Ақтөбелік жасотандықтар жалғызбасты қарияларды қамқорлыққа алған
Ақтөбе облысында бөгде адамның көмегіне зәру және ерекше көңіл бөлуді қажет ететін 42 зейнеткер бар. Айта кетерлігі, олардың барлығы жасотандықтардың — белсенді өмірлік ұстанымы бар, кең пейілді жас тұрғындардың тұрақты қамқорлығында.
Бүгін балалар Самал Селбаева, Зоя Бойко және Анастасия Прихноға азық-түлік қорын әкелді және үздіксіз жауған қардан ауласын тазартты.
Самал Селбаева енді 70 жасқа толады. Ол 40 жыл медицина саласында еңбек еткен. Қазір жалғыз, 3 баласы басқа қалаларда тұрады және жұмыс жасайды. Сондықтан ол бөгде адамның көмегіне мұқтаж.
— Үйім ылдида орналасқан. Еріген қар суы жиналмас үшін ауланың ішін қардан жиі тазартып тұру қажет. Бұл жұмысқа үнемі жасотандықтар көмек көрсетіп келеді. Мені ешқашан ұмытпайды. Ал Тоқтар маған өзімнің баламдай болып кетті, — деді ол.
Зоя Даниловна да білім саласында 40 жыл жұмыс істеген. Ол қаланың ескі бөлігінде жалғыз тұрады. Жасотандықтар оның үйіне де жиі барады. Апта сайын жүгіріп келіп, үйін жинауға көмектеседі, азық-түлік әкеліп береді. Жұмыстан кейін міндетті түрде үй иесімен шай ішуді ұмытпайды. Әрине, мәселе шәй ішуде емес, шәй ішу дәстүрінде, яғни қариялармен шүйіркелесіп, көңіл аудару бәрінен де маңызды.
— Ата-анам бізді әдепті, үлкенді сыйлап, кішіге үлгі болуға тәрбиелеп келеді. Менің де 70-тен асқан ата-әжем бар. Сондықтан қарияларға көмек көрсету туралы ұсыныс жасағанда бірден келісіп, достарымызбен бірге еріктілер тобын құрдық. Біз қамқорлығымыздағы ата-әжелерімізге ауа-райы мен жұмысымызға қарамастан апта сайын барамыз. Бармай қалу оларға ауыр тиеді, ал бұл дұрыс емес. Аға буынға қамқорлық жасау – парасатты парызымыз, — деді «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Медет Әбенов.