ақын тұрған үй – видео

0

Абай Құнанбайұлына арналып ашылған ең ірі музейде қандай жәдігерлер сақталғанын Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз

Абайдың ең алғашқы және ірі әдеби-мемориалды музейі Семейдің орталығында, белгілі абайтанушылардың бірі Қайым Мұхамедхановтың көшесінде орналасқан.

Музей алғаш рет жазушы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен 1940 жылы 16 қазанда адвокат Әнияр Молдабаевтың үйінде ашылды. Бұл үйде болашақ ұлы ақынның өз бөлмесі болған. Абай Ахмет Риза медресесінде оқығанда, бес жыл бойы осы үйде тұрды. Екіқабатты коттедж кейін алаштықтардың бас қосатын ордасына айналды.

1967 жылы Абай Құнанбайұлы атындағы музей көпес Ершовтың бұрынғы үйіне көшірілді. Ал ұлы ойшылдың 150 жылдығына қарай музей ғимараты Абай 11 жастан бастап оқыған Ахмет Риза медресесімен қосылды.

Тағы оқыңыз: «Шошитын еді»: Ұлы Абайдың ұрпағы елордада қалай тұрып жатқанын айтты

Қазір бұл – сегіз жеке мекемеден тұратын үлкен руханият ордасы. Семейде бас музей мен «Алаш арыстары – Әуезов» музейі орналасқан. Абайдың музей-үйі мен «Шәкәрімнің саят қорасы» музейі Жидебай қорығында, жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі Бөрліде (Семейден 80 шақырым), абайтанушы Көкбай Жанатаевтың музейі мен Шәкір Әбеновтің музей-үйі Құндызды ауылында, ал Әсет Найманбаевтың музейі Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұр.

Семейдегі Абай атындағы ең ірі музейде ақынға арналып ашылған 20 зал бар. Экспонаттар арасында – Құнанбайұлының алғашқы қолжазбалары мен кітаптары, ұлы ойшылдың жазған хаттары. Дәл сол жерде құнды фотосуреттер, Абайдың отбасы қолданған жеке заттар, сондай-ақ, ақын көзі тірісінде жер аударылған достары арқылы өлкетану мұражайына өткізіп кеткен 19 ғасырдың тұрмыстық дүниелері сақталған.

Тағы оқыңыз: Құнанбай қажылыққа аттанған: Қазақстандағы ежелгі мешіт туралы не білеміз?

Қазір музейді Жандос Әубәкір басқарады. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай мемориалды кешеннің әкімшілігі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, музей экспозициясын жаңартуды көздеп отыр. Бұл үшін интерактивті витриналар мен ақпараттық киоскілер, сондай-ақ, үш тілде аудио кітаптар енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, мерейтойды атап өту туралы республикалық жоспарда Абайдың таңдаулы шығармаларын төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай), ақынның ұлдары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптарды басып шығару да бар.



sputniknews.kz