Ақтөбеліктер Тұңғыш Президент күнін мерекелеуде

0

Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның қоғам қайраткерлері мен журналистер, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам, партия, кәсіпорындар, мекеме өкілдері және т.б. қатысты.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде Қазақстанның барлық жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Құрметті қонақтар, құрметті жерлестер! 27 жыл бұрын қазақстандықтар алғаш рет тұңғыш Президенттерін сайлады. Осы 27 жылдың ішінде біз көптеген қиындықтарды, дағдарысты бастан өткеріп, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық, экономикалық дамуда теңдессіз ұмтылыс жасап, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ендік, азаматтардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз еттік. Бүгінде біздің ел дүние жүзіне танымал, халықаралық аренада беделді, ең бастысы – көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік, бірлік пен келісім бар. Осының бәрі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген ішкі және сыртқы саясатының, үздіксіз еңбегінің, беделінің арқасы»,-деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.

«Біз, ақтөбеліктер Президент саясатын әрқашан қолдаймыз, оның тапсырмаларын орындаймыз. Оған мемлекет басшысының біздің облысқа жуырда жасаған жұмыс сапарында ақтөбеліктерге берген жоғары бағасы дәлел. Біз әрқашан бір болуымыз керек, егер әрқайсысымыз ел болашағына өз үлесімізді қосатын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен одан да зор табысқа жететін боламыз. Барлығыңызды осы үлкен мерекемен құттықтаймын. Әрқайсысыңызға мықты денсаулық, үйлеріңізге амандық тілеймін, елімізде бейбітшілік пен келісім болсын, Президентіміз басқарып отырған гүлденген Қазақстанымыздың мемлекеттік туы мақтанышпен желбіресін»,-деп жалғастырды облыс әкімі.

Шара кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына жылы лебіздер мен сүйіуті әндер айтылды.

Бұдан басқа, «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңінің жеңімпаздары атанған облыс меценаттары марапатталды. Олардың барлығы да өңір халқына көмек көрсетіп, осында ірі қайырымдылық жобаларын жүзеге асырған. Осылайша, білім, мәдениет және әлеуметтік салаларды дамытуға үлес қосып, өмірде қиындыққа тап болған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсеткені үшін Талғат Салфиков «Жыл меценаты» атанды. «Жыл адамы» аталымына Әйтеке би ауданының Қарабұлақ ауылында бірқатар спорттық және әлеуметтік нысандар салған және жөндеу жүргізген Қайрат Қойлыбаев ие болды. Жетім балаларға және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетіп, инклюзивті ортаны құруға үлес қосқаны үшін «Қазақстанның халық банкі» АҚ облыстық филиалы «Үздік жыл мекемесі» атанды. Бұдан өзге, еріктілер қозғалысын, білім саласын, туған жерін, қайырымдылық мәдениеті мен меценаттықты дамытуға қосқан үлесі үшін Еділ Аймағамбетов, Жансен Кереев, Бауыржан Қондыбаев, Тимур Әминов, Қаржаубай Әлиқұлов және Асхат Қабиев «Жомарт жүрек» жобасының түрлі аталымдарының лауреаттары атанды.

Облыстың барлық елді мекендерінде Тұңғыш Президент күніне арналған 700 мәдени-бұқаралық, спорттық мерекелік шаралар өтіп жатыр, соның жетпісі ауқымды деңгейде.