Ақтөбелік жігіт 23 жылдан кейін өзін перзентханада тастап кеткен анасын іздеп тапты — Бір үзік

0

Ақтөбелік жігіт 23 жылдан кейін өзін перзентханада тастап кеткен анасын іздеп тапты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Еуразия Бірінші арнасына» сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, қаншама жыл күткен кездесуден соң оның көңілі су сепкендей басылған. Осы оқиғадан кейін ол бәрінен көңілі қалғанын айтады. 

Артурдан анасы жөргекте жатқан кезінде-ақ бас тартыпты. Ол кезде анасы 16 жаста болған екен. Туған ұлын перзентханаға тастап кетуіне ата-анасының сәбиді қабылдамайтыны себеп болған. Мұны Артур кейін білген. Өзінің асыранды бала екенін бағып-қаққан ата-анасының аузынан емес, алыс ағайындарынан естігеніне қынжылады. Артурдың айтуынша, осы жағдайдан кейін ол анасын іздей бастаған.

«Туған күнімді білдім ғой. Сосын «Одноклассники» сайты бар, сонда іздедім. Сол кезде анам 16 жаста болған екен. Құжаттарым болды қолымда, солай таптым», — дейді ақтөбелік Артур.

Артурдың айтуынша, бастапқыда туған шешесі оны өзінің ұлы екенін мойындай қоймапты. Артынша суреттерін жіберіп, айнымай тұрғанын көргеннен кейін болған жағдайды баяндап берген. Бүгінде анасының өз отбасы, балалары бар екен. Артур біраз уақыт анасымен хабарласып тұрған. Алайда бұл байланыс ұзаққа созылмапты.

«Көңілімнен шықты. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Сөйлесіп телефонмен. Бірақ, постоянно бір жаққа тартыла берсең, уже желаниең болмайды ғой. Постоянно звондағанда: «Неге хабарласпайсың, неге келмейсің?» дейді. Айтатын сөзі осы. Неге мен тартыла берем, мен келмесем, мені іздемейтін еді. Әрбір адам білу керек ата-анасын, ол- парызы деп ойлаймын, но күтпеу керек екен туған баласындай көретініне»,  — дейді Артур.

Артурдың анасын іздеп, өткенін білгісі келген қадамын психолог дұрыс деп санайды.

«Адам өзінің реніштерін бойына жинай берсе.. Мысалы, көз алдыңызға елестетіңіз, дәу сөмкені арқалап алды деп ойлаңыз. Оның ішіне шиыршық тастан бастап жинап алды. Ол үлкен реніш пе, кішкентай реніш пе? Кішкентайдан жиналғаннан үлкен ауыртпалығы болады. Сіз соны дайынсыз ба, көтеріп жүруге? Сол сұрақты өзіңізге қойыңыз. Бұл жерде кейіпкеріміз анасын кешіруі қажет. Себебі, кешірім арқылы ол өзінің өмірін жеңілдетеді және өзінің алдағы қойған мақсаттарына жетуге үлкен әсерін береді», — дейді психолог Арайлым Тоқсанбаева.

Телеарнадағылардың айтуынша, дегенмен де Артур анасын іздегеніне өкінбейді. 

«Бұл — әрбір баланың парызыАдам түн ұйқысын төрт бөліп өзін кішкентайынан бағып-қағып өсірген адамдардың қадірін білуі керек. Ал өз туғандарыңды тапқаныңмен, олар құшақ жая қарсы алып, балам деп бауырына баса кетеді деп көп үміттенудің қажеті жоқ», — дейді ақтөбелік жігіт.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz