Ақтүтек боранда жол көрсеткен полицей былтыр 15 адамды өрттен құтқарған

0

Өткен аптада ақтүтек боранда адасқан көліктерге жол көрсетіп, екі шақырым жүгірген Амантай Байжанов осы әрекетінің арқасында елдің ықыласына бөленген еді. Алайда тәртіп сақшасының жасаған жақсылығы бұнымен шектелмейді. Ол өткен жылы әріптесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарған деп хабарлайды «Хабар 24«.

Амантай Байжанов қызметте адал. Өз міндетін мүлтіксіз орындайды. Көмек сұрағандарды ешқашан бейжай қалдырған емес. Осындай кеңпейілділігі арқасында талай адамды қиын жағдайдан құтқарған. Былтыр әріптесімен бірге 15 адамды өрттен аман алып шығыпты. Ал жақында жедел шешім қабылдап, оннан астам көліктің алдына түсіп, екі шақырымдай жаяу жүгірген. Сөйтіп көліктердің абайсызда жолдан шығып, тосын жағдайға ұрынбай қала ішіне кіруіне себепші болды. Екі шақырым жолды бағындырған лейтенанттың видеосы желіде лезде тарап, көпшілік оған жылы лебіздерін жазды. Полицей сол ауысымнан танымал боп оралса да, өзінің іс-әрекетін ерлікке баламайды.

«Видео әлеуметтік желіде тез арада тарап кетеді деп ойламаппын. Барлығы мені қаһарман деп жатыр. Менің орнымда басқа біреу болғанда, ол да дәл сондай шешім қабылдар еді», — дейді полиция басқармасы патрульдік полиция лейтенанты Амантай Байжанов. Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ербол Абдеевтің сөзінше, полицейлердің жұмыс кестесі қиын.

Күніне 12 сағат жұмыс істейді. «Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерін іс-қимылдарын бағалайтын басшылар емес, тек қана халық. Халықтың көңілінен шықсақ – біздің басты мақсатымыз. Жұмыс кестесі өте қиын. Таңертеңгі сегізден кешкі сегізге дейін. 12 сағаттық жұмыс. Ол өте қиын. Бізге келген азаматтар қиын екендігін түсінеді», — дейді Ербол Абдеев.

Боран кезінде ерлік танытқан полицейлер министрліктен алғысқа ұсынылған. Ал Амантайдың жұбайы Гүлнәрдың айтуынша, тәртіп сақшысының жары болу қиын.

«Полицейдің әйелі болу өте қиын. Өйткені біз оны көрмейміз. Үнемі жұмыста. Біз балам екеуіміз үнемі үйдеміз. Достарымыз бен ата-аналарымызға мерекеде бара алмаймыз. Оған өзім хабарласып жағдайын сұрап отырамын. Бізді ұмытпа деп жиі айтамын», — дейді ол.