Ақылы олимпиадалар неге көбейді?

0

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын Мұхтар Әлімбаев «мектепте өтетін түрлі ақылы олимпиадалардан шаршап кеткенін» айтады. Оның сөзінше, әртүрлі атаумен өтетін пәндік байқауларға қатысу үшін төленетін жарнаның құны 300 теңгеден 15 мың теңгеге дейін барады.

— Балам биыл алтыншы сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Соған байланысты ма, әлде менің жоқ демейтінімді біле ме «Әке, апай олимпиадаға қатысасың деп айтты, ақша керек» дейді де отырады. Тапқанымның жартысы баланың байқауына кетіп жатыр, — дейді Мұхтар Әлімбаев.

Қазақстанда жекеменшік ұйымдар оқушылар арасында «Бейбітшілік әлемі», «Эрудит», «KIO», «NIO.KZ» сияқты көптеген ұйымдар ақылы байқаулар өткізеді. Оларға қатысу бағасы әртүрлі. Мысалы «Эрудит» пен «KIO», «NIO» деп аталатын интернет олимпиадаға қатысу 350-400 тенге аралығында болса, «Бейбітшілік әлемі» өткізетін байқаулардың қатысу жарнасы 15 мың теңгеге дейін барады.

ДУБАЙ, ПАТРИОТИЗМ МЕН АУЫЛ БАЛАЛАРЫ

«Бейбітшілік әлемі» шығармашылық бірлестігі ақпан айында өткізген «Мәңгі ел – Қазақстаным» деп аталатын байқау шартында былай деп жазылыпты: «Турнирдің ұйымдастыру (қатысу — ред.) жарнасы бір үміткерге — 9 мың теңге, фестивальдың және конференцияның ұйымдастыру жарнасы бір үміткерге — 12 мың теңге. Қатысушылардың, жетекшілердің жатын орны, тамағы, жолақысы өз есебінен».

Азаттық тілшісі «Бейбітшілік әлемі» ұйымдастырған «Мәңгі ел – Қазақстаным» байқауын бақылап көрді. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты №41 мектепте өткен байқауға 150-ге жуық оқушы қатысты. Ұйымдастырушылар аудандық деңгейде деп таныстырғанымен байқауға екі мектеп оқушылары келіпті. Ән мен би, көркем сөз оқу мен көрініс қоюдан жарысып, бірнеше пән бойынша сынақ тапсырып, шығарма жазған оқушылар түгел жеңімпаз болды.

Ұйымдастырушылардың бірі Фарида Әкімханова сегіз жылдан бері түрлі байқаулар мен пәндік олимпиадалар ұйымдастырып келе жатқанын, «жеңімпаздарды Дубайға дейін апаратынын» айтады. Оның сөзінше, «Бейбітшілік әлемі» ұйымы оқушыларды «патриоттық негізде тәрбиелеуге» күш салады.

— Бірден-бір мақсатымыз – ауыл балаларының сана-сезімін, оқуға ынтасын арттыратын жұмыстар жасау. «Бейбітшілік әлемі» Англия, Франция, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан секілді 12 мемлекетте тіркелген. Жеңімпаздарды сол елдерге апарамыз. Білім министрлігімен тікелей байланыстамыз, — деді Фарида Әкімханова.

Фарида Әкімханова. "Бейбітшілік әлемі" ұйымының өкілі. Алматы облысы, 19 ақпан 2019 жыл.

Фарида Әкімханова. «Бейбітшілік әлемі» ұйымының өкілі. Алматы облысы, 19 ақпан 2019 жыл.

«Бейбітшілік әлемінің» өкілі олимпиадаға қатысушылардан түскен қаржының бір бөлігі жетім балалар үйі мен түрлі науқасқа ұшыраған балаларға және әртүрлі әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға ұсынылатынын айтты.

Он шақты жылдан бері түрлі олимпиадаларды алыс және жақын қашықтықта өткізіп келе жатқан «Эрудит» ұйымының өкілдері қатысушыларды көптеп тарту үшін жарнасын қымбаттатпай отырғанын айтады.

Өзін ұйымның «байқаулар жөніндегі әдіскерімін» деп таныстырған Жадыра Тәжікееваның сөзінше, білім және ғылым министрлігімен «тікелей байланыста емес». Бірақ «Эрудиттің» жеңімпаздарға беретін сертификаты олимпиадаға қатысушы оқушыны дайындаған мұғалімнің біліктілік категориясын көтеру кезінде есепке алынуы туралы министрлікке өтініш түсірген.

«КАТЕГОРИЯ КӨТЕРУ АМАЛЫ»

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты мектептердің бірінде сабақ беретін мұғалім Айман Сағидуллаева да түрлі «ақылы олимпиадалар көбейіп кетті» деп есептейді.

Оның пікірінше, «бұл — біреулер үшін ақша табудың көзі болса, мұғалімдер үшін категориясын көтеруге қажетті құжаттарды толықтыруға мүмкіндік».

— Аудандық олимпиада жылына бір рет қана өтеді. Ол жерден орын алу қиын. Көп жағдайда олимпиада кезінде қазылар алқасында отырған мұғалім жұмыс істейтін мектептің оқушылары жүлделі орынды иеленіп жатады. Екіншіден, кей мектептерде басшылық мұғалімдерді ақылы олимпиадаларға қатысуға мәжбүрлейді. Үшіншіден, категориясын көтеру үшін мұғалімнің өзі де соған бала апаруға мүдделі болады, — дейді Айман Сағидуллаева.

Айман Сағидуллаева.

Айман Сағидуллаева.

Өзі де ақылы түрде жеке білім орталығын ашып, жұмыс істеп жүрген білім беру саласының белсендісі Аятжан Ахметжанұлы «жеке кәсіпкерлер білім саласында жабайы нарық қалыптастырып алды» деп санайды.

Белсенді ақылы олимпиадалар балалардың білім деңгейін белгілі бір мөлшерде арттыратынын, бірақ кейбірінің сапасыз екенін айтты.

— Осындай олимпиадаға мұғалімдердің оқушы апаруға бейіл болып тұратынына рейтинг үшін әртүрлі әкімшіліктің жолдауы себеп болады. Яғни, «мынанша оқушы қатысу керек» деген талап қойылады. Екіншіден, олимпиада өткізіп жүрген жеке кәсіпкерлер мен мектеп директорларының арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін. Бұдан басқа «мұғалімнің жетістік папкасы» деген бар. Оған оқушылардың осы жетістігі де қосылады. Сондықтан оқытушы өзінің болашақ жетістігі үшін оқушыларды [олимпиадаларға] көптеп қатыстыруға тырысады, — дейді Аятжан Ахметжанұлы.

«ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫНДЫҚ ОҚУШЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІН ӨСІРЕДІ»

Бірақ «ақылы олимпиаданың оқушы үшін пайдасы көп» дейтіндер де бар. Талғар ауданына қарасты №41 мектепте химия пәнінің мұғалімі Динара Жорабаеваның ойынша, ақылы олимпиадалар мен байқаулар оқушының шығармашылық қабілетін дамытып, шыңдайды.

— Мұны (ақылы олимпиадаларды – ред.) көп жағдайда мектептерде, әсіресе ауылдық мектептерде дұрыс түсіндіре бермейді. Мұғалімдер ол ақшаның жарна екенін түсіндірмейді. Сондықтан көп оқушыда «ол орынды сатып алады» деген түсінік қалып қояды. Ал шындығында ғылыми жоба немесе шығармашылық байқаулар оқушыны жеке дамытып, елдің алдында еркін сөйлеуге үйретеді. Оқушының өзіне деген сенімділігі пайда болады. Олимпиадаға деген дайындық оқушының деңгейін өсіреді, — дейді ол.

Ақшаға олимпиада ұйымдастыратындар «ақылы олимпиада – ақша табудың көзі» деген пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, қатысушы тарапынан төленетін жарна ұйымдастыру жұмыстарына, оның ішінде сертификаттар мен медальдарға, жеңімпаздарға берілетін кубоктарға және қазылар алқасы мүшелеріне жұмсалады.

Мектеп оқушылары. Көрнекі сурет.

Мектеп оқушылары. Көрнекі сурет.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, ақылы олимпиададан түскен қаражат жағдайы нашар отбасы балаларына оқу жылының басында оқу құрал-жабдықтарын алып беруге, балалар үйіне демеушілік жасауға жұмсалады.

KIO.kz интернет олимпиадасының өкілі Айбек Қуандықұлының пайымдауынша, білім саласындағы ақылы сайыстар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа елдерінде бар, бұл – қалыпты құбылыс. Мұндай пікірді «NIO» интернеттік олимпиадасының ұйымдастыру комитеті де білдірді.

Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында олар «Жабайы нарық — бұл сауда-саттықтың үстінен үстемдік ететін нарық. Егер бұл терминді Қазақстанның қашықтықтағы олимпиадалық нарығына қолдансақ, кейбір жобалар ТМД-ның басқа елдерінен келгенін атап өтуге болады. Бұл жобаларда, кем дегенде, қазақстандық мазмұн жоқ. Сондай-ақ, біздің ойымызша, жеңімпаздар қатысуға және төлемге емес, нақты білімді растаған жағдайда диплом алуға тиіс» деп жазған.

Ал «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің өкілі Аят Мәдібекұлы Азаттыққа арнайы хабарласып, «байқауға қатысу жарнасы оның деңгейіне байланысты екенін, өздеріндегі ғылыми жобаның жетекшілері тек ғылыми атағы бар ғалымдар екенін» айтты. Оның айтуынша, мемлекеттен бірде-бір тиын алмайтын ұйым үш қабатты ғимаратты ұстау мен қызметкерлердің жүріп-тұру шығындарын өтеу үшін де қатысу жарнасын еріксіз көтереді.

Қазақстанда дарынды балаларды мемлекеттік деңгейде қолдау жұмыстарын үйлестіруді білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруы тиіс. Бірақ білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа жолдаған жауабында «Бейбітшілік әлемі», «Эрудит» «KIO», «NIO.KZ» сияқты ақылы байқау өткізетін ұйымдардың білім және ғылым министрлігімен ешқандай байланысы жоқ екені жазылған. Яғни, бұл ұйымдар өткізген олимпиадалардағы оқушының жетістігін білім және ғылым министрлігі мойындамайды.

«Дарын» орталығының директоры іссапарда жүргендіктен тілдесу мүмкін болмады. Алайда өзін сол орталықтың «Талғар ауданы бойынша өкілі, есімім Алмагүл» деп таныстырған қызметкердің айтуынша, білім және ғылым министрлігіне қарасты олимпиадалардың басым бөлігі тегін өтеді.

Министрліктің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында «Дарын» ұйымдастыратын ақылы түрдегі республикалық және халықаралық сайыстардың тізіміне «Ақ бота», «Золотое руно», «Адам және табиғат», «Британдық бульдог» және «Кенгуру» олимпиадалары енген. Бұл сайыстардың қатысу жарнасы 350-500 теңге аралығында белгіленген.

Azattyq