Ақын Ринат Зайытов келген соң полиция департаментіне жиналғандар тарады

0

10 маусымда шамамен кешкі 23.00-де айтыскер ақын Ринат Зайытов Алматы қалалық полициясының маңына келіп, жиналғандармен кездесті.

Жиналғандар Зайытовты «Ринат, Ринат» деп айғайлап, қарсы алды. Зайытов жиналғандарды тарауға шақырды.

— Тараңыздар. Мен үйден келдім. Бәрің үшін өлуге дайынмын. Көңілім босап, көзіме жас келіп тұр. Сіздермен біргемін. Тарқайық. Ұсталғандардың бәрі шықты. Бәрі дұрыс. Ешкім ешқайда алып кетпейді, — деді ол.

Сөзін аяқтаған соң Ринат Зайытов көлікке отырып, кетіп қалды. Кейін жиналғандар да ақырындап тарай бастады. Департамент алдына келгендердің бірі «Қазақстан бір қадам алға! Біз жеңдік!» деп айғайлады.

10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Бауыржан Момышұлы — Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам сайлау нәтижесін қарсылық танытқан. Сол уақытта полиция 50-60 шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Ұсталғандар арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов болған.

Кейін жүзден астам адам Алматы қалалық полиция департаментіне келіп, Ринат Зайытовты босатуды талап етті. Олар «Зайытовты осы жерге келмейінше тарқамаймыз» деп талап қойды. Жиналғандарды полицияның арнайы жасағы қоршап тұрды. Олармен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөйлесті.

​10 маусымда орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының нәтижесін жариялады. ОСК дерегінше, «Нұр Отан» кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев шамамен 70 пайыз дауыс алған.

Azattyq