Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоты Райымқұлованы мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындады. Тоқаевтың жарлығы 17 маусымда Ақорда сайтында жарияланды.
Бұл күні мәжілістің мәдени-әлеуметтік даму комитеті 55 жастағы Райымқұлованы мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындауға келісім берген.
Ал осы министрлікті басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен босатылды.
Райымқұлова Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны «композиция және фортепиано» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016 жылдың қыркүйегінен бері мәдениет және спорт министрінің орынбасары болған.