «жұмыстан шығару керек» деген хат келіпті, оның барлығы менде сақтаулы тұр, — дейді Ерлан Рақымжанов.

Қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанда советтік әкімшіл-әміршіл жүйеге бейбіт наразылық танытуы бүкіл Кремль саясатына қайшы келетін шеру деп бағаланып, қатыгездікпен басып-жаншылды. Жастарды алаңнан күштеп таратқаннан кейін көп ұзамай елде қуғын-сүргін басталды.

Советтің үгіт-насихат ақпарат құралдары 1986 жылғы желтоқсанда болған жастар наразылығын «совет жүйесіне жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы» деп сипаттады.

Алаңға төгілген қан ізі кеппей жатып, совет басылымдары бірінен кейін бірі жариялаған, алаңға шыққан жас азаматтарды аяусыз сынап, жазғырған үндеулер желтоқсанның ызғарлы күні жастар өздеріне қорған болады деп іздегенде таба алмаған кей тұлғалар – ақын-жазушылар, өнер жұлдыздары және өзге де танымал адамдардың атынан басылды. Мысалы, 1986 жылғы желтоқсанның 21-і күні «Вечерняя Алма-Ата» газетінде жарияланған «Нам горько» («Бізге өте ауыр») деген үндеуде: «Ұлтшыл пиғылдағы элементтердің айдап салуымен студенттер топтары қоғамдық тәртіпті дөрекі түрде бұзып, өрт қоюмен, қиратумен айналысты, ешқандай кінәсіз азаматтарды ұрып-соқты. Осының барлығы қазақтардың ұлттық намысы аяққа тапталды-мыс делінген даурықпа ұрандармен ұласып отырды» деп жазылған.

«Партиямыздың лениндік дана ұлт саясатының, бауырлас совет халқының және ең алдымен ұлы орыс халқының көмегінің арқасында экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуда үлкен табыстарға қол жеткізген қазақ халқының атынан сөйлеуге көпшілігі ішімдік пен есірткіге елітіп алған бұл басбұзарлардың қандай хақы бар еді?!» деп жазылған үндеу авторларының арасында Алматы үй құрылысы комбинатының дәнекерлеушісі, КПСС 27-съезінің делегаты М.Ахмедованың, Қазақстан ғылым академиясының президенті Мұрат Айтхожиннің, СССР халық әртісі Асанәлі Әшімовтің, Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің, Алматыдағы Гагарин атындағы өндірістік бірлестіктің тігінші-моторисі, СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты Гүлнәр Диханбаеваның, ақын Ғафу Қайырбековтің, СССР халық әртісі Ермек Серкебаевтың аты-жөні бар.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты 99 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шықты, соның ішінде ату жазасына кесілген (кейін ұзақ мерзімді түрме жазасына алмастырылған) екі адамның бірі Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Жүздеген адам партия мен комсомол қатарынан шығарылып, жұмыс пен оқудан қуылды.

1987 жылғы 16 шілдеде "Социалистік Қазақстан" газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің "Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" қаулысы.

1987 жылғы 16 шілдеде «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысы.

Ал 1987 жылы шілдеде Совет одағы компартиясының пленумы «қазақ ұлтшылдығы» туралы атышулы қаулыны қабылдады. Мәскеу өз шешімімен келіспеген қазақ жастарының желтоқсандағы бас көтеруіне осылайша баға берді.

Azattyq