Ақтөбелік такси жүргізушілер жолаушының 1 миллион теңгесін қайтарып берді
Жастар ешкімге ақша оңайлықпен келмейтінін әрі заңға бағыну, адамгершілік азамат парызы деп біледі.
Ақтөбе қаласының екі тұрғыны бүгін полиция департаменті бастығының қабылдауында болды. Такси жүргізушілері клиенттің 1,1 миллион теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды aktobenews.kz
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Махамбет Абисатов Ақтөбе қаласының екі тұрғынына алғыс хат берді. Жұмадан сенбіге қараған түні олар 1,1 миллион теңге тауып алып, оны полицияға тапсырды.
«10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні Аслан Наби және оның танысы Дарын Ембергенов жеке тасымалдаумен айналысып жүріп, ер адамды үйіне дейін жеткізіп салады. Біраз уақыт өткен соң артқы орындықтан қомақты қаржы тауып алды. Жеке тасымалдаушылар көп ойланбастан құқық қорғау орындарына жүгінуді ұйғарып, №3 Алматы ауданы полиция бөліміне барып, полицейлерге клиенттердің бірі ақшаны қалдырып кеткендігі туралы хабар береді. Көп ұзамай полицияға ер адам хабарласып, таксиде 1 миллион 100 мың теңгесін қалдырып кеткендігі туралы хабарлайды. Аслан мен Дарын ақшаны полицияға жеткізгенін ерлік деп санамайды. Жастар ешкімге ақша оңайлықпен келмейтінін әрі заңға бағыну, адамгершілік азамат парызы деп біледі», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/