«Ақтық демі шыққанша адал болды»: Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірлік жары Гүлбаһрам туралы не білеміз

0

15 сәуірде елімізде махаббат күні атап өтіледі. Күнтізбеде қызылмен белгіленбесе де, атаулы датаны мерекеге айналдыратын жастар көп. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ қазақ әдебиетінің «классигі» Сәкен Сейфуллинге жар атанып, шаңырағының түтінін түтеткен, өмірлік махаббатына айналған Гүлбаһрам Батырбекқызы туралы деректерді назарларыңызға ұсынады.

Аяулы жар

Қазақтың аяулы перзенті, ақын әрі әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллинге өмір бойы адал боп өткен жан – Гүлбаһрам. Ол өз заманындағы көзі ашық қыздардың қатарынан болған. Қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы журналист Нәзипа Құлжанованың ықпалымен партия кеңес мектебіне оқуға түседі. Гүлбаһрам ақын Қайып Айнабековтің немере қарындасы болып келеді. Бірде Қайып Сәкен арқылы қарындасына сәлемдеме беріп жіберген. Сол сәтте Гүлбаһрамды көрген классик жазушы оған ғашық болып, екеуі 1926 жылдың желтоқсанында отау құрады. Бұл жазушының екінші некесі еді. Жазушының жары туралы қызықты деректер «Астана ақшамы» газетінде жарияланған.

Қайғылы жағдай

Сәкен мен Гүлбаһрамның Лаура және Аян есімді екі баласы болған. Өкінішке қарай, екеуі де сәби күнінде өмірден өтеді. Әсіресе, Аянның өлімі ана жүрегіне ауыр соғады. Өйткені, 1937 жылы Сәкен Сейфуллин «Халық жауы» ретінде ұсталып, Гүлбаһрамды НКВД жендеттері Ақмолаға қоныс аудартады. Жол бойы баланың қызуы көтеріліп, іші өтіп, анасы діттеген жеріне жеткенше сәби көз жұмады. Күйеуі қамалып, онсыз да қайғырып жүрген Гүлбаһрам пойыздан баласының өлі денесін құшақтап түседі. Ұлдары Аянның атын Мұхтар Әуезов қойған, ал қыздары Лаура Қызылорда қаласында ауырып, шетінеп кеткен.

Сәкеннің мұрасын сақтаған

Гүлбаһрам Батырбекқызы асыл жарының шығармашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан жан. Ол Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің, «Тұрмыс толқынында» өлеңдер жинағының қолжазбасын дайындап, баспаға өткізуге көмектеседі. Сондай-ақ өмірінің соңына дейін Сәкеннің ақталып шығуына бар күшін салады. Мәскеуге толассыз хат жазып, асыл жарынан «Халық жауы» атағын алып тастау үшін үлкен еңбек атқарды. Гүлбаһрамның үздіксіз еңбегінің арқасында 1957 жылдың 30 наурызында Сәкен Сейфуллин толық ақталды. Сәкен мен Гүлбаһрамның соңғы кездесуін 1938 жылдың 8 ақпанында өтті. Сол кездесуде жендеттер орысша сөйлесуді талап еткен соң, екеуі көп тілдесе де алмаған.

Соңғы жүздесу

«Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой…Тіпті, ештеңе де дұрыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың?» — деп жазылған С.Сейфуллин мұражайының қызметкері «Астана ақшамы» газетіне жариялаған материалда. Гүлбаһрам Батырбекқызы Сәкенге қатысты барлық дүниелер мен деректерді жинақтап, еліміздегі мұражайларға табыстаған. Ол 1973 жылы өмірден өтті.

Автор: Көркем Әли