Ақтөбелік мұнайшылар бас көтерді
Елуден аса жұмысшы мұнай компаниясын сотқа берді
НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Ақтөбеде елуден аса мұнайшы «Сағыз Петролиум» компаниясын сотқа берді. Олар бұл мекемеден жиырма пайыздық үстеме ақыларын талап етіп отыр.
Өйткені алты жыл бұрын бекітілген ұжымдық келісімшарт бойынша айлықтарына экологиялық ахуалға қатысты қосымша ақша төленуі керек. Бірақ сол уақыттан бері бір тиын да өтемеген, деп хабарлады КТК.
Сотқа арызданған елуден аса мұнайшының процеске түгел қатысуға мүмкіндігі жоқ. Жиналып, бір қорғаушының көмегіне жүгініпті. Вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар демалысқа шыққанда кезектесіп, сот отырысына қатысуға келіскен. Олар «Сағыз Петролиум» компаниясынан 20 пайыздық экологиялық үстеме ақыны талап етіп отыр.
«Кен орны экологиялық аймақта орналасқандықтан, бізге 20 процент төленуі керек. Соны төлемей отыр. Экологиялық зардабы тиіп жатыр. Күкіртті сутегі бар, шулы жерде жұмыс істейміз», — деп шағымданды мұнайшы Аймұрат Төремұратов.
Мұнайшылар экологиялық үстемақыға қатысты ұжымдық шарттың алты жыл бұрын бекітілгенін айтады. Сол уақыттан бері әрбір жұмысшыға берешегі үш миллионға жеткен.
«Сотқа шағымданған жұмысшыларға компанияның қарызы ең төмен дегенде миллионнан басталады. Үш миллион мен үш жарым миллион арасында», — дейді мұнайшы Рүстем Бақытжанов.
Ал бұл дауға қатысты «Сағыз Петролуим» компаниясының басшылары пікір білдіруге құлықсыз.
«Сағыз Петролиум» компаниясының заңгері де үстеме ақыға қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты. Мұнайшылардан бір білгеніміз – жұмыс берушілері олардың сыртынан алты жылда екі рет ұжымдық шартқа өзгеріс енгізген көрінеді. Екеуі де осы дауға айналған экологиялық ақыға қатысты болып тұр.
sputniknews.kz