Ақтөбелік саудагерлер көтеріліске шықпақшы — Қазақстан жаңалықтары

0

Карантин басталған екі айдан бері табыссыз қалған халық, аштан өлудің алдында тұр. Осылай деген ақтөбелік саудагерлер жергілікті билік енді базарды ашпаса көтеріліске шығамыз деп отыр. Сондықтан қазір сатушылар қақпасы жабық базардың сыртынан өздері жабайы базар ашып алып, тауарларын көшеде сатуға көшіпті. Ал тазалық мамандары болса мұндай базар санитарлық талаптарға сай емес деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31 арнаға» сілтеме жасап.

«Олардың тамағы тоқ, ақшасы жүріп жатыр уақытында. Мына қара халықты, бізді кім ойлайды?», — дейді ашынған ақтөбелік саудагер.

Бұл екі айдан бері үйлерінде табыссыз отырған саудагерлердің жанайқайы. Сөздерінше, жергілікті билік қаладағы сауда орындарын ашпай, қара халықты аштан өлтірейін деп отыр. Күнделікті табыстарын саудадан көріп отырмыз дегендер, шығынға әбден баттық дейді. 

«Бәрін төлеу керек, коммуналдық қызметтер бар. Не қыламыз енді? Шығамыз көтеріліске, өлтірсе де, соттаса да шығамыз. 42500 теңге неге жетеді? Кредитіміз бар мойынымызда», — деп мұңын айтты саудагер.

«Базарды ашсын, халыққа жұмыс берсін. Масқара ғой мынау, тозып кетті адамдар. Күн көру керек қой, неге халықты ойламайды? Акиматта отырып алып, полицияны жібереді. Коронавирус өтірік, жоқ ол!», — деп қосты келесі саудагер.

Алайда орталық сауда орынының басшылығы базардың қашан ашылатынын өздері де білмейді екен. Сөздерінше, тазалық мамандарының айтқан барлық талабын орындап отыр, алайда әзірге рұқсат жоқ дейді. 

«Қашан ашылатынын өзімізде білмейміз. Себебі санитарлық дәрігердің бұйрығы бар, соған байланысты төртінші этапта тұрмыз әзірге. Неге ашылмаймыз, қашан ашыламыз деген сұраныс бар. Сауда істеу керек, әр адамның басында кредиттері бар», — дейді Ақтөбе орталық базары басшысының орынбасары Бақытжан Болатбаев.

Ал, тазалық мамандары болса, қаладағы ірі сауда орындары мен базарлардың ашылмауы өңірдегі коронавирус індетіне шалдыққандардың санының азаймауынан дейді. Айтуларынша, адам қарасы көп жиналатын мұндай орындардың жұмыс жасауына тек қауіпті инфекцияның тіркелуі 7 пайыздан төмендегенде ғана рұқсат беріледі. Ал базар аңындағы көше саудасын тоқтату жергілікті әкімдіктің құзырында екен. Бұл туралы жергілікті билікке бірнеше рет хатта жолдапты. 

stan.kz