Ақтөбелік дәрігерлер жұмыстан кетуге мәжбүр: Ресейден дәрі алдырады, моргке адам сыймай жатыр
Дәрі-дәрмек, медициналық құрал жабдық пен қорғаныш киімдерінің тапшылығы дәрігерлерді де қажытқан сыңайлы, деп хабарлайды «Хабар 24»
Қазір ақ халаттылардың ең көп шағым айтатыны осы мәселе. Тіпті, бірен-сараны түйткілді әлеуметтік желіде жариялағаны үшін онсыз да маман жетіспей жатқан шақта жұмысынан қуылыпты. Осындай арызы бар, бірақ атын атамауды сұраған дәрігерлердің бірсыпырасымен тілшіміз тілдесті.
Ақтөбеде дәріханаларда дәрі жоқ. Жұрт Ресейден тапсырыспен алдырып жатыр. «Моргке адам сыймай жатыр» деп хабарласушылар көп. Бір үйден бірнеше адам өліп жатыр. Дәрігерлер жетіспейді.
Иә, бүгінде әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, дәрі іздеуші немесе медицина қызметкерлеріне шағым айтып жатқан жазбаны жиі кездеседі. Жағымсыз пікір теқ халықты емес сол салада қызмет істейтін ақ халаттылардың да жүйкесін жұқартқан. Себебі оларға да жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалмайды. Сондықтан амалсыз ауысымға шығудан бас тартып жатқандар бар. Осындай жағдай Қостанайда орын алды. Себебі медициналық қорғаныс заттарының талапқа сай емес. Дәрігерлердің айтуынша, оларға бұрын қолданылған ескі қорғаныш костюмдерін берген. Тіпті, кейбіреуі скотчпен жабыстырылған. Мынау дәлел ретінде дәрігерлердің жіберген бейнематериалы. Онда «Таза аймақ» саналатын кабиеттің ішінде медициналық костюмдер шкафта емес, еденде жатқаны көрсетілген. «Міне, осындай жағдайларға байланысты өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігін ойлап жұмыс орнымызды тастап кетуге мәжбүр болдық», –дейді олар.
Толқынжан Ғафуров, жалпы практикалық дәрігер:
– Сол жақтан бізге дәрігерлер жетіспей жатыр шақырды. Біз бардық. Сол 2-3 күн кезекшілік өтті. Бізге киім, бәрін берді. Кеше барсақ, киім жоқ. Біз білмейміз ғой жұқтырып алуымыз мүмкін. Біз кетпейміз дедік, бізге таза киім берсін дедік. Одан кейін жоғары жақтан хабар болған жоқ. Одан кейін біз жұмыс істемейміз, кетеміз дедік.
Ал мына фотосуреттерді қарағандылық ақ халаттылар жіберді. Мұндағы жағдай да Қостанаймен шамалас. Провизорлық орталықта дәрігерлердың өзінен басқа ештеңе жоқ деуге болады. Жағдайды жеткізген ақ халаттылар аты жөнін атамауды өтінді.
Ал денсаулық сақтау министрлігіндегілер дәрігер тапшылығын медициналық оқу орындарының студенттерін жұмысқа тарту арқылы шешпек. Ал дәріханаларда парацетамол тапшылығы кезінде құрамы ұқсас 33 баламалы медикамент ұсынылады. Препараттардың бағасы туралы министрліктің сайтында толық ақпарат бар. Ал кезек күтуге мүмкіндігі жоқ науқастар учаскелік дәрігерімен қашықтан, онлайн хабарласа алады.